Кеше Ақсу қаласының Ленин көшесі, 20-үйде тұрақты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысты.
Тағдыр тәлкегіне ұшыраған азаматтарға арналған орталықты ашуға Ақсу қаласының «Жәрдем» қоғамдық қоры жетекшілік етіп, ниет білдірген екен.
- Ақсу қаласында осындай әлеуметтік нысан ашу мәселесі 2008 жылдан бері қозғалып келді. Тұрақты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған орталықты ашу қажеттілігі туындағандықтан, біздің қоғамдық қор Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігінің «Корни травы» гранттық бағдарламасына қатысуға шешім қабылдады. Бағдарлама нәтижесі бойынша 87 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатқа нысанда жөндеу жұмыстары және қайта жоспарлау жұмыстары іске асырылды. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламаға қатысуға Ақсу қаласының әкімдігі және «Ақсу – біздің ортақ үйіміз» қоғамдық қорына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін, - деді «Жәрдем» қоғамдық қорының директоры Анар Айдарханова.
Бұрынғы «Ақсукоммунсервис» коммуналдық кәсіпорны мекемесінде бой көтерген орталық он адамға шақталған. Мекеменің тұрмыстық техника құрал-жабдықтарымен және онда тұратын адамдарды киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін «Ақсу – біздің ортақ үйіміз» қоғамдық қоры 987 мың теңге бөлген. Ал Ақсу қаласының әкімдігі және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен үстіміздегі жылдың соңына дейін әлеуметтік орталықты толығымен қамтамасыз етуге 4 млн. теңге қаржы жұмсалмақ. Аталмыш қаражат азық-түлікке, медициналық көмек көрсетуге қажетті құралдарға және бейімдеу орталығының қызметкерлерін жалақымен қамтамасыз етуге бағытталады.
Ақсу қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Е.Бобчихинаның айтуынша, белгілі бір себептермен тұрғылықты жерінен айырылған адамдарға арналған бұл орталықта емдеу және түрлі аурулардың алдын алу шаралары жүзеге асады, сондай-ақ түрлі әлеуметтік бейімдеу көмегі көрсетіледі.
Аманжол Рысбаев –тұрақты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған орталықтың бірініші келушісі. Енді ол бейімдеу орталығында 3 немесе 6 айлық мерзімде тұра алады. Келешекте жеке басына қатысты мәселелері шешіліп, денсаулығы жақсаратынына қуанышты екенін айтты ол.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.



