Ауылымызда өткен жылдың 10 желтоқсанында мемлекеттік «Жол картасы» аясында әмбебап дүкен ғимараты мәдениет үйіне лайықталып жөнделіп, салтанатты түрде ашылған болатын. Баршамыз мәре-сәре болып, бір қуанып қалып едік. Алайда өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа созылмады.
17 миллион теңге жұмсалып, жөнделген мәдениет ошағы ел игілігіне жарамай отыр. Себебі мұнда ешбір жағдай жасалмаған. Ашылған кезде 30 шақты орындық ауылдық мектептен, ал музыкалық аппаратура көрші Ақсаң ауылынан әкелінді. Ішіне қойылатын дүниесі алдағы уақытта әкелінер деген үмітпен 4 қабырғаға мәз болдық. Міне, содан бері жеті айдың жүзі болды. Қажетті құрал-жабдықтар түгілі еңбекке тартылған 11 қызметкердің жалақысы да берілген жоқ. Шыны керек, бұл мәселені аудандық әкімшілік біліп отыр. Бірақ мәселе еш шешілмей-ақ қойды. Жөндеу жұмыстарын Павлодардан «Қыпшақ» ЖШС жүргізген болатын. Қыстай мәдениет үйінің іші бу болды. Қызметкерлердің бөлмелері де еш талапқа сай емес. Мәселен, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі отыратын бөлмеде терезе түгілі жарық түсер саңылау жоқ. Мәдени іс-шаралар оған қарамастан өтіп жатыр. Жазда студенттер, жастар ауылға келуде. Бос уақыттарын қызықты өткізгілері келеді. Бірақ мүмкіндік жоқ.
Бүгінгі күні, құдайға шүкір, елімізде еш нарықтық қыспақ жоқ. Сонда неге біздің ауылдың 11 азаматы жалақыларын ала алмай отыр? Мұндай кешігу ай мен күннің аманында ешбір мекемеде жоқ шығар. Жасыратыны жоқ, амалсыздан қызметкерлер ауылдық дүкенге белшелерінен қарызға батты. Жергілікті биліктегілер бұйымтайларымен барған ауылдастарымызды сан түрлі сылтаумен шығарып салады. Көп кешікпей еңбекақы беріледі деп сендіреді. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ал мәдениет үйі қайда бекітілетіні, бюджеттік мекемелер қатарына қашан енгізілетіні де әлі белгісіз. Осы мәселелерімізді жауапты адамдар аяқасты етпей, шешімін табуға қолғабыс жасаса екен!
Бақтыгүл МҮРСӘЛІМОВА,
Баянауыл ауданы,
Күркелі ауылының тұрғыны.

