Сәрсенбі күні «Достық» концерттік залында Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясы болып өтті. Алқалы жиынға облыс әкімі, аймақ бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысып, баяндама жасады. Шараға сондай-ақ өңіріміздегі барлық этно-мәдени бірлестіктердің, жастар құрылымдары мен ақсақалдар кеңестерінің төрағалары, қоғамдық және діни ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сессия «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында өткізілді. Облыс әкімі Б.Сағынтаев өз баяндамасында еліміздегі бірегей қоғамдық институт болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған игі істерін тілге тиек етіп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылында қол жеткізген толағай табыстарға тоқталды.
- Бүгінде барша қазақстандықтардың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайту жолында игі бастамаларға жол ашып, татулықтың таптырмас үлгісін көрсетіп отыр. Біздің өңірімізде де осы қағиданы негізге алған барша ұлт өкілдері тұрақтылық пен келісімді паш етіп, этносаралық қарым-қатынасты арттыруға барынша күш салып келеді, - деді аймақ басшысы.
Біздің еліміздің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыратын негізгі идея еліміздің мемлекеттігін нығайту мен халық бірлігін қамтамасыз ету болып табылады. Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз жұмысын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда Астанада өткен Ассамблеяның ХVІІ сессиясы мен биылғы Жолдауында белгілеген міндеттерімен тығыз байланыстыра отырып жүзеге асыруда. «Біріншіден, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шараларға қатысу ойдағыдай жүзеге асырылуда. 1 мамыр - Қазақстан халқы бірлігі күнінің жаңа нақышта өтуі - соның дәлелі. Мамыр айында Қазақстан халқы бірлігі фестивалінің «Мақсаты бірдің - рухы бір» ұранымен «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» атты этникалық топтардың ХІV облыстық фестивалі өтеді. Облыс орталығының орталық көшелерінің бірінде Достық аллеясы ашылып,
«Ел қазынасы» жобасы аясында «Ертіс – достық өзені» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылады. Екіншіден, Ассамблея жұмысына жұмсалатын қаржылық көмек еселей түсті. Биылғы жылы этно-мәдени бірлестіктер жұмысын атқару ісіне 25 миллион теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 миллион теңгеге артық. Осындай жұмыс өңіріміздің қалалары мен аудандары көлемінде де жүргізілуде. Оған жергілікті бюджеттен 14 миллион теңге бөлінді. Үшіншіден, Ассамблея жұмысының негізгі бағыттарының бірі - өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі. Облыс аумағында осы бағыт аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік тілді және қазақ халқының салт-дәстүрін үйрету облыстың лингвистикалық лагерьлері мен алаңдарының оқу бағдарламасына енгізілген. Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жастар бірлестіктерінің өкілдері мемлекеттік тілді «Ана тілі» оқу-әдістемелік орталығында бюджеттік негізде меңгеруде. Қазақ тілін оқытуда қаладағы ұлттық жаңғыру мектебінің алар орны ерекше. Жаз мезгілінде ұлттық жаңғыру мектебінің базасында «Арай» атты көптілді лагерь өз жұмысын бастайды. Төртіншіден, Елбасы жүктеген міндеттердің бірі - Ассамблея жұмысын одан әрі жетілдіруді жалғастыру. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жобасын жүзеге асыруға облыстық Ассамблея өкілдігі де өз үлесін қосуы қажет. Ассамблея жұмысын стратегиялық жоспарлаудың маңызды факторы - зерттеу жұмысын дұрыс ұйымдастыру. Өткен жылы Ассамблея жанында ғылыми-бақылау тобы құрылды. Ал осы жылы аталмыш бақылау топ мүшелері әлеуметтік зерттеулер кешені мен этносаралық қарым-қатынас мәселелері жөнінде бірқатар семинар-тренингтерді ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бесіншіден, мәдени-ақпараттық сала арқылы толеранттылыққа, яғни төзімділікке тәрбиелеу жұмысын күшейту. Бұл мақсатты іске асыру бойынша аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары ауқымды жұмыстарды атқаруда. Облыс орталығындағы «Достық» үйі жанынан медиа-орталық ашып, оның жұмысын тиімді жүзеге асыру үшін барлық жағдайларды жасау керек», - деді облыс басшысы.
