ЖАЛҒАСЫ ЖҮЙРІКТЕРДІҢ ЖӘНІБЕК САЛ!

 

 

Апайтөс даланың төсін томпитып тұрған ана бір биіктің басына аяңдап шыға қалсаңыз, көкірегіңіз өзінен-өзі күмбірге толып, қараптан-қарап айқайға басып ән салғыңыз келеді. Мүмкін, сары даланың төсінде сағымша көшкен кешегі бабаларымыздан әуезі бөлек, бітісі биік небір қайталанбас әндердің бүгінге қалуына осы себеп болды ма екен дейсің іштей. Шынында да, алқа-салқа болған сахара кеңістіктің сәні асқақтатып «Ардаққа», қияннан қайырып «Қанатталдыға», шалқытып «Шәмсіқамарға» салмасаң, домбыраның шанағын тырналап айтатын ауыл үйдің алты ауызына әсте үйлеспейтін сияқты. Кей-кейде Жәнібектің әнін тыңдап отырып, еріксіз осындай бір ойға қаласың.
 
Алматыға барып, «академия» тауыспай-ақ, алқалы жұрттың ардақтысына айналған Жәнібек арнайы алдында барып дәріс алмаса да, өзін «Қайрат ағаның шәкіртімін» деп есептейді.  Яғни, рухани шәкірті, рухани інісі деп түсінген абзал. Сонау бір кездерде Арқа жеріне өнер сапарымен келіп жүрген Қайрат Байбосынов ағасы  қалың елдің ішінен домбыра құшақтаған қара балаға ерекше ықыласы ауып, қасына ертіп жүріп, концерттерде ән салдырады екен. Екеуінің  арасындағы осы бір жылылыққа толы аға мен інілік, ұстаз бен шәкірттік қатынас әлі де үзілмей келеді...
Былайғы ел мен жұрт екібастұздық деп танығанымен, Жәнібектің кіндік қаны тамған жері - Баян өңіріндегі Теңдік ауылы, атақты Далба төңірегі. Әрісі Бұқар жырау, берісі  Қаныш Сәтбаев сынды ұлылар топырағын басқан аруақты аймақ, киелі мекен. Көкдомбақтың биігіне шықсаңыз, көкжиегін аспан көмкерген көл-көсір дала өзінен-өзі ән салып тұрғандай күй кешер едіңіз. Енді ше? Ақбет пен Қызылтаудың алқабын дүбірлетіп, әнді ерттеп, күйді мінген Жаяу Мұса мен Жарылғапберлі, Бүркітбайдың Мұстафасы, Едірей мен Айрықтан мақам тарқан Мәди, терістік беттегі қалың Дадан Тобықтының шаңтимесі Шашубай, көк Есілді әнмен көмкерген Ғазиз бен Құлтума, Көкшенің көкмойындары Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, мынау іргедегі әулиелі Ақкөлдің ән еркесі Естай, Ертіс бойындағы Майра мен Байғабыл әнші... Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан даланың ән академиясы! Жәнібек бала да кешегі жүйріктер секілді, кезінде осы академияға құжатсыз қабылданып, тіркелмеген тыңдаушысы болған!
- Менің атам қойған шын атым Бәтимә,-деп Жәнібек өзіне тән әдетімен екі көзін сығырайтып, ақсия күледі. 
- Түсінбедім...
- Мәлік атам әкеден жалғыз екен. Үлкен ұлы Хадистен ағам Қазыбек, одан кейін мен дүниеге келдім. Өспеген тұқым едік, екі ұл бірінің артынан бірі туды, елдің көзі тиіп жүрер деп, атам менің атымды Бәтимә деп, әдейі қыздың атын қояды. Қазір осы уақытқа дейін елдің біраз адамдары мені сол әдетпен Бәтә деп атайды. Бірақ мен қырқымнан шықпай жатып, үйге елге белгілі Сары молла деген адам келіпті.
- Мәке, туманың бауы берік болсын,                 ұл ма, қыз ба?-деп сұрайды.
- Қыз бала еді...- деп атам төмен қарапты.
Сол кезде ана жақтан мен бақырып жыласам керек. Елең еткен Сары молла:
- Мынау ұлдың даусы ғой, Мәке, енді бұдан былай жасырмаңыз, Алла ғұмыр жасын ұзақ қылсын, есімі Жәнібек болсын!-деп батасын беріпті. Бірақ атам өзі өле-өлгенше Бәтимә деп кетті.
- Есте қалатын әңгіме екен. Ал енді ауылда туған қазақтың бәрі әнші болып жатқан жоқ, өнерге жақын болуыңыздың себебі не?
