2010 жылдың қыркүйек айы №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің ұстаздар қауымы мен оқушылары үшін ерекше есте қалмақ. Себебі, Баянауыл өңіріндегі іргелі білім ордасының қабырғасы қаланғанына 80 жыл толып отыр.
Ғасырға жуық тарихы бар мектептің өткеніне көз жүгіртсек, ең алдымен есімізге мектептің алғашқы қарлығаштары мен әр шәкірттің жүрек түкпірінен мәңгілік орын алған алғашқы ұстаздар есімі еске оралады.
Ұстаздар еске түссе, өзегіміз өксікке толғандай болады, себебі шәкіртінің келешегіне үлкен сенім артып, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар да, болашақта ата-анасы мен сүйікті ұстазының сенімінен шығуға асыққан ұл-қыздар да аңсаған армандарының бір сәтте күйрейтіндігінен хабардар болды ма екен?!
1930-1931 жылдары бастауыш мектеп болып қабырғасы қаланған мектептің алғашқы ұстаздары мен түлектерінің талайына зұлмат соғыс алапаты жазылған екен.
1897 ж. Баянауыл ауданының №12 ауылында дүниеге келген, ер жете 4 жылдық орыс-қазақ мектебінде оқып, 1918 жылдан бастап Баянауыл төңірегіндегі ауылдарда мұғалім болған, 1930 жылы Майқайың кенішінде алғаш мектеп ашып, сол мектептегі ұстаздық еңбегін 1942 жылға дейін жалғастырып, ел басына күн туғанда қолындағы бар қасиеттісін қаруға айырбастаған Жанкин Хамит Орлов облысының маңындағы ұрыста қаза табады. 1930 жылы 6 айлық мұғалімдік курсты бітіріп, еңбек жолын Майқайың қазақ орта мектебінен бастаған Хабир Әлмұхамбетов өз еркімен ел қорғауға аттанып, 1944 жылы елге оралып, өмірінің соңына дейін жас ұрпаққа тәрбие беру саласында еңбек етеді. 1929-1930 жылдары аталмыш мектепте аға пионервожатый болып және бастауыш сыныптарға сабақ берген ұстаз Мұса Рақымжанов 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Батыс, Шығыс майданына қатысып, 1947 жылы еліне аға лейтенант шенімен оралады да, сүйікті ұстаздық ісіне кіріседі. Жанкин Оспанқұл 1939-1940 жылдарда Майқайың қазақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп жүргенінде 1941 жылы сұрапыл соғысқа алынып, Батыс, Шығыс майданына қатысып, 1946 жылы аға лейтенант дәрежесімен туған жер топырағына табан тіреп, осы мектепте ұстаздық қызметін жалғастырады. Жалынды жастық шағын, 1941 – 1945 жылдары қанқұйлы соғыс даласында өткізген Абенов Сабыр соғысты Берлинде тәмамдап, сол қалада бір жыл әскери қызметте болып, 1946 жылы елге оралады да, мұғалімдік қызметін жалғастырады.
Бүгінде Екібастұз қаласында тұратын қарт ұстаз Зайда Жанкина осыдан 10 жыл бұрын мектебіміздің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында мектебіміздің 1953 жылғы түлегі, еңбек ардагері, зейнеткер Алпысбес Әділханұлына берген сұхбатында ауыр кезеңдегі ауыртпашылықты былай еске алған екен: «1940-1941 оқу жылында 9-шы класты бітірдік. Ал 1941-1942 оқу жылы басталарда бұрынғы мұғалімдердің тек 50 пайызы ғана қалды. Олардың дені әйел мұғалімдер мен әскерге алынудан жасы асқандар, денсаулығы жарамағандар еді... 9-шы класты бітірген 16 баладан 6 бала ғана қалдық, оның 4-уі қыз, 2-уі жастары жетпеген ер балалар еді. Сол кездегі аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, жазушы жерлесіміз Зейтін Ақышев ағайдан бұйрық келді. 9-класты жақсы бітірген балаларды мұғалімдікке бекітіп, ал кешкі 5-тен кейін оқып, білім алсын деген... Директорымыз Исин Кенжебай мені, Шәкір Мақышевті, Қабдолды Әбеновті мұғалім етіп тағайындады».
1933-1934 жылдары 6-7 бөлмелі «Г» әрпі сияқты мектеп салыныпты. 1934-1935 жылдары бала саны да, мұғалімдер де көбейіп, мектептің бір шетінен сынып бөлмелерін қосып, 1935-1936 оқу жылдарында орыс сыныптары бөлініп шығып, сол мектеп орта мектепке айналса керек.
Қарт ұстаз Зайда Хамитқызы: «...Тағы да айтарым, орыс кластары 1935 жылғы, 1 сентябрьде бізден бөлек шықты, біз, қазақ кластары, сонда қалдық. «Қазақ мектебі – қазақ мектептерінің қара шаңырағы»,-деп қасиетті қара шаңырақ–білім ордасының жылнамасынан сыр шертеді.
М.СМАҒҰЛОВА,
Қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі,
Майқайың кенті.

