Үстіміздегі жылдың 19 қарашасы күні Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында жергілікті «Ұят-ай» жастар театрының «Мүмкін емес» атты бір жылдық қорытынды концерті өтті. Өнер сүйер қауымды қазақы қалжың мен әдемі әзілге қарық қылған өнер кешіне павлодарлық тұрғындар көп жиналды.
Аймағымыздағы өнерлі жастардың басын бір арнаға тоғыстырған «Ұят-ай» жастар театрының ашылғанына 1 жыл толды. Осы мерзім ішінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде, Ақтоғай және Ертіс аудандарында жеке концерттерін өткізген театр ұжымы келесі кезекте Екібастұз қаласының жұртшылығына жеке концерт беруді жоспарлап отыр. Әзіл-қалжыңдары шынайы өмірмен астасқан дарынды қыз-жігіттердің өнеріне көрермендер дән риза. Ә.Болатханұлы, С.Тоқайұлы, С.Сұлтанбаев, Н.Садығазин, А.Кәпұлы бастаған өнерлі жігіттердің қатарында Г.Алдажарова, І.Райымханова секілді нәзік жанды арулар да бар. Театр ұжымының ең кіші өнерпазы 5 жаста. Ақсу ауданы Алғабас ауылында тұратын кішкентай Айдын Жомартұлы кеште «Қара жорға» биін билеп жиналған жұртшылықты тәнті етті. Ал Ақтоғай ауданы Абай атындағы орта мектептің оқушысы Шыңғыс Кәмелбайұлы болашағынан зор үміт күттіретін өнерлі жастың бірі екенін дәлелдеді. Павлодар қаласының жұртшылығына танымал «Арман сыр» дуэті кешті әсем әндермен түрлендіре түсті. Сондай-ақ, жас әнші, «Шабыт» жастар фестивалінің қатысушысы Гүлниса Алдажарованың шырқаған әндері де көрерменнің жүрегіне жол тартты. «Әкім аға», «Бүгінгінің бомждары», «Дух пен пух» сияқты қазақы әзіл-қалжыңға толы көріністер көрермен көңіліне ерекше бір әсер қалдырғаны сөзсіз. Жас өнерпаздардың өнерін тамашалауға Астана қаласынан арнайы келген «Оян,намыс» журналының Бас редакторы Жолмұрат Шәмші: «Павлодар қаласында дәл осындай өнерлі жастардың басын біріктіретін өнер ошағы бар деп мүлдем ойламаппын. Бұл жақта да қазақы қалжың қалыптасқан ортаның бары қуантады,- деді өз сөзінде. Концерт соңында «Ұят-ай» жастар театрының жетекшісі Әміржан Болатхан жиналған жұртшылыққа театр ұжымының атынан алғысын айтып, концертті ұйымдастыруға демеушілік еткен «Шахеризада» мейрамханасының директоры Нұрсағат Оралханұлына және ақпараттық демеушілік жасаған Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымына ризашылығын білдірді.
Қазақ өнерінің ұшар шыңына шығуды көздейтін «Ұят-ай» жастар театрынан павлодарлық өнер сүйер қауым әлі талай тың көріністер мен қазақы қалжың күтетіндерін жасырмады.
Ф.ҚЫЗДАРБЕК,
Павлодар қаласы.

