Қасиет пен құт қатар қонған Павлодар өңірінде өнегелі істерімен, еселі еңбегімен, адамгершілік келбетімен ерекшеленетін атпал азаматтарымыз баршылық. Солардың бел ортасындағы Жұмабек Қамзин - елдің батасын алып жүрген ерлеріміздің бірі. Тарихи жәдігерлерді түгендеп, қазақтың рухы мен намысын бойына жинаған Жұмабек Жөкенұлы бүгінде елу жасқа келіп отыр. Мұндай белеске жеткенде оның адамгершілік қырын білетін, үлгілі істеріне дәйім сүйсініп, тілеулес болып жүрген ел ағаларының да бір серпіліп, іштегі жылы лебіздерін жеткізуге асығары сөзсіз.

Шын мәнінде, Жұмабек Қамзиннің елінің сенім артқан ұлы ретінде атқарып жүрген ісі де, танытып жүрген қайрат-күші де – жұрттың көз алдында. Бойына өзі пір тұтатын аталарының берген қасиеті деп топшыласаңыз да, артық кеткеніңіз емес. Оның ел үшін аянып қалмасын ауылдағы ағайындары комсомолдық қызметке кіріскен шағында-ақ байқаған. Ақтоғай ауданының қазіргі Қожамжар ауылынан түлеп ұшқан жігіттің көп ұзамай елінің қамын ойлап, бабадан қалған мұраны ұлықтайтын азамат боларына ақсақалдар сол кезде-ақ үміт еткен болар.
Бүгінде туған жерінде Жұмабек Жөкенұлын иманды азамат ретінде құрмет тұтады. Бұған негіз де жоқ емес. Тоқсаныншы жылдардың басында ол Ақтоғай ауданының орталығында Жандарбек қожа мешітінің, кейін осы ауданға қарасты өзінің кіндік қаны тамған Қожамжар ауылында Бекбау ата мешітінің құрылыстарына елеулі үлес қосады. Осы бір ұлылыққа толы шақты өзі ерекше толғаныспен еске алады.
- Бір жолы мешіттің құрылысына қаржы жетпей қалды. Демеуші табылмады. Соған қиналып жүрген күнде Жандарбек ата шақырып алды. «Анау алюминий зауытына жаңа басшы келген көрінеді. Жүзі жылы, жүрегінде иман ұйыған азамат болса керек. Соған барып көмек сұрасаң, бетіңді қайтара қоймас» деді. Қасиетті атаның айтқанымен Павлодар алюминий зауытының президенті Алмаз Ибрагимовтың алдына бардым. Мән-жайды айтып едім, бірден қол ұшын беруге дайын екенін білдірді, - дейді ол. Айтпақшы, 2006 жылы Жандарбек атаның 100 жылдық мерейтойын ел-жұрттың басын қосып өткізуге де бүгінде «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Алмаз Тұрдыметұлы Ибрагимовтың демеуші болғанын ұмыта қойғанымыз жоқ.
Соңғы жиырма жыл бойы Жұмабек Жөкенұлы имандылыққа баулитын шаралардан тыс қалып көрген емес. Таяуда облысымызға танымал Ерлан Арын, Әбілхақ Түгелбаев секілді ел ағаларымен бірлесіп Ақкөл-Жайылма жеріндегі Исабек Ишан ата бастаған аталарға арнап кесене тұрғызу ісіне араласып жатқаны мәлім болды. Қасиетті Ораза айында үзбей ауыз бекітіп, әрбір іргелі ісін Алланың атымен бастайтын Жұмабек Қамзиннің азаматтық келбетінің бір қыры ғана бұл.
Бүгінде еліміздің тұңғыш алюминий өндірісі болып саналатын электролиз зауытын салуға да Жұмабек Қамзиннің сіңірген еңбегі өлшеусіз десек, артық болмас. Бұған дейін қазақ жерінде мұндай өндіріс болмаған еді. Павлодар жерінде тек сазбалшық шикізаты ғана өндіріліп, оның өзі арзан бағамен басқа елдерге сатылатын. Елбасының бастамасы бойынша электролиз зауытының құрылысы басталғанда еліміздің талайдан аңсаған арманы орындалған еді. Сол кездері Жұмабек Жөкенұлының сан мәрте Қытай асып, елінің өнеркәсібі үшін заманауи технологияларды жеткізу үшін шеккен жолы мен төккен терінің аз болмағаны сөзсіз.
Бір жолы жұмыс бөлмесіне барғанымызда, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның президентінің орынбасары Ж.Қамзиннің үстелінен Қытайдағы қандастардың қолдан жасаған қазақы бұйымдарын көргеніміз бар-ды. Киізден басылып, әлемнің айбынды әміршісі Шыңғысханның бейнесі салынған ыдыс келген жанның көзіне бірден түседі. Бұл да болса, бүгінде мерейлі елу жасқа толып отырған кейіпкеріміздің қай қиырда жүрсе де жүрегінің елім-жерім деп соғатынын, үнемі сағынып жүретінін білдірсе керек.
Жұмабек Жөкенұлының өзінің қазағына үнемі бүйрегі бұрып тұратынын байқатқан тағы бір мысалды айта кетелік. Биыл электролиз зауытының ұжымы «Сарыарқа самалы» газетінің 500 данасына бір жыл мерзімге жазылды. Мойындай кететін бір жайт, ірі өнеркәсіпті орталық Павлодар қаласында ешқандай кәсіпорын бұған дейін осынша данаға жазылған емес еді. Бұл да болса, Ж.Қамзиннің зауыт жұмысшыларына қазақ тілінің бар байлығын бойына сіңіруге, мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі деп білеміз.
Айта кетерлігі, елінің көркеюі жолындағы еңбегі үшін Жұмабек Қамзин 2007 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Құрмет» орденін алды. Бүгінгі таңда облыстық мәслихаттың депутаты болып халқына пайдасын тигізіп жүрген азаматтың одан басқа алған марапаттары бір төбе.
Сөз соңында біз туған елінің жанашыры ретінде танылған Жұмабек Қамзиннің әлі де алар асуы алда екенін айтқымыз келеді. Отбасында жұбайымен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған мерейтой иесін халқы да ерекше мақтаныш етеді. Мерейтойыңыз құтты болсын!
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