- «Ел іші - өнер кеніші»-деп тегін айтылмаған ғой. Бала күнімде біздің жақта Қырықбаев Бақыт, Досов Төлеутай, Мақсұт деген әншілер болды. Соларға қарап отырып, осындай әнші болсам деп армандайтынмын. Шешем Раушан марқұм да әсемдеп «Гауһартасқа» салушы еді. Осылардың әсері болған шығар, бала күнімнен домбыра ұстап, ән айта бастадым. Бертінгі уақытта әнші ретінде халыққа танылуыма Екібастұз қалалық мәдениет бөлімін басқарған Жүрсін Бәтенов ағамыздың ықпалы зор болды. 1986 Алматыда өткен әнші-термешілердің байқауында жүлдегер атанып, елге танылдым. Екі жыл өткен соң тағы да осындай байқаудың жеңімпазы болдым. Содан кейінгі жылдары Қайрат Байбосыновпен бірге Павлодар облысының аудандарын аралап, концерт қойдық. Кеңес уақытында екі мәрте Бүкілодақтық халық шығармашылығы байқауының лауреаты болдым (кеңестік кезеңді қанша жамандасақ та, осындай игі шаралар өтіп тұратын). Осының барлығы менің өнерпаз ретінде ұшталып, халыққа танылуыма себеп болды. 
Құдайға шүкір, қазір де ескерусіз қалып жатқан жоқпын, 2004 жылы өнер саласындағы көп жылғы еңбегім үшін Мәдениет министрінің бұйрығымен «Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері» деген атақ алдым. 2009 жылы Астана қаласында дербес концертімді өткізіп, сол жердегі елдің ықылас-құрметіне бөлендім. Қазіргі ұлттық өнеріміздің абыздарының бірі, композитор Еркеғали Рахмадиев ағамыз сахна төріне шығып, батасын берді. Белгілі қоғам қайраткері Қажымұрат Нағыманов бұлғыннан бөрік кигізіп, мерейімді көтерді. Бұның бәрін мақтаныш үшін айтып отырған жоқпын, халық тарапынан жасалған ыстық ықылас дүбірлі ортадан алыстау жүрген біз секілді өнерпаздарға қашанда қанат береді. Сол жылы қазақтың сал-серілерінің мекені атанған Қызылжар, Көкшетау өңіріне де барып, арнайы концерт беріп, сол жақтағы жамағатпен жүздестім. Өткен жылы өзімді қадірлейтін ел-жұрттың қолдауымен Жәнібек деген есіміме «сал» деген қосымша жалғанып, енді ел ішінде «Жәнібек сал» атанып жүрмін. Бұл біріншіден өнерпазға шығармашылық серпіліс берсе, екіншіден кешегі бабаларымыздан қалған дәстүрді тірілту деп түсінемін.
- Қазір халық әндерінің ел ішінде тыңдалуы қалай?
- Өкінішке орай, халық әнінің күн санап қадірі қашып бара жатқанын байқап жүрміз. Себебі оны түсінетін тыңдарманның қатары сиреп барады. Кейінгі жастардың ықыласы батыс музыкасына ауып кеткен. Қазір халықтық өнер солтүстік өңірлерде насихатқа, қолдауға зәру. Ана бір жылдары Орал қаласына өткен Мұхит әндерінің байқауына барып қатыстым. Өзіңіз білесіз, Арқа әндері мен Батыс өңірі әуендерінің  табиғаты екі басқа. Оның үстіне сол жерде міндетті түрде Мұхиттың «Айдайын» шырқау керек болды. Шынымды айтсам, мен білмеуші едім. Бірақ бір түннің ішінде осы «Айдайды» үйреніп алып, ертеңінде орындап, сексен әншінің ішінен үшінші орынға ие болдым. Бірақ менің айтайын дегенім бұл емес, сол жақтағы елдің халық әндеріне деген ерекше ықыласы еді. Шіркін, бізде де сондай тыңдарман болса деп армандайсың.
- Жәке, ердің жасы елуге иек артқалы жатырсыз, бұл да бір белес қой, ресми орындардан қолдау бар ма?
- Әрине, Екібастұз қалалық әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы қолдау жасап, осы жылдың басынан бастап Павлодар қаласының өзінде, сонан соң облыстағы бірнеше аудандарды аралап, концерт бермекпін. Соңғы есеп концертім наурыз айында осы Екібастұздағы «Өнер» мәдениет сарайында өтпек. Халық әнімізді тыңдап, содан аз да болса рухани ләззат алса, өнерпазға одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.
Жәнібек сал Елордамыздың төрін әнге бөлеген күні өзінің өнердегі әріптес досы көкшетаулық айтыскер ақын Құдайберді Мырзабеков былай деп жыр арнаған екен:
«Өнерпаздың бүгінде жанды бағы,
Асқақтады сері мен салдың әні.
Сенің әнің тай емес, құнан емес,
Сенің әнің - бабаңның арғымағы!»
Ендеше бабадан қалған ән-арғымақтың бағын асырып, бабын  сайлап жүрген Жәнібек салға біз де баянды ғұмыр, байрақты жүлде тілеп, қош айтыстық.
 
Сайлау Байбосын, 
ҚР Жазушылар одағының мүшесі.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31