ЖАС АВИАМОДЕЛЬШІЛЕР МЕН ТЕХНИКТЕР МЕКТЕБІ

Мектептің қабілетті оқушылары өңір тұрғындарын күннен күнге шығармашылық жаңалықтарымен қуантып, биіктерді бағындыруда. Бұл - Павлодар қаласының балалар техникалық мектебінің өнерлі оқушылары туралы жиі айтылатын сөздер. Александр Зозуля басшылық ететін балалар техникалық мектебінің елу жылдан астам тарихы бар. Мектеп директорының айтуынша, білім ордасының ұстанатын негізгі мақсаты техникалық қабілеттерін жетілдіруді көздеген шәкірттердің шығармашылығын көпке көрсету, жас ұрпақтың техника ғылымына деген қызығушылығын тудыру болып табылады.

Еңселі білім ордасы қаламыздың 600 шығармашыл балғынының басын біріктіруде. Мұнда түрлі бағыттар бойынша жұмыс істейтін он екі үйірме бар. Техникаға қызығушылық танытқан балалар аталмыш үйірмелерде мектептен тыс уақытта шығармашылығын шыңдайды. Басқаша айтқанда, техника ғылымының әліппесімен танысады. Автомобиль, кеме жасау, әскери техника, радиоэлектроника, сәулет және дизайн бағытында тәжірибелік білім алып, ұлағатты ұстаздардың жетекшілігімен керемет туындылар жасайды. Мектепте көбінесе ұл балалар еншісіне тиетін үйірмелермен қатар қыз балаларға арналған үйірме-студиялар баршылық. «Флора» ұсақ моншақпен тоқу, «Фантазия» тұзды қамырмен жұмыс жасау, «Сувенир» қолданбалы қолөнер сынды үйірмелерге келушілердің саны күннен-күнге артуда. Жас шеберлердің қолымен жасалған дүниелер қаламыздың қолданбалы өнер көрмелерінде тиісті орнын тауып үлгерген. Техникалық мектептің ұсақ моншақ тоқу және авиамоделизм үйірмелері республикадағы ең үздік студияларының бірі екенін мақтанышпен айтуға болады. Техникалық мектептің авиамоделизм үйірмесінде жасалған ұшақтар саны республика бойынша ең көп саналады.

- Бұл мектеп балалар үшін техникалық үйірме ғана емес, нағыз спорттың өзі. Себебі кеме немесе ұшақ моделінің сапалы жасалуы жеңіс тұғырынан көрінуге әрекеттену емес. Нағыз жеңіс - сенің маңдай терің мен аянбай еткен еңбегіңнің арқасында жеткен жетістігің! - дейді кеме және авиамодель жасау үйірмелерінің оқушылары.

 

Мектеп – білім тірегі, ұстаз - оның жүрегі

e«Білімнің басы — бейнет, соңы — зейнет» деген мақал бар. Павлодар қаласының балалар техникалық мектебінің педагог мамандары бұл қағиданы берік ұстанады. Айлап жасалынатын ұшақтар мен кемелердің үлгілері, төзімділікті талап ететін бисерден тоқылатын қолөнер бұйымдары және тағы басқалар осының дәлеліндей.

Адам баласына білім мен тәрбие егіз берілгенде ғана мақсатына жетеді. Сондықтан жас жеткіншектің табиғи қабілетін жетілдіріп, нақты мүмкіндіктерін анықтау арқылы соған негіздеп оқыту мектеп ұстаздарының алға қойған басты мақсаттары болса керек.

Білім мен білек күшіне сенген балалардың жеткен жетістіктері де аз емес. Жиырма рет кішірейтілген кемелер мен ұшақтардың үлгілері - бұл дүкенде сатылатын ойыншық емес. Олар - кәдімгі жүзетін кемелер мен әуеде ұшатын ұшақтар. Жас техниктер оларды жасауда физика заңдылықтарын ескеруі шарт. «Мектептегі үш авиамодель жасау және екі кеме жасау үйірмелері – мақтанарлық жайт. Себебі үш бірдей авиамодель жасау үйірмесі Қазақстан Республикасында - жалғыз, - дейді мектеп директоры.

