Өткен аптада қалалық «Достық үйінде» «Бибі Ана» республикалық мүгедек әйелдер қоғамы Павлодар облыстық филиалының және Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен қолөнер шеберлерінің шүберектен, ағаштан, моншақтар мен әртүрлі заттардан жасалған туындыларының көрмесі өтті. Шеберлердің туындыларын облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова тамашалады.
Қолөнер шеберлерінің мұндай жарыстары бұған дейін Ақтоғай, Ертіс, Баянауыл, Ақсу қалаларында өткізіліп келген. Аталмыш сайыстарда жақсы нәтиже көрсеткен қатысушылар Павлодар қаласында өткен ақтық сайысқа жолдама алған болатын. «Достық үйінде» өткен шараға 35 шебердің қолынан шыққан туындылар қойылды. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова: «Қолөнер шеберлерінің байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Мұндай байқаулар әйелдердің қоғамдағы орнын айшықтап, олардың он саусақтан өнер тамған шебер жандар екенін паш етіп тұрады. Көрмеге қойылған кез келген дүниенің бәрі шынайы сүйіспеншілік пен зор ынтамен жасалған. «Бибі Ана» мүгедек әйелдер қоғамының ұйымдастырып отырған ауқымды шарасын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұруымыз керек»,- деді өз сөзінде. «Бибі Ана» республикалық мүгедек әйелдер қоғамы Павлодар облыстық филиалының басшысы Нағима Багированың айтуынша шараға қатысып отырған әйелдердің бәрі де облыс көлеміндегі байқауларда жүлдегер атанып жүрген жандар екен. Жарысқа қатысқан Мәдина Мұхтарова қол өнер ісімен ертеректен айналысып келе жатқанын айтты. «Үйде қолым бос кезде іс тігемін, одан зеріксем моншақтарды қолыма алып түрлі бұйымдар жасауға кірісемін. Әйтеуір, жай ғана тыныш отыруды қаламаймын»,- деді ағынан жарылып.
Шеберлердің туындыларына баға беру үшін арнайы қазылар алқасы тағайындалды. Қазылардың шешімі бойынша бірінші орынға Ертіс ауданынан келген ағайынды Қанапиян және Сайран Мединелердің жасаған туындылары лайық деп танылды. Олардың ағаштан асқан ептілікпен жасаған бұйымдары көрермендердің көзін бірден баурап алды. Енді олар республикалық «Қанатты әйел» байқауына қатысатын болады. Галина Петрованың жасаған бұйымдары екінші орынға лайық деп танылса, үшінші орынға Юля Гаврилованың туындылары ие болды. Жүлдегер атанғандардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың ең жас шебері атағына Әлия Қалжанова ие болды. Ал жасы егде шебер аталымына Бақыт Әміренова лайық деп танылды. Байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға «Бибі Ана» мүгедек әйелдер қоғамының және Павлодар облыстық ішкі саясат басқармасының бағалы сыйлықтарын тарту етті. Өнерпаздардың үздік деп танылған туындылары «Қанатты әйел» республикалық көрмесіне қойылатын болады. Қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалауға келген Гүлнар Асқарова: «Байқауға қатысқан барлық шеберлердің бұйымдарына оң баға беремін. Мүгедек жандар үшін мұндай шаралар керек-ақ. Себебі олардың көңілдері бір сәтке көтеріліп, нәзік жандары жадырай түседі»,- деді бұйымдардың көркемділігіне таңданыс білдіріп.
Шара соңында көрмеге қатысушылардың құрметіне концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Павлодар қалалық музыка колледжінің студенттері ән шырқап, қара домбыраны күмбірлете күй шырқады. Өз кезегінде қол өнер шеберлері де бойға біткен өнерлерін бүгіп қалмады. Олар да қазақтың ұлттық әндерін орындап, белгілі ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды.

