Әлеуметтік салықтан жалтармаған азамат

 

Облыстық мәслихат

күрмеулі мәселелерді шешуге өзіндік септігін тигізеді

Биыл сегіз ай ішінде облыс аумағында есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 167 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның 110-ы тауарды өткізу бойынша болса, 57-і заңсыз сақтауға қатысты қозғалған. Сонымен қатар қылмыстық топ ұйымдастыру, есірткіні ел шекарасынан жасырын өткізу, заңсыз тарату және оны қолдануға арналған «ордаларды» ұстау сынды фактілер бойынша да іс қозғалыпты. Облыстың ішкі істер органдарының қызметкерлері шұғыл әрекеттердің нәтижесінде заңсыз айналымнан 280,3 килограмм есірткі алып тастаған. Сөйтіп, ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне сәйкес есірткіге қатысты құқық бұзған 246 адам жауапқа тартылған. Азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының кезекті отырысында облыс ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Н.Жүнісов осындай мәлімдеме жасады. Комиссия төрағасы А.Бабенко төрағалық еткен отырыста есірткінің заңсыз айналымы мен оны қолдануға қарсы шаралар, әлеуметтік салық төлемі, сондай-ақ облыстық мұрағат мәселелері кеңінен қаралды.

Баяндамашының сөзіне сенсек, мұндай заңбұзушылықтар орын алғанымен, өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіштердің төмендеу үрдісі бар. Мұны мамандар заңнамадағы өзгерістерге сәйкес жазаның қатаңдатылғанымен байланыстырып отыр. Себебі ауыр есірткілерге қатысты істі болған азаматтар 19-20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ өткен жылы бірқатар ірі қылмыстық топтар құрықталып, заңсыз есірткі айналымына қатысты адамдардың жолы кесілді. Міне, бұл да өз кезегінде оң өзгеріске әсерін тигізді, дейді мамандар. Бүгінде облыстық тәуелді ауруларды емдеу және олардың алдын алу орталығында 4411 адам есепте тұр. Бұл өткен жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 115 адамға төмендеген. Сонымен қатар есірткіден көз жұму оқиғалары 14-ке азайыпты. Қуантарлығы, сегіз айда жасөспірімдерге қатысты есірткі қылмыстары тіркелмеген. Алайда мұнымен аймақта «улы» заттың айналымы азайды деуге келмес. Дегенмен, есірткіге әуестер арасында кәмелет жасына толмағандардың да болуы мамандарды алаңдатады. Мысалы, биыл құқық қорғау органдары жастардың көптеп шоғырланатын жерлеріне арнайы рейд жасаған көрінеді. Соның нәтижесінде «Револьт» түнгі клубында есірткіге есеңгіреген жасөспірімнің болғанын анықтаған. Клубта тіпті «марихуана» тәркіленген.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындардың заңсыз есірткіге қатысты естіп-білген мәліметтері болса, сенім телефоны арқылы хабарлап отыруы маңызды екенін еске салады. Бұрындары сенім телефоны арқылы тұрғындардан аулалар мен подъездерде есірткі пайдаланылғаннан кейінгі шприцтердің көптеп кездесетіні жөнінде шағым жиі түсетін болса, бүгінде мұндай қоңыраулар сиреген көрінеді. Комиссия мүшелері Кедендік Одақтың құрылуына байланысты шекарадан заңсыз есірткі тасымалдаушылардың жолын кесу шаралары жөнінде де сөз етті. Н.Жүнісов бұл тұрғыдан іс-шаралар күшейтіліп, кедендік бекеттерге қосымша қызметкерлер бекітілгенін жеткізді. Көрші Ресей елімен осы мәселе бойынша өзара тәжірибе алмасу жұмыстары да жүргізіліпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы А.Күзековтің мәліметтері бойынша соңғы кездері тәуелді аурулардың тіркелуі төмендей бастаған. Мәселен, маскүнемдік 1 пайызға азайған. Өкінішке қарай, атқарылған жұмыстарға қарамастан аймақ ел аумағында нашақорлықтан болатын аурулар бойынша алдыңғы орындардың бірінде. Маскүнемдік көрсеткіші жағынан төртінші орында, есірткі пайдаланумен байланысты аурулар бойынша Алматыдан кейінгі орын аймақ еншісінде. Сондықтан ақ желеңділер жағдайды оңтайландыру үшін түнгі мезгілде алкогольдік ішімдіктер сатуға салынған тыйымның орындалуын қатаң қадағалауда ұстау керектігін алға тартып отыр. Ішкі істер органдарының қызметкерлері бүгінде іс-шаралардың тиімділігін арттыруға құрал-жабдықтардың жұтаңдығы, тіпті жоқтығы қол байлау екенін тілге тиек етті. Мәселен, Астана қаласында есірткіні анықтайтын арнайы құрылғылар қолданылса, аймағымызда мамандар қолда бар иісшіл иттердің көмегіне ғана жүгінуге мәжбүр. Ол иттерді бағып-қағатын орындардың да жоқтығы сөз болды. Иттерді қызметкерлер үйлерінде ұстауға мәжбүр. Штат та аз дегенді алға тартты қызметкерлер. Бірақ департаментті қаржыландыру тиісті Комитет тарапынан жүргізіледі. Дегенмен, депутаттар жергілікті деңгейде де техникалық жағынан жабдықтауға қолғабыс жасауды қолға алу керектігін айтты. Комиссия төрағасы А.Бабенко департамент қызметкерлеріне алдағы уақытта жағдайды жақсартуға септігін тигізетін мәселелерді қағазға түсіруді тапсырды. Соған қарай қолдан келер мүмкіндіктер қарастырылмақ.