Авиамодель жасау үйірмесінің ұстазы Валентин Ермаков техникалық мектепте 55 жыл қызмет етеді. Өзінің еңбек жолында көптеген білікті техник мамандарын тәрбиелеп, өмірден өз орнын табуына атсалысты. Бүгінгі күні олардың көбісі авиа жолдары саласында еңбек етуде. Ал авиамоделизм үйірмесінің жетекшісі Сергей Соц авиамодель жасау бойынша байқауларда облысымыздың абыройын асқақтатқан бірқатар оқушыларды тәрбиеледі. Оның сөзінше, ұшақтың әр үлгісін жасауда оқушы бойында төзімділік мен өз жұмысына деген сүйіспеншілік сезімі басым болуы қажет.

Ұстамы жақсы ұстаздардың ерен еңбегі мен мамандыққа деген сүйіспеншілігінің арқасында павлодарлық жас техниктердің бағындырған шыңдарының өзі бір төбе. Ол туралы ауыз толтырып айтуға болады. Жуырда балалар техникалық мектебінің алты оқушысы авиа моделі спорты бойынша өткен XVIII республикалық чемпионаттан олжалы оралды. Жас авиамодельшілер Владислав Райле мен Максим Маковский - әуе спорты бойынша Қазақстан чемпионы. Әуе ұшақтарының «құлағында ойнаған» ол Алматы қаласында өткен халықаралық байқауда түрлі бағыттарда бағын сынап, 11 медальді жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, төртеуі – күміс және қола медальдер. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан техниктері қатысқан жарыста жалпы есеп бойынша павлодарлықтар Алматы және Қарағанды командаларына ғана жол беріп, үшінші орынды қанағат тұтты. Балалар техникалық мектебі жанындағы әскери техника үйірмесінің мұғалімі Сергей Хорошевтің есімі облысымызға ғана емес, бүкіл республикаға танымал десек, артық айтпаспыз. Ол - «Викерс-Армстронг» Т-26/31 танк үлгісін жасаған жалғыз техник-маман. Оның шебер қолымен жасалған танк үлгілері шетелдің әскери техника жеке коллекцияларынан орын алған.

Ұл балалар темір, ағаш сияқты бұйымдардан түрлі техника бұйымдарын жасауға қызығушылық танытса, қыз балалар ұсақ моншақ, тұздалған қамыр сияқты заттардан қолөнер бұйымдарын жасауды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырған. «Фантазия», «Сувенир», «Флора» студияларында қабілетін жетілдіріп жүрген қыз балалар қолынан жасалған әр туынды мектептің көрме залының көркін келтіріп тұр. Ирина Зозуля жетекшілік ететін «Флора» студиясының шәкірттері бисерден бұйым жасау техникасын толық меңгерген. «Фантазия» тұздалған қамырдан бұйымдар жасау үйірмесіне оқушылар лек-легімен келіп жатады. Үйірме жетекшісі О.Рекунова тұздалған қамырмен жұмыс істеу техникасын меңгеру оңай іс еместігін айтады. Бұл үйірмеге оқушылармен қатар, олардың ата-аналары да қатысуда. Бұған ешқандай шектеу жоқ. Мәселен, Ақмарал Өтегенова - №2 қазақ мектебінің оқушысы Нарғыз Ізбасарованың анасы. Анасы мен қызы жұптасып, «Фантазия» үйірмесіне келіп жүргендеріне үш жыл болыпты. Қазіргі таңда ана мен қызы көрмелерге қатысуға ниет білдіріп, дайындық үстінде екен.

- Бала қабілеті мен дарынын толық ашу тек қана бала үшін емес, ең алдымен қоғам үшін де маңызды болып отыр. Мектепте білім нәрімен қаруланған ұрпақ білімінің одан әрі жетілуіне, оның жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық шыңға жетуіне қосымша білім беру мекемелерінің атқарар рөлі зор. Біз Қазақстанның болашағы үшін еңбек етеміз, - дейді техникалық мектеп мұғалімдері.

Қазақстанда дәл осындай он екі балалар техникалық мектептері бар екен. Ал Павлодардың техникалық мектебі – үздіктердің қатарында. Бұл мектепте қызмет атқаратын ұстаздардың арқасында екені сөзсіз.

 

Ақмарал ЕСІМХАНОВА,

Павлодар қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 26 27 28
29 30