Жиында баяндама жасаған қатысушылар Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан қойылған мақсат-міндеттер аясында ой өрбітіп, жиын тақырыбы төңірегінде өздерінің ұсыныс-тілектерін білдірді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған «Павлодар облыстық «Эльпида» грек ұлттық мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Людмила Ифандопуло қазақстандықтардың ынтымағы мен бірлігі ел өркендеуінің өзегі болып табылатындығын баса айтып, ҚХА-да жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыратын «Бір шаңырақ астында» фестивалін жаңа форматта өткізу туралы ұсыныс білдірді. Нақтырақ айтсақ, ол аталмыш шаралар белгілі бір ұлттың мәдени құндылықтарын насихаттау тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ идеологиялық бағытта да маңызды болса деген тілегін айтты. Сондай-ақ, аталмыш мақсатты көздейтін дөңгелек үстелдер шарасын жаңғыртуды алға тартты. Ақтоғай ауданы Харьков ауылдық округінің тұрғыны, шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Элик Алисултанов сонау қиын-қыстау кезеңде тар жол тайғақ кешкен сан алуан ұлт өкілдеріне пана болған құшағы кең, қонақжай қазақ халқына алғысын білдірді. Сондай-ақ, тарихтың қатпарлы беттерінде мәңгіге сақталып қалатын түрлі ұлт өкілдерінің қуғын-сүргінге ұшырау кезеңі куәгерлерінің естеліктерін бір жинаққа топтастырып шығару ұсынысын жеткізді. ҚХА облыстық филиалының белсенді мүшесі Александр Верещак та сөз алып, қазақ тілін тиімді оқытуға қатысты ойларымен бөлісті. «Ата-анам 1957 жылы Қазақстанға табан тіреді. Қазақ халқы үш балалы әкем мен шешеме барынша көмек көрсетіп, ұлттық белгісіне қарай бөлмей бауырына басты. Сол кезде қазақ деген көңілі дархан халықтың тілін қазақы орта арқылы еркін меңгеріп алдық. Айтпақ ойым, мемлекеттік тілді меңгеруді ниет еткендерге ауылдардағы нағыз қазақы орта арқылы қолғабыс жасау әдістемесін енгізу керек», - деді А.Верещак. Қазақ тілінде баяндама жасаған ол жұртшылықтың қошеметіне ие болды. «2009 жылы Қазақстандағы Украина елшілігінің шақыруымен облыстағы Т.Шевченко атындағы украин мәдениеті серіктестігінің төрағасы Михаил Парипсамен Киев қаласына іс-сапармен бардым. Жасымнан қазақ өнеріне құштар болдым. Сол кезде елшілер алдында қазақ өнерін паш етіп, ән салғанымда жиылған жұрт таң қалысты. Отандастарым менен: «Ұлтыңыз – украин. Қазақша сөйлейсіз. Сонда Қазақстанда ұлтшылдық бар ма, өзге ұлт өкілдеріне қысымшылық жасай ма?» деген сауалдарын қойды. Мен өз кезегімде Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері айрандай ұйысып, тату-тәтті өмір сүретінін, сондай-ақ әр ұлттың өзінің мәдениетін, ана тілін насихаттауға ешқандай шектеу жоқ екенін зор мақтанышпен жеткіздім», - деді өз сөзінде.
Ал Ақсу қалалық Славян мәдениеті орталығының мүшесі Юрий Монзиков Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы шеңберінде еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар туралы сыр шертетін «Қазақстан - менің тағдырым» атты арнайы жоба мен тұрғындарға арналған туристік маршруттарды ашуды ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстан жеріне деген сүйіспеншілігін жеткізді. «Мен облыстық Славян мәдениеті орталығындағы «Русские узоры» ансамблімен көптеген елдерді араласам да, басқа елдерді өзімнің туған жерім – Қазақстанмен теңестіре алмадым. Кіндік қаным тамған Ертіс өңірін, Павлодарымды сағынып, оралғанша асық боламын. Киелі қазақ жері – менің Отаным. Бұл қасиетті жердің жомарт халқы жүзі басқа өзге ұлт өкілдеріне пана болып, қолдағы барымен бөлісті. Еңселі еліміздің Тәуелсіздік пен бейбітшілік ауасымен еркін тыныстап, қалаған ісіңмен айналысуға толық мүмкіндіктер бар. Қазақстан – менің тағдырым. Мен бұл жерден ешқайда кетпеймін!», - деді Ю.Монзиков.
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев сессия қатысушыларының ұсыныс-тілектерін жауапты тұлғаларға жүктеп, оларды орындауға барлық мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.
Шара барысында аймақ басшысы мұсылман әйелдер лигасы Павлодар облыстық филиалының төрайымы Зара Қожахметованы және Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облысы бойынша белсенді мүшесі Александр Верещакты ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапаттады. Ассамблеяның ХVІІ сессиясының қатысушылары барша азаматтарды Қазақстан халқының ұлттық рухы – дәстүр, отансүйгіштік, жаңару мен жеңіс рухын нығайтуға шақырып, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен бірлесе отырып, ырыс-ынтымағы тасыған, қуатты Тәуелсіз Қазақстанды құруға атсалысатындарына зор сенімділігін білдірді. Жиын соңында облыс бойынша ҚХА-ның ХVІІ сессиясына қатысқан өкілдердің Қазақстан республикасы азаматтарына арналған Үндеуі қабылданды. Мәртебелі жиын «Дервиши» тобы мен жергілікті этно-мәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасына ұласты.
