ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.Өтегенов, В.Бобров және Т.Сыздықов Екібастұз қаласында көшпелі отырыс өткізді. Халық қалаулылары жұмыс сапары барысында «Жол картасы» бағдарламасы шеңберіндегі атқарылып жатқан жобалардың сапасын тексеріп, кейбір әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысандарды аралады.
Көшпелі кеңесте Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Л.Векшина депутаттарға су құбыры желілерін, жолдарды жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстар және қарастырылған қаржы көлемі жөнінде кеңінен баяндап берді. Мамандар сөзіне сенсек, жұмыстар кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Т.Сыздықов көп жылдар бойы қалалықтар үшін күрмеулі болған сумен қамтамасыз ету мәселесі оңтайланып келе жатқанын атап өтті. Ол бұл іс бойынша мүдделі екі бірдей мекеме «Екібастұзсу» және «Ертіс-Қарағанды» каналы өзара мәмілеге келгені, тарифтік саясатты реттеу біржақты етілгені қуантады, деді. Бұл мәселе республикалық «Ауыз су» бағдарламасының арқасында шешімін тапты.
Бұдан кейін депутаттар облыстың отын-энергетика кешені үшін техникалық және қызмет көрсету мамандарын дайындайтын аймақаралық кәсіби білім беру орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын орталық 700 орынға шақталып салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған, 2011 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Айта кету керек, елімізде мұндай орталыққа баламалы ешбір мекеме жоқ. Құрылысшылардың айтуынша, монолиттік конструкцияның 85 пайызы атқарылған, онымен қоса жылу және су-канализациялық желілерін тарту шаралары да жүзеге асуда.
Халық қалаулылары қалалық перзентханада болды. Бір айта кетерлігі, бұл медициналық мекемеде ана мен бала өлімі көрсеткіші бойынша ешбір келеңсіз жағдай орын алмаған. Бұл дәрігерлердің басты жетістігі десе де болады. Перзентхана «Салауатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда мерзіміне жетпей дүниеге келген сәбилердің өмірін сақтап қалуға барынша күш салынады. Оған қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жабдық қарастырылған. Мәселен, мұнда бір ғана бүлдіршінді ажал аузынан алып қалу үшін миллиондаған теңге жұмсалатын көрінеді. Осыдан еліміздің ана мен бала денсаулығына қаншалықты қамқорлық жасайтынын байқау қиын емес.
Сапар соңында депутаттар жергілікті дәрігерлермен кездесіп, олардың тілек-бұйымтайларын тыңдады. Кейбір мәселелер жазбаша да түсіп жатты. Екібастұздықтар халық қалаулыларына ризашылықтарын білдірді.
Екібастұз қаласы
әкімінің баспасөз қызметі.

