ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНА ІЛТИПАТ ТАНЫТПАҒАНДАР

 

қарапайым тұрғындарды қалай қарсы алмақ?

       Соңғы кездері Павлодар қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында ұзынсонар кезек қалыптасып, тұрғындар тарапынан наразылық туғаны жайлы жиі айтылып жүр. Құжатқа қатысты мәселелерін шешуді мақсат еткен тұрғындар таңсәріден мекеме алдына келіп, кезекке тұратынын да аракідік құлақ шалып қалады. Жергілікті кейбір бұқаралық ақпарат құралдары да бұл жөнінде жазған болатын. Міне, осы мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында кеше облыстық мәслихат депутаттары А.Гуськов, А.Бабенко, Ю.Алиакпаров және В.Кабурнеев облыс орталығындағы Павлов көшесі, 48 мекенжайы бойынша орналасқан қос мекемеге бас сұқты. Қос мекеме дейтініміз, бұл мекенжайда тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін екі бірдей мекеме жұмыс істейді. Бірі – жоғарыда аталған халыққа қызмет көрсету орталығы болса, екіншісі – Павлодар қалалық әділет басқармасы. Айта кету керек, депутаттар еш ескертусіз барып, мекемелердің күнделікті тіршілігін өз көздерімен көруді мақсат етті.

      Халық қалаулылары алдымен алғашқысына кірді. Мұнда депутаттарды қарсы алған орталық директорының орынбасары Мейрам Қанибетов қоғамда тараған қауесет аталмыш орталыққа еш қатысы жоғын жеткізді. Оған көзіміз жетті. Әркім өз кезегімен қажетті құжатын алып жатыр. Бұл орталықта бүгінде сабылған халық қарасы аз. Өйткені бұрындары осы орталықтың мойынында болған бірқатар қызметтер ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Павлодар қалалық әділет басқармасының құзырына  өткен. Атап өтер болсақ, тұрғындарды тіркеу, тіркеуден шығару, құжаттандыру қызметтерін соңғы бес айда осы басқарма атқарып келеді. Халық арасындағы жағымсыз әңгіме де дәл осы әділет басқармасына қатысты болып отыр. Сондықтан  халық қалаулылары басқарманың тұрғындарды құжаттандыру және тіркеу бөліміне арнайы барды. Шынымен де, мұнда сабылысқан халыққа тап боласыз. Шыдамдары таусылған тұрғындар бірден депутаттарға наразылықтарын айта бастады. Халықтан сұрастыру барысында анық болғандай, мұнда күніне үш жүз талон беріледі. Ал оған қол жеткізу үшін тұрғындар таңғы сағат бес-алтыдан кезекке тұрады. Яғни жұмыс уақыты басталды-ау деп 9-10 сағат кезінде мекемеге келген тұрғын талонға қол жеткізе алмайды. Сондай оқиғаға тап болған жандардың бірі – Алма Қаппасова. Ол жұмысынан сұранып, қызын бір мекенжайдан екіншісіне тіркеу үшін келген екен. Алайда талон әлдеқашан бітіп қалған. Кейбір азаматтар бірнеше күн қатарынан келіп, талоннан құр қалып жүргендерін айтты. Ал қолына талон тигендер бірнеше сағат қатарынан кезегін күтіп зарығуда. Олар мұнда қызмет көрсету жүйелендірілмегенін ашына жеткізді. Алақандай тар бөлімде халықтың кезек күтулеріне де жағдай жоқ. Депутаттар салқын күні барды, ал егер аптап ыстықта жол тартса, қандай көрініске тап болатынын елестете беріңіз.

       Бір қызығы, халық аузынан естіген жәйттарды басқарма қызметкерлері түбегейлі жоққа шығарып отыр. Депутаттарға мұндағы атқарылып  жатқан жұмыс барысын түсіндіру үшін басқарма бастығы Дәурен Әлімбеков, тұрғындарды құжаттандыру және тіркеу бөлімінің бастығы Гауһар Мұқанова келді. Тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін бөлімнің бастығы Г.Мұқанова халық арасындағы әңгіме шындыққа жанаспайтынын дәлелдеп бақты. Тіпті еш кезектің жоғын айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Депутаттарды таңсәріден еш кезек болмайтынына сендіруге тырысты. Бірақ халық қалаулыларының келесі күні таңғы алтыдан келетіндерін естігенде, біраз сабасына түсті. Ол бүгінгі ұзынсонар кезектің орын алуына биыл шілде айының бірінен бастап құжаттандыруды электрондық тәсілге көшірумен тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Бүгінде кезек әсіресе тұрғындарды тіркеу және тіркеуден шығару бағытында  орын алып отыр. Мұндай қызметті үш терезе атқарады. Кезекке қарап, бұл терезелердің жеткіліксіз екенін байқау қиын емес. Ал Г.Мұқанова бірнеше айдан кейін жағдай оңтайланып, кезек болмайды деген пікірде. Алайда халық қалаулылары тұрғындарды әуре-сарсаңға салмай, басқарма қызметкерлері мәселенің түйінін шешудің тетіктерін неге қарастырмай отырғанын алға тартты. Басқарма қызметкерлері нақты атқарып жатқан жұмыстары жөнінде тұшымды жауап қатпады. Әйтеуір, «тырысып жатырмызбен» шектелді. Депутаттар біреуді сынап-мінеу үшін емес, тығырықтан шығудың қандай амалдары барын бірге қарастырсақ деген ниетпен келгендерін айтты. Бірақ мекеме қызметкерлерімен ортақ тіл табу мүмкін болмады. Не керек, бөлім бастығы барын салып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп жатқанда, басқарма бастығы теріс айналып кетіп қалды. Одан кейін депутаттар басқарма бастығын не орнынан таппады, не қайда кеткенін ешкімнен біле алмады. Хатшысының өзі қойылған сауалға дұрыс жауап бермей, өрескел мінез танытқаны депутаттардың жағасын ұстатты. Ал басқарма бастығының орынбасары Ә.Нұрманов депутаттарды «барлық жағдай алдағы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ұйымдастырылатын баспасөз мәслихатында тәптіштеп түсіндірілетін болады» деген жауаппен шығарып салды. Осылайша, халық қалаулылары Павлодар қалалық әділет басқармасындағы келеңсіздіктерге қатысты мардымды жауап ала алмады. Сондықтан олар жауапты тұлғалар алда өтетін жемқорлықпен күрес жөніндегі және азаматтардың құқығы мен мүдделерінің заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестердің бірлескен отырысында қарастырылатынын айтты. Болған жәйттерді көріп, халық қалаулыларына дұрыс қабақ таныта алмаған қызметкерлер күнделікті қызметтеріне жүгінетін қарапайым тұрғындарды қалай қарсы алып жүр екен деген ойда қаласыз.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30