ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРҒА АЙТАР НАЗЫ КӨП

     Жақында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалында ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Бобров пен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов қоғамдық қабылдау өткізді.
     Бұған дейін аймағымыздың бірқатар аудандарында болып, халықтың тұрмысымен танысып қайтқан депутаттар облысқа сапарын Павлодар қаласында қоғамдық қабылдау шарасын өткізіп қорытындылады.
     Депутаттардан көмек сұрай келгендердің қатарында зейнетақы заңнамасына қатысты мәселелерді қозғаған тұрғындар болды. «Бүгінде еліміздегі зейнеткерлердің алпыс пайызға жуығы ең төменгі деңгейдегі зейнетақыға ие. Олардың санатында кезінде 40-50 жылдан астам еңбек еткен азаматтар бар. Алайда тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнің қиындықтары сол азаматтарымызға тиесілі зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде әсер етпей қоймады. Соның салдарынан буыны бекімей жатып-ақ жастайынан еңбек еткен қарияларымыз бүгінде төменгі зейнетақы алып отыр», - дейді Тито Сыздықов.
     Қоғамдық қабылдау барысында коммуналдық сала бойынша мәселе айтылды. Кейбір тұрғындар өздерінің жеке меншік үйіне жылу, су құбырларын тартып ала алмай отыр. Жылдар бойы бұл іске жауапты құрамында бірнеше құрылымдық бөлімі бар «Павлодарэнерго» АҚ-ның табалдырығын тоздырған павлодарлықтар енді халық қалаулыларының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Аталмыш кәсіпорын түрлі себептермен уақыт созып, тұрғындардан шын мәнісінде еш қажеті жоқ анықтама қағаздарын сұратып, әбден әбігерге салған. Немесе, бір көше бойында орналасқан үйлердің кейбіріне бірнеше айдың ішінде-ақ жылу құбырын еш кедергісіз тартып беріп, қалған үйлердің иелерін телміртіп қойған. Әсіресе зейнеткерлер қауымы қиналып отыр. Қаланың қақ ортасында тұрса да қыс мезгілінде үйілерін пеш жағып жылытуға мәжбүр. Ал олардың қасында бой көтеріп жатқан зәулім коттедждердің иелері еш кедергісіз құбыр тартып алуда. Депутаттар мұндай бассыздыққа жол берілмеуі тиіс екендігін баса айтты. Және қоғамдық қабылдауға қатысқан Павлодар қаласы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крукқа бұл мәселенің мән-жайын шешуді тапсырды. Сондай-ақ жақын арада партия филиалының кеңсесінде жоғарыда аталған кәсіпорын басшыларын шақырып, арнайы мәжіліс өткізіп, анықталған кемшіліктер бойынша түсініктеме алуды жүктеді.
     Шара барысында тағы бірқатар мәселе анықталды. Соның бірі Ақсу қаласына қарасты Ребровка ауылына қатысты. Дәлірек айтқанда, Ертіс өзені бойында орналасқан аталмыш елді мекен жанынан өз ісін бастаған кәсіпкер мен жергілікті ауыл тұрғындары арасындағы түсініспеушілік. Мәселе мынадан басталған. Ақсу қаласының әкімдігі жеке кәсіпкер Александр Веретенниковке Ребровка ауылының жанынан балық питомнигін ашу үшін 700 гектарға жуық жер телімін ұзақ мерзімге жалға берген. Сол-ақ екен кәсіпкер аталмыш жер бөлігін қоршап алып, күзет қойып, елді мекен тұрғындарын маңайлатпай қойған. Соның салдарынан ауылдықтар өзенге шомылуға өте алмай, не шөп шаба алмай отыр. «Бұл – заңсыздық. Халықты шырылдатып, кәсіпкерді тайраңдатып қойған дұрыс емес. Ақсу қаласының әкімдігі алғашқыда-ақ жерді жалға беру туралы келісімшарт жасағанда ол жер телімінің жалпыға бірдей қолданыста болуын баса көрсетуі тиіс еді. Ал қазір керісінше, жергілікті атқарушы билік органдарының жайбарақаттығын пайдаланып А.Веретенников бәлен жүз гектар жерді толық иемденіп алып, халықты зар жылатып отыр. Сонда ауыл, қала әкімі, қаланың прокуратурасы қайда қарап отыр? Бұл мәселені біз аяқсыз қалдырмаймыз. Еліміздің Бас прокурорына дейін барсақ та жоғарыда аталған келісімшарт талаптарын жоққа шығарып, қайта қарауды талап етеміз», - деді Т.Сыздықов.
     Өкінішке қарай, қоғамдық қабылдау нәтижесі жергілікті мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыстың жоқтығын көрсетті. Көп мекемелер тұрғындардың өтініш-тілектеріне немқұрайлы қарайды. «Бір атап өтерлігі, бүгін қоғамдық қабылдау барысында айтылған мәселелердің басым бөлігін баяғыда-ақ шешуге болатын еді. Алайда мемлекеттік мекемелер халықты әбігерге салып қойып, уақытты созып жүруді әдетке айналдырған», - дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Бобров. Халық қалаулысының сөзіне дәлел ретінде мына бір жайтты келтіруге болады. Шара барысында қабылдауға келген қала тұрғыны депутаттарға алғысын білдірді. Оның айтуына қарағанда, жер қатынастары жөніндегі жергілікті орган жер телімін бөлу туралы өтінішін бүгінгі күнге дейін созбаққа салып келген. Бірақ азаматтың депутаттардың қабылдауына жазылғандығын естіген аталмыш орган өкілдері мәселені дереу шешіпті. Сонда бұған дейін нені күтіп жүргендігі түсініксіз.
     Жалпы қоғамдық қабылдау барысында бұдан басқа да мәселелер көтерілді. Депутаттар олардың барлығы өздерінің тиісті шешімін табатындығын жеткізді.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31