дейді «Ойна» ән мен әзіл отауының жетекшісі Арман Хасенов
Ертістің Павлодар өңірі бойына өнер тұнған жастарға толы. Күні кеше ғана құрылған «Ойна» атты ән мен әзіл отауы павлодарлық жұртшылыққа күлкі мен әзілден шашу шашып, өнер айдынында өз орнын тауып үлгерді деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Өнерсүйер қауымға шаттық сыйлаудан шаршамай жүрген өнер ұжымына биыл - бір жыл. Ендеше, «ЖАС times»-тың оқырмандарына қазақи әзілдің қымызын сапырып жүрген ән мен әзіл отауының жетекшісі, өңірімізге танымал әнші Арман Хасеновпен жүргізген сұхбатымызды ұсынамыз.
- Арман, сұхбатымызды бастамас бұрын «Ойнаның» бір жылдығымен құттықтаймын. Биылғы жылы көрермендерді қандай жаңалықтармен қуантпақсыздар?
- Рахмет! Осыдан бір жыл бұрын алғашқы концертімізді берген болатынбыз. Ол кезде басты мақсатымыз концерттің телевизиялық нұсқасын шығару болатын. Арманымыз орындалып, шығармашылық кешіміздің бейне түсірілімі республикалық телеарналардан таратылды. Сатылымда да бар. Әрине, қуаныштымыз.
Биылғы жылы да «Ойна» ән мен әзіл отауының ұжымы өзінің жеке концерттік бағдарламасын жамағатқа ұсынды. Бұл тұрғыда үлкен дайындық жұмыстары жүргізілгенін айтқым келеді. Жаңалыққа келетін болсақ, «Ойнаның» осы жолғы думанды бағдарламасының асығы алшысынан түсіп тұр деуге негіз бар. Олай дейтініме негізгі себеп – былтырғы дүниелерден ешқандай қайталанулар болмайды. Халыққа тек қана жаңа әзілдер мен әндерімізді ұсынамыз. Бұл – бірінші жаңалығымыз. Шығармашылық ұжым құрамындағы алты жігіттің барлығы да жоғары білімді, әртістік өнердің қыр-сырын үйреніп жүрген азаматтар. Дегенмен, бізге әлі де болса, сахналық мәдениетті меңгеру қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан қазіргі таңда біз концертке арнайы маман, режиссермен дайындадық. Режиссердің аты-жөні әзірше құпияда сақталған жөн. Екінші жаңалығымыз осы.
- Өзіңіз жетекшілік ететін отаудың қазіргі жұмысына тоқталып кетсеңіз. «Өнер десе, ішер асын жерге қоятын» көпшілікке қандай әзілдерді ұсынбақсыздар?
- Жалпы, концертте қойылады деп жоспарланған қойылымдардың сценарийлерін жазу үшін авторларды алыстан іздеп жатқан жоқпыз. Барлығын өзіміз жазамыз. Бүгінгі тіршілігіміздегі түйткіл мәселелер «Ойнаның» өзегіне айналып, халық талқысына әзілмен өрнектеліп ұсынылатын болады. Мақсат-мүддеміз де осы еді. Бұл жолғы бағдарлама көрерменнің жан дүниесін үйіріп алар тамаша тәсіл тауып, айтар ойын, мақсат-мұратын ұтымды жеткізуді көздеп отыр. Концертте қазақы менталитетімізге жат келетін, сондай-ақ тіл, діл, дәстүр мәселелері, қоғамда орын алып отырған басқа да олқылықтар қалжыңымен ұштастырылып орындалмақ. Бір сөзбен айтқанда, сол арқылы қазіргі қоғамның көлеңкелі тұстарын қалжың мен әзілдің нақышына саламыз. Күнделікті өмірде куә болып жүрген өмірлік жағдайларды арқау ету арқылы жұрт езуін тартқызатын мысқылды мысқылдап, көрермен қауымға жеткіземіз. Және де бір жылдық концертімізде монолог жанрында қойылым қоймақ ойымыз бар. Бұл тұрғыда режиссермен жүргізілген жұмыс нәтижесін талғампаз көрерменнің өзі бағалар. Бүгін өтетін жобамыз көрерменнің көңілінен шығады дегенге кәміл сенемін. Өйткені шығармашылық кеште халық талғамына сай ән мен әзіл, күй мен би өзара үйлесімін табады.
- «Ойнаның» өнер ұжымында өзгерістер бар ма?
- Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ Бұрынғы топпен дайындық жұмыстарын жүзеге асырып жүрген жайымыз бар. Өздеріңіз білетіндей, ән мен әзіл отауының құрамында Елдос Төлеубаев, Алтынбек Мұқышев, Оңғар Қабден, Алмаз және Азамат Хасеновтер бар. Болашақта олардан зор үміт күтемін.
- Павлодар тұрғындарына сіз тек «Ойнаның» жетекшісі ғана емес, сонымен қатар бұрынғы «Жеңеш-ай» триосының әншісі, ал бүгінде жеке әнші ретінде танымалсыз. Сондықтан жеке шығармашылығыңыздағы жаңа дүниелермен бөліссеңіз...
- Жалпы, өнер айдынында жүзіп, халыққа ән сыйлап жүргеніме қуаныштымын. Әзірге, «кесіп, пішіп» ештеңе айта алмаймын. Ән қоржынымда Бақтияр Шақпақбаевтың әніне, Оңғар Қабденнің сөзіне жазылған «Қараңғы қалада» деген жаңа ән қосылды. Бүгінгі күнге дейін үш әнге түсірілген бейнеклиптерім бар. «Ақерке» деген әнге түсірілген бейнеклип көрермен назарында. Алдағы уақытта Украина мемлекетіне барып, Қайырбек Сәтиевтің әніне, Оңғар Қабденнің сөзіне жазылған «Неке жүзік» әніне бейнеклип түсіру жоспарда бар. Ол Мәскеуде өңдеуден өтті. Әрине, бұл - келешектің еншісінде. Естеріңізде болса, алдыңғы жылы жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңіріміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Жаңа жыл – жаңа жыр» деген тележоба жүзеге асырылған болатын. Осы жылы да бұл жобаны жалғастырмақпыз.
- Болашақта «Тамаша», «Бауыржан шоу», «Шаншар» сынды атақты әзіл отауларының жолын қуып, үлкен театр атануға қалай қарайсыздар?
- Театр - үлкен жауапкершілікті талап ететін дүние. Біз – «Ойна» ән мен әзіл отауымыз. Дегенмен, өнерімізді бағалайтын халық біздің өнер ұжымын «театр» деп атап жатса, әрине қуанамыз, қарсы емеспіз.
- Әңгімеңізге рахмет! Өнерлеріңіз өрге жүзсін!
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.


