Жұма күні кешкілік «Қанатты әйел-3» жаңа идеялар жәрмеңкесі Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында жалғасын тапты. Осында жиналған қалың жұрт, облыс әкімі Б.Сағынтаев, жәрмеңкеге келген мәртебелі меймандар есімі әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Айман Мұсаходжаеваны және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Б.Мұсаходжаева жетекшілік ететін «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрін жылы шыраймен қарсы алды.
Айман Мұсаходжаева осы концертті ұйымдастыруға белсене атсалысқан жандарға алғысын айта келе, өзінің алдағы уақыттағы жоспарымен көрермен қауымды таныстырып өтті. Бүгінгі концертті жәрмеңкеге деген жеке үлесі деп білетінін тілге тиек етті.
Ол орыстың ұлы композиторы Петр Ильич Чайковскийдің шығармаларын ерекше жақсы көретінін айтып, оның «Меланхолиялық серенадасын» орындау арқылы өзінің осы шығармамен үндесетін жан-дүние сезімін білдіргісі келетінін де айтты.
Көрермен қауым кеште Дворжактың, Вивальдидің, Мендельсонның, тағы басқа әлемдік деңгейдегі композиторлардың шығармаларын сүйсіне тыңдады.
Үлкен скрипка үніне бөленген жерлестеріміз Айман Мұсаходжаеваға, музыканттарға гүл шоқтарын көптеп сыйлап, ризашылықтарын білдірді.
Ө.ТАСТЕМХАНОВ.


