ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ-ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Жас ұрпақ тәрбиелеу жолында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп, өзгеге үлгі болып жүрген ұлағатты ұстаздар көп. Солардың бірі - Ақтоғай ауданына қарасты Қараоба орта мектебі физика пәнінің мұғалімі Әбенова Құралай Мұхтарқызы.
Бала кезінен қиыны мен қызығы көп ұстаздық жолды армандаған ол 1970 жылы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, Павлодар педагогикалық институтына оқуға түседі. Кейін жоғары білімді жас маман өзі түлеп ұшқан орта мектепке келіп, ауыл балаларын білім нәрімен сусындатады. Содан бері қырық жылға жуық уақыт бойы бір орында үздіксіз ұстаздық етіп келе жатқан Құралай Әбенованың әр ісі кейінгі буынға үлгі боларлықтай. Одан сабақ алған оқушылар түрлі байқауларға, олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атануда. Жыл сайын түлектері ұлағатты ұстаз жолын қуып, физика-математика пәні мамандығы бойынша мемлекеттік оқу гранттарын иеленуде. Өткен оқу жылында оның түлектері 100 пайыз білім сапасын көрсетіп, мұғалім еңбегінің еш кетпегендігін дәлелдеп берді. Бүгінде сандаған түлектері егемен еліміздің әр саласында абыройлы қызмет етуде.
Жаңашылдыққа жаны жақын, әрдайым ізденіс үстінде жүретін еңбекқор, тәжірибелі ұстаздың қолынан жүзден астам дидактикалық материалдар мен әдістемелік оқу құралдары жарыққа шықты. Мектеп ішіндегі оның физика кабинеті де заман талабына сай жабдықталғандықтан аудан бойынша бірінші орынды иеленіп, ұжымды қуантты.
Ұрпақ тәрбиелеуге қосқан қомақты үлесі үшін Құралай Мұхтарқызы ҚР Білім және ғылым мнистрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, облыстық білім беру басқармасының, аудан әкімінің Алғыс хаттары жолданды. Жалпы, көпшілік құрметіне бөленген ұстаздың ізгі істері мен адамгершілік қасиеттері жөнінде әріптестері мен оқушыларының айтары мол. Аудандық оқу бөлімінің бастығы Әнуарбек Ахметшаихов: «Құралай Мұхтарқызы - өте сабырлы, мейірімді, көпшіл, өз ісіне тиянақты адам. Әріптестеріне ақыл-кеңесін айтып, көмек көрсетуден жалықпайды. Ол кісіден мектебіміздің жас мұғалімдері көп нәрсе үйренді, үлкен тәжірибе алды», - дейді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!», демекші осындай ұрпақ қамы үшін тер төгіп жүрген парасатты, еңбексүйгіш жандардың жақсы істерін айту - әркімге парыз. Ал одан үлгі алу - кейінгі жастарға сын.
Н.АҚЫТЕГІ.

