Қасиетті Кереку елі өз өмірін өнермен ұштастырған саңлақтарымен мақтана алады.
Еліміздің шоқтығы биік рухани ордаларының бірі – Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, актер Сейітжан Тәжібаев желтоқсанның он екінші жұлдызы күні асқаралы 60 жылдық мерейтойын тойламақ.
Мерейтой иесі – Сейітжан Тәжібаев 1950 жылы Жамбыл облысы Шу ауданының Новотроицк ауылында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған ол Жамбыл қаласының мәдени-ағарту училищесіне түсіп, өнер саласына бет бұрады. Актерлік өнерге деген құштарлығы оның Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетіне түсіп, бойдағы дарындылығы мен білімін шыңдауына септігін тигізеді. Сейітжан аға консерваторияны тәмамдағаннан соң, өнер жолын С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ театрында бастайды.
Оның Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының негізін қалауға атсалысқан азаматтар қатарында екенін атап кеткен жөн. С.Тәжібаев 1990 жылдан бастап театр өміріне араласып, оның дамуы жолында аянбай тер төгуде.
Талмас талант пен өз жұмысына деген зор сүйіспеншіліктің арқасында талай жетістіктерге қол жеткізді. Сейітжан аға 1999 жылы Қарағанды қаласында өткен VІІ Республикалық театрлар фестивалінде М.Шахановтың «Отырар дастаны» спектаклінде Шыңғыс хан рөлін сомдағаны үшін «Ең үздік ер адам» аталымын иеленсе, 2008 жылы Ақтау қаласында өткен ХVІ Республикалық театрлар фестивалінде Э.Фелиппоның «Филумена Мартурано» қойылымына қатысып, бас жүлденің иегері атанды. Театрдың жиырма жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтой өнер ұжымы үшін тамаша сыйлық болары анық.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