Ахмет ДЗЕЙТОВ, Екібастұз қаласының «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің мүшесі:
- Еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірліктің үлгісі әлемдегі бірде-бір елде кездеспейді. Елбасының бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге елдердің қызығушылығын тудырып, әлемдік кеңістікте үлкен мәртебеге ие. Достық пен татулықтың қазақстандық үлгісі - өзге ұлт өкілдерінің қоғамда өздерін бақытты сезінуіне ерекше ықпал етеді. Қай ұлт пен ұлыс өкілі болмасын, өзін қазақ жерінде еркін сезінеді. Павлодар облысында шешен-ингуш ұлтының төрт мың өкілі өмір сүруде. Өскелең ұрпақты халқымыздың тарихын, салт-дәстүрлері мен тілін құрмет тұтуға тәрбиелеу, сондай-ақ қазақ ұлтының мәдениетіне құрметпен қарау негізінде тәрбиелеу мақсатында шешен-ингуш халқының өкілдері бір бірлестік аясында бірікті. Міне, екі онжылдық көлемінде бірлестігіміз қанатын кеңге жайды, дамыды, өркендеді.
Иван КОХ, «Возрождение» немістер қоғамының мүшесі:
– Біз үшін биылғы жылдың маңызы зор. Биыл бейбітшілік тұғырындағы Тәуелсіз еліміздің 20 жылдығы. Екі онжылдықта 2 ғасырға татитын табыстарға қол жеткіздік. Ең басты жетістігіміздің бірі – ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық. Мұны Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізген сарабдал саясатының жемісі деп білемін. Мемлекет басшысының «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы мемлекетіміздің жарқын болашағының кепіліне айналып отыр. Елбасымыз бағдарлаған мақсаттарға жету жолында Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері де жұмыла атсалысуда. Ассамблея қызметінің негізгі өзегі – қазақ жерінде тұратын барлық этностардың өзара достығы, татулығы. Бұл ұстанымдар еліміздегі кез келген қиындықтарды бірлесе жеңуге, ел ішіндегі келісімді жандандыруға сеп болатыны сөзсіз. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанға мыңдаған отандастарымыз оралды. Соның ішінде неміс ұлтының 5000 өкілі Қазақстанға қайта қоныс тепті. Бұл - біздің отандастарымыз бен келер ұрпақтың өз болашағын Қазақстанмен байланыстырып отырғандығының дәлелі. Біз Қазақстанда өзге ұлт өкілдерімен өзара келісім мен ынтымақтастықта өмір сүріп, қалаған ісімізбен айналыса аламыз. Сонымен қатар, тарихи Отанымыз – Германиямен байланысымызды үзбей, мәдениетімізді дамыту мақсатында елеулі істерді атқарып жатқанымызды мақтан етеміз.
Роман ПАК, Қазақстан кәрістері қауымдастығы облыстық филиалының белсенді мүшесі:
- Елімізде тұрақтылық пен татулық орнап, өзара келісім салтанат құрған. Мемлекет басшысының ұстанған саясаты нәтижелі екеніне баршамыз куә болып отырмыз. Осы ретте Елбасының алға қойған міндеттерін орындауға белсенді түрде атсалысу қажет дегім келеді. Бұл міндет әсіресе жастарға қатысты екені сөзсіз. Бүгінгі күні барша жастар қауымы ел дамуына етене араласу арқылы өздерін толыққанды ұлтжанды азамат ретінде көрсетуде. Өзім төрт жылдан астам уақыт жастар қанатының жетекшісі қызметін атқардым. Халқымыздың рухани мәдениетін дамытып, насихаттау жолында жастардың қосар үлесі басым. Біздің ортақ міндетіміз – Қазақстандағы этносаралық, конфессияаралық татулық пен бірлікті сақтау. Мұның өзі елдің әлем алдындағы беделін нығайтуға сеп болатынын ұмытпауға тиіспіз. Елбасы «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында өткен 17 сессия барысында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына барлық этностардың белсенді атсалысқанын, егемендік алған жылдан бүгінгі күнге дейін ел ішінде ешқандай этностық, діни дау-жанжалдың орын алмағанын атап өтті. Сол себепті де біз өз тарапымыздан Ассамблеяның азаматтық қоғамның жұмылдырушы күші ретіндегі ауқымды ролін одан әрі нығайта түсуіміз керек.
Мария КЩЁУЖЕК-ЗЕМЛЕВСКАЯ, Ұлттық жаңғыру мектебі поляк тілі бөлімінің ұстазы:
- Польша мемлекетінің азаматы болсам да, Қазақстанға деген сүйіспеншілігім аса зор. Жыл сайын Павлодар қаласында орналасқан Ұлттық жаңғыру мектебіне келіп тұрамын. Өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басқан елге алғашқы рет келгенде, осындағы халықтар арасындағы татулық пен бірлікке, әсіресе өзге ұлттардың туған тілдерін меңгеруге, төл мәдениетін насихаттауға бағытталған шараларды ұйымдастыруға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға ерекше таңдандым. Мен – филологпын. Сондықтан кез келген ұлт үшін оның теңдесі жоқ байлығы – тілінің маңызы қандай екенін түсінемін. Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің туған тілдерін оқып-меңгерулеріне оңтайлы жағдайлар жасалған. Бүгінде төрткүл әлем Қазақстанды ынтымағы мен бірлігі жарасқан біртұтас ел деп бағалайды, таниды және құрмет тұтады. Бұл – үлкен жетістік.
арал ЕСІМХАНОВА.Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

