ҰЛТ МӘДЕНИЕТІН ҰЛЫҚТАУ ЖОЛЫНДА

Облыс орталығында Мырзатай Жолдасбековтің шығармашылық кеші өтті

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында мемлекет және қоғам қайраткері, Президенттік Мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтің «Тәуелсіздік тағылымы» атты шығармашылық кеші өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған айтулы шараға Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев, жазушы, «Мәдени мұра» журналының бас редакторы Дүкенбай Досжан қатысты.

Егемен еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек еткен Мырзатай Жолдасбековтің өмірі мен өнері - өскелең ұрпаққа өнеге. Кеште сөз алған аймақ басшысы осылай деп атап өтті. «Иран астанасы Тегеранға барып, екі ел арасында байланыс орнатуға ықпал еткен кеш иесінің мемлекетіміз үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Екі ел арасындағы татулықты нығайта түскен ол қазақ тарихында орны ерекше Күлтегін, Тоныкөк көне жазбаларын туған жерге қайтарып алуға айрықша үлес қосты. Аталмыш істің басы-қасында жүріп, белсене араласты. Бұл кісінің арқасында қазақ мәдениетінің сансыз қырлары ашылып, тарих қойнауындағы көне жазбалар жарыққа шықты. Бір сөзбен айтқанда, Мырзатай Жолдасбекұлы - еңбегімен ел аузында жүрер ерен тұлға»,- деді өз сөзінде Бақытжан Әбдірұлы. Өңір басшысы шығармашылық кештің жаңаша бағытта ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол бұл ретте кештің мәні мен сәнін келтірген өнер жұлдыздары мен Ұлттық дәстүрлер театрының фольклорлық ансамбліне шексіз алғысын білдірді. Бүгінде ел ағасы атанған М.Жолдасбековтің иығына шапан жапқан Б.Сағынтаев қоғам қайраткеріне барша павлодарлықтар атынан ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, өңір басшысы қазақтың біртуар жазушысы, еліміздің мәдениеті мен әдебиетіне елеулі үлес қосып жүрген Дүкенбай Досжанға да сый-құрмет көрсетті. Сөз соңында Бақытжан Әбдірұлы қасиетті Павлодар жерінде алдағы уақытта өнегелі істерімен жұртшылықты тәнті етіп жүрген республикаға, әлемге танымал тұлғалардың шығармашылық кештерін ұйымдастыру дәстүрге айналатынын алға тартты.
Бүгінгі таңда қазақ халқының ұлттық өнерін насихаттауда тынбай еңбек етіп жүрген Мейрамбек Беспаев, Айгүл Елшібаева, Гүлжазира Бөкейханқызы, Гүлмира Сарина секілді өнер жұлдыздары шығармашылық кештің көркін қыздырды. Республикаға танымал әнші Эльмира Жаңабергенова жиналған көпшілікке арнау айтып, кеш иесінің халық мүддесі үшін атқарған келелі істерін тілге тиек етті. М.Жолдасбековтің сөзіне жазылған «Дүние шіркін» өлеңін М.Беспаев, «Қыз дәурен – Ақбота» туындысын Г.Бөкейханқызы асқан тебіреніспен орындады. Әсіресе, өнерсүйер қауымға қоғам қайраткерінің өмірінен мол дерек беретін «Күндерімнің куәсі» атты кітаптан үзінділер оқыған Сағыныш Әбікеева мен Жанар Шоқпанованың өнері ерекше әсер етті.
М.Жолдасбековтің атақты әнші Кенен Әзірбаевтан ақ  бата алғаны белгілі. Өнер тарланы туралы жазған зерттеулері мен мақалалары өте көп. Сонымен қатар, К.Әзірбаевтың «Мырзатайға» атты әні де ел ішінде кең таралған. Шығармашылық кеште дәл осы туындыны орындаған Ақбота Тұрымбетованың өнеріне жұртшылық ыстық ықылас танытты.  Кеште ел ағасының Несіпбек Айтұлы, Ақселеу Сейдімбек секілді тұлғалармен бірлесіп жазған өлеңдері шырқалды.
Шара соңында кеш иесі М.Жолдасбеков сөз сөйлеп, павлодарлықтарға деген алғысын жеткізді. «Бір елге басшы болар Бұқар Жырау, білімімен талайды тамсандырған Мәшһүр Жүсіп, қазақтың көгіне өрмелеп шығып, күн болған Сұлтанмахмұт, Қорланға ғашық болып, барша қазақтың махаббатын әлемге паш еткен Естай туған киелі өлкеде шығармашылық кеш өткізгеніме қуаныштымын. Осынау іргелі істі ұйымдастыруға мұрындық болған барша азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін»,- деді ол. Сонымен қатар, кеш иесі мәдениет сарайына жиналған қауымға ризашылығын айтты.


Фархат ӘМІРЕНОВ.
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30