Отырыстың басты тақырыпта-рының бірі ретінде жекеменшік кәсіпкерлік нысандарының әлеуметтік салық төлеу мәселелері қаралды. Павлодар облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары Л.Ищанованың баяндамасынан аймақта әлеуметтік салық төлеуден жалтаратын, тіпті қызметкерлерінің нақты жалақысын барынша төмендетіп көрсетуге тырысатындар аз еместігі белгілі болды. Ал мұндай әрекеттер облыстық бюджетті әлеуметтік салық есебінен түсетін қыруар қаржыдан қағатыны сөзсіз. Негізінен, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында бюджетке әлеуметтік салықтан 47 68,7 млн. теңге түскен. Көптеген жұмыс берушілер жалдамалы жұмыс күшін қабылдау кезінде олармен жеке еңбек шартын жасамайды, қызметкерлерінің қолына берілетін нақты жалақы мөлшерін, нақты қызметкерлері санын жасыратын жағдайлар да аз емес көрінеді. Сондай-ақ қос бірдей бухгалтерлік есеп жүргізетін пысықайлар да баршылық. Нәтижесінде еңбек төлемі қоры төмендейді, сәйкесінше, бюджетке түсетін әлеуметтік салық мөлшері азаяды. Сондықтан салық саласының қызметкерлері бірқатар шараларды қолға алыпты. Салықтан жалтаруға бейім нысандарға қатысты мәжбүрлеп төлетудің тиімді тәсілдері қолданылып жатыр. Оның нәтижесі де жоқ емес. Мысалы, 138 салық төлеуші-борышкер әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеуде. Дегенмен, салық қызметкерлері әлі де болса, еңбек, салық кодекстеріне, басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу керектігін айтады. Мәселен, заңнамалық деңгейде жалақыны екінші деңгейлі банктер арқылы аударуды бекітсе, біраз мәселе шешімін таппақ. Сонымен бірге тұрғындардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру қажет. Себебі адамдар жалақысын конвертпен алып, нақты мөлшерін жасыратын болса, ол жұмыс берушіге ғана тиімді екенін біле бермейді. Кейін олардың қарттығында ақшадан қысылмасына кім кепіл?! Салық қызметкерлері осыны тұрғындар арасында түсіндіру қажеттігін тілге тиек етті.

Белгілі болғандай, тиісті органдарда тіркелмеген салық төлеушілерді анықтау бойынша да жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Мұндай шаралар облыс орталығындағы сауда орындарында басталып кетті. Мәселелері күрделі әрі салық төлеуге қабілетсіз кәсіпорындар мен мекемелер де анықталған. Оларға қатысты мәжбүрлеу шараларының барлығы қолданылған, нәтиже жоқ. Сондықтан салық органдары олардың ісін сотқа банкрот деп жариялауға жіберуде. Салық қызметкерлері арнайы семинарлар нәтижесі бойынша бухгалтерлердің дайындық базасы өте төмен екендігін аңғарған. Мұндай олқылықтар, әсіресе, білім беру саласында көптеп кездеседі, мамандар да жиі ауысатын көрінеді. Комиссия мүшелері салық қызметкерлеріне ең үлгілі әлеуметтік салық төлеушілерді өзгеге өнеге ету мақсатында жұмыс атқару керектігін жеткізді. Себебі әрбір әлеуметтік салық әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталатыны белгілі. Яғни әлеуметтік салықтан жалтармай, мезгілінде төлегендер талай күрмеулі істің түйінінің шешілуіне үлес қосып жатқанын әркім түсінгені абзал.

Облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасының да бірқатар мәселелері отырыста қозғалды. Басқарма бастығы Х.Әкімханов алдымен ғимарат көлемін көбейтуді айтты. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда құжаттарды бес жылға дейін сақтайтын лайықты орындардың болмауынан мұрағатқа келгенде құжаттар өте нашар жағдайда болады. Ал оны әрі қарай сақтау оңай еместігі анық. Компьютермен жабдықтау көрсеткіші де өзге мекемелерге қарағанда жұтаң көрінеді. Мұнда мамандар біліктілігін жетілдіру де кезегін күтуде. Ең құнды әрі көне құжаттарды сандық форматқа көшіруге қаржы керек. Осының барлығын тыңдаған комиссия мүшелері бұл мәселелерді шешудің амалдары қарасты-рылатынын жеткізді. Өйткені бүгінгі құжат - ертеңгі ел тарихы екені анық.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31