САЛДЫРЛАҒАН ЕР СӘКЕҢ

 

     Алпыс жасқа толғалы отырған Совет Келдібаевтың өмір белестерін, адамгершілігі мен дархандығын, көпке істеген жақсылығы мен бойына біткен жайсаңдығын жазып тауыса алмаспын. Ақкөл ауылдық округіндегі Миялы ауылында шыр етіп дүние есігін ашқан оның балалық шағы мен бозбала кезі Төртүй ауылында өткен. Осындағы Екібастұз орта мектебін тәмамдаған соң Павлодар индустриялдық институтының инженер-құрылысшы факультетіне оқуға түседі. 1973 жылдың жазында жас маман Екібастұз жылу-электр орталығында жаңа қазандықтарды салуға қатысып, еңбек жолын бастайды. Еңбексүйгіштігімен көзге шалынған жас жігіттің айы оңынан туып, қараша айында «Иртышуглестрой» тресі комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. Жастар жетекшісіне таңдау жасалғанда сол уақытта Екібастұз қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып қызмет істейтін Қажымұрат Нағымановтың назарына ілігеді. Жай ғана назарына ілікпей, араларында қыл өтпес достық өрбіп, ағалық қамқорлығына бөленеді. 1976 жылы Совет әскер қатарына шақырылғанда, шығарып салушылар арасында Қажымұрат Нағыманов та болып, ақжол тілеген-ді. Екеуінің қарым-қатынасы содан бері үзілген емес. Қажымұрат аға - бағыт-бағдар берген, өмірдің күнгейі мен көлеңкесінде қасынан табылатын жанашыр ағасы әрі досы.
     Айтпақшы, әскерге кетер алдында Совет ағамыз отбасын құрып үлгерген-ді. Өлеңті ауылындағы әкесі Сәбиден мен шешесі Сағиланың қолына Нәйләні келін етіп түсірген. Сүйген жары Нәйләмен танысуы да қызық. Институтта оқып жүргенінде Төртүй ауылында бірге өскен досы Ержан Алиакбаровтан хат алды. Қарағандыдан жолданған хатта «Совет, өмірлік жар керек болса, келіп Нәйләмен таныс» деп жазылыпты. Барды, көрді, ұнады. Үш жыл бойы Павлодар мен Қарағандының арасын жол қылды. Қалтасы жұқа студент жігіт жол қаражатын табуы үшін вагон-вагон жүк түсіруші еді. Осылайша, қолына қондырған құсы өзімен әскерге бірге аттанды. Пермь өлкесінің Березники қаласын екі жыл мекен еткенде қызы Гүлжан жарық дүние көрді. Жас күнінен құрылысшы болуды армандаған, туабітті құрылысшы Совет ағамыз әскерде де сүйікті ісімен шұғылданып, өңіріне «Әскери құрылыс үздігі» белгісін қадады.
     Екібастұзға оралған соң да осы салада тапжылмастан еңбек етіп, жалпақ жұртқа білікті құрылысшы, іскер басшы болып танылып, қаланың көркеюіне, өңір экономикасының дамуына зор үлесін қосты. Төрткүл дүниеге танымал МАЭС-1 стансасы құрылысын іске қосушылар қатарында жүріп, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, ауруханалар бой көтергенде қолтаңбасын қалдырды. Осы жолда қаншама күш-қайрат жұмсалып, мазасыз күндер мен түндер өткерілді.
     Кеңес дәуірінде дүние қат еді ғой. Бастықтарға сол уақытта қара тон мен ондатр құлақшын беріледі екен. Совет ағамыз су жаңа біркиерін киіп қонаққа барады баяғы. Қонақта отырғанында пайдалануға берілетін үйдің жертөлесінде апат орын алды деген хабар жетеді. Апыл-ғұпыл жиналған ағамыз сол қалпында жетіп, әлгі жертөлеге қойып кетеді. Апатты ауыздықтап, қонаққа оралған ағамыздың сықпытын көргенде Нәйлә жеңгеміз шоқ басқандай болады. Қара тон мен ондатр құлақшын сауыс-сауыс... Сырбаздығы жоқ, кірпияздықтан ада ағамыздың дүниеге қызықпағанын, жылтыраққа әуес болмағанын көрсететін штрих көп... «Тұтынушылар одағының бір дүкенінде арзандатылған бағамен туарлар сатылушы еді. Сол дүкеннен он сомға керемет күздік пальто сатып алып киіп жүрдім» деді ағамыз бірде жол үстіндегі әңгімесінде. Білдей бір құрылыс мекемесінің әлде мастері, әлде бастығы кезі екен. Естіп отырып: «Аға, Ержан досыңыз сауда саласында дөй бастық болды емес пе. Дефициттен құр қол қалмаған шығарсыз» дегенімде ол «дүниеге дәніккен емеспін» деп қайырды. Имандай шыны екеніне қапысыз иландым. Жекешелендіру жаппай жүріп, билік басындағылардың көбі майлы жілік ұстап шыға келген заманда Совет ағамыз банкротқа ұшыраған екі үлкен кәсіпорында «ликвидатор» болыпты. Бәз біреу үшін таптырмас мүмкіндік. Тек жаны таза Совет аға бүлінгеннен бүлдіргі алатын адам емес. Қырық жыл басшы болып келе жатқан азаматтың не өзінде, не балаларында бизнесі жоқ. Ақын Жұмекен Нәжімеденов «Байлық деген немене, сараңдық па деп қалам, Ашқан қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған» депті ғой. Қолындағы барын бөлісуге даяр тұратын мәрт ағамыз - байлық емес, дос жиған кісі. Сонау аумалы-төкпелі жылдары құрылыс саласы ешкімге керек болмай, білгір маман іс басынан шеттеп, үйде отырып қала жаздағанында да сол қамқоршы достарының шапағаты тиді. Ол азаматтар Совет Келдібаевтың іскерлігіне, жүктелген міндетіне жанын сала кірісетініне, сүйек сындырып, атын шығармасына сенді.
