Аймағымыздағы ұлттық өнердің айнасына айналған Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Доскен Ұябай - төл өнеріміздің дамып, көркеюіне үлес қосып жүрген бірегей тұлға. Доскен аға - театр репертуарындағы ірілі-ұсақты ондаған рөлдерді сомдап, талантымен танылған актер, театр өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген талантты дарын иесі. Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері- Ақтоқтысындағы» Сердәлі, Қоңқай, «Қыз Жібектегі» Шеге, «Еңлік-Кебектегі» Еспембет, «Айман-Шолпандағы» Жантық ақын, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуіндегі» Қабанбай рөлдерін сахналап, көрермен көңілінен шыққан Доскен Ұябай биылғы жылы мерейлі 50 жасқа толды. Павлодар қаласында бұрнағы күні актердің «Жүрек-ай, жүрек тулаған» атты шығармашылық кеші өтіп, өнерсүйер қауымның жүрегінен жол тапты. Мерейтой иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Доскен аға, еңселі елу жасыңыз құтты болсын! Әңгімемізді шынайы шеберлік пен тынымсыз еңбекті қажет ететін өнер ортасына келуіңізден бастасақ...
- Мен Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданындағы Амангелді ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым сол жерде өтіп, ер жеттім. Құдайдың берген дарыны болар, өнерге, ән айтуға, сурет салуға бала кезден әуес едім. Мектепті ойдағыдай тәмамдап Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық училищеге оқуға түстім. Оны бітірген соң, Алматыдағы театр және көркемсурет институтын (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы) музыкалық комедия актері мамандығы бойынша тәмамдадым. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машуровадан дәріс алдым. Өнердегі алғашқы қадамымды талантты актриса Әмина Өмірзақованың ұлы, режиссер Талас Өмірзақовтың «Шәкәрім мектебі» атты эксперименталды театрында бастадым. Павлодардағы театрға 1991 жылдың қаңтарында келдім. Содан бері небір талантты актерлермен бірге қоян-қолтық араласып, еңбектеніп келеміз. Өнер ошағындағы Мұхтар Байжұман, Сансызбай Бекболатов, Талжібек Атамбек, Ақық Таспаева, Сейітжан Тәжібаев секілді әріптестеріммен театр қабырғасында бірге жүріп, жетілдік.
- Сіз сомдаған бейнелердің қайсысы жаныңызға жақын?
- Сахнада сомдаған образдарымды ешқашан бөліп-жарған емеспін. Комедия актері болған соң күлкілі бейнелерді сәтті шығаратын секілдімін. «Ханума» драмасындағы Тимотэ, «Қыз Жібектегі» Шегенің, «Әпкедегі» Тимур, «Табалдырығыңа табын» драмасындағы Жөкен шал бейнелері жаныма жақын. Соңғы екі туындыда қазіргі заманның шындығы шебер өрілген. Жалғыз баласы тастап кеткен Жөкен шалдың ішкі толғанысы, оқу оқып, қызмет қуып, ата-ананы керек етпеген баланың өкініші - бәрі күнделікті өмірден алынған үзінділер. Сай-сүйегіңді сырқыратар осындай шығармалардың көрермен қауымға берер тәлімі мен тәрбиесі мол. Бірер малымен ескі жұртта қалған шалмен ұлдың елесі сөйлескендей болады. Сонда қария: «Табалдырық - қасиетті. Бұл тек үйдің табалдырығы емес, бұл – елдің табалдырығы. Сен содан айырылдың. Табалдырық аяқ астында жатқанымен, ол бәрімізден биік. Сен содан кешірім сұра» дейді. Міне, қарияның осы бір ауыз ғана сөзінде бүкіл бір ұлттың тағдыры, қадір-қасиеті жатыр емес пе?! «Қыз Жібектегі» ақынжанды Шегенің рөлін өз басым сүйіп ойнаймын. Турашыл, әділетсіздікті бірден бетке айтатын бейне маған жақын.
- Кеше ғана көрермен көңілінен шыққан «Жүрек-ай, жүрек тулаған» атты шығармашылық кешіңіз өте әсерлі өтті. Кештің тақырыбын неліктен дәл осылай атадыңыз?
- Өнер адамы болғандықтан, өлең шығарып, ән жазамын. Сол себепті ширек ғасырды қорытындылап, шығармашылық кеш өткізуді қолға алдым. Кешті «Жүрек-ай, жүрек тулаған» деп қою себебім - қуаныш пен жұбаныш, қайғы мен қасірет барлығы да жүректің әмірімен жасалатын әрекет. Адамның жүрегі таза болуы керек. Кешке келген адамдардың барлығы демей-ақ қояйын, қазақ өнерін тереңнен бағалайтын жандар өздеріне қажетті құндылықтарды саналарына сіңіріп алды деп ойлаймын. Мен орындаған өлеңдерден өздеріне қажеттерін алып, тұңғиық ойға шомылып кетсе, соның өзі - мен үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе. Қандай қиыншылық, таршылық заман болса да, бір-бірімізге деген жүрек лүпілі ерекше болуы тиіс.
- Өміріңіздің ширек ғасырын артқа тастадыңыз. Осы аралықта қазақ өнеріне өз үлесімді қостым деп ойлайсыз ба?
- Мынадай іс тындырдым, биіктерге көтерілдім деп кеуде соғып, мақтанбаймын. Ел қатарлы жұмыс істеп келе жатырмын. Соған да тәубе дейміз. Шама-шарқымызша өңірдегі қазақ өнерін жетімсіретпейік деп тынымсыз еңбектенеміз. Сахнаға шығып жан-тәнімізбен бейнені сомдау – тек халық игілігі үшін жасалған іс. Өнерсүйер қауымның көңілінен шықсақ, біздер үшін ерекше қуаныш. Менің өнерімді халық бағалайды. Сондықтан қазақ өнеріме қосқан үлесімді өнерсүйер қауымнан сұраған жөн болар.
- Отбасыңыз жайлы бірер ауыз сөз айта кетсеңіз...
- Зайыбым Бекайым Қасымханқызы мәдениет саласында жұмыс атқарады. Қызым Гауһар – отбасымыздың қуанышы мен ұйытқысы. Бірлік пен мейірімнің ортасында күн кешіп отырған бақытты жанұямыз. Жұмыс істеп жүрген Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры - мен үшін екінші отбасым. Ол жердегі ағаларым мен інілерім, апаларым мен қарындастарым - бәрі-бәрі менің отбасымның мүшелері. Сондықтан отбасымның ортасында бақытты күн кешкенге не жетсін.
- Әңгімеңізге рахмет. Өнердегі қадамыңыз үстем болғай.
Әңгімелескен: Еркебұлан ӘМІРЕНОВ.