     2003 жылы ол «Екібастұз теміржолжылу» ЖШС-нің тізгінін ұстап, бейтаныстау сала жұмысына араласты. Ол басшы болып келген тұста бұл кәсіпорынның тасы өрге домалап тұрмаған. Сәкең жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп ұжым іргесін нығайтты, мамандардың белсенділігін арттырды, жұмыскердің алаңсыз еңбектенуі үшін жағдай туғызды. Бірер жылдың ішінде кәсіпорын қуаты артып, қызметін тұтынушы теміржол кәсіпорындары бағалайтын халге жетті. 2006 жылы Астанадағы «Теміржол жылу» АҚ президенті қызметіне елге танымал азамат Қуат Есімханов келді. Көпті көрген, көңіліне түйген азаматтың ұйымдастырушылық қабілеті арқасында бұл құрылымның асығы алшысынан түсе бастады. Жоғарыдан мүмкіншілік жасалған соң, ел ішіндегі кәсіпорындар жұмысы да алға ілгеріледі. Әсіресе, Совет Келдібаев басқарып отырған «Екібастұз теміржолжылу» ЖШС-нің аты өзгелерден озық болды. 2006-2009 жылдар аралығында бұл кәсіпорын акционерлік қоғамға қарайтын кәсіпорындар арасында жарыс жеңімпазы атанып, сый-құрметке бөленді. Бүгінгі күні 80 адамның басын біріктіріп отырған кәсіпорын теміржол бойындағы 7 қазандық пен қашықтығы 9 км. жылу трассасын күтімінде ұстап келеді. Бір шеті Ақмола облысындағы Алтынтау стансасы, екінші шеті Шығыс Қазақстандағы Шемонаиха стансасы аралығында теміржолшыларға жылу беру міндеті жүктелген. Сақылдаған сары аязда тоңып-жаурамайтын теміржолшылар алғысымен көгеріп отырған Сәкеңнің беделі мен абыройы әріптестері ішінде жоғары.
«Отарқа» газетінің жүлдесі үшін қалада жыл сайын екі рет тоғызқұмалақтан турнир өткізіледі. Ал былтыр көктемде Екібастұзда спорттың осы түрінен республика біріншілігі өткізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ұл-қыздарға сый-сияпат көрсетуге қосымша қаражат іздестірдік. Мұндайда мәрттігінен таймайтын Совет ағамыз қаладағы теміржол кәсіпорындары басшыларына ұйытқы болып, олар өз қалталарынан ақша шығарды. Өңірдегі жалғыз қазақ басылымына жазылуды ұйымдастыруда да абзал азаматтың көмегі тиіп жүр. «Жақсының жақсылығын айт» демекші, Сәкең ұлт мүддесі, имани тәрбие таразыланған істердің де басы-қасынан үнемі табылып жатады. Екібастұз қаласында алғаш рет бала мешіт салынған тұста да маман ретінде ол имандылық үйінің құрылысына үлес қосса, бүгінгі күні Байет ауылында салынып жатқан мешіт құрылысына да жәрдем қолын созуда. Қазақтың өнер саңлақтарын мәңгілік есте қалдыру шараларын ұйымдастырып жүрген ұлтжанды азамат Қуат Есімхановтың ойға алған істерін жүзеге асыруда да Совет ағамыз үзеңгілес серігі болып, жұрттың алғысын алып жүр. Былтыр Қаражар ауылында Естай ақынға орнатылған белгітас авторларының бірі де - осы ағамыз.
     Қазақ «ер алғыспен көгерер» деп бекер айтпаса керек. Сәкең мен Нәйлә жеңгеміз балаларын ер жеткізіп, немерелерін қызықтап отырса, ол да Алланың бергені, адамдардың ақ тілектерінің Жаратушының құлағына жеткені болар. Төтеннен келген пәле-жаладан аман алып қалатын да көптің осындай ықыласы шығар. Алпыс жасқа жеткенінше Совет ағамыз небір қиын-қыстауды да басынан өткеріпті. Айтысына қарағанда он реттен аса оташының пышағына іліккен. Сонау 1979 жылы МАЭС-1 стансасын пайдалануға беру алдындағы қарбалас күндердің бірінде жол апатына түседі. Қызмет көлігі «ЛАЗ» автобусымен қақтығысып, авария кезінде жамбас сүйегі мен жағы сынып, 1 жыл бойы ауруханада емделіп, қатарға қосылады. Осыдан кейін де болған жол апаттарында «періштесі қаққан» ағамыз күндіз-түні жол үстінде жүру әдетінен айныған емес. Өйткені қызмет бабы солай.
      Адам туған жерімен байланыс үзілмеуінен де бойына қуат алады. Совет Келдібаевтың құрылысшылары әр жылдары Төртүй ауылында аурухана, дүкен салып, шаруашылықта мал азығы цехын іске қосты. Оның өскен жеріне, ондағы Екібастұз орта мектебіне ықыласы ерекше. Ол Екібастұз орта мектебінің алғашқы түлектерінің бірі екенін мақтаныш тұтады. Ағамыз сыныптастарының басын қосып білім ордасына тарту жасауды да ойластырып жүр. «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері, Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері, «Қазақстан теміржолы» ҰК Алғыс хатымен екі мәрте марапатталған Совет Келдібаев ағамыз, міне, ер көңілді, ерекше бітімді осындай жайсаң азамат.

Ж.ЖӘЛЕЛҰЛЫ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 30 31