Осындай атаумен Павлодар облыстық көркемсурет музейінде танымал суретші Евгений Фридлиннің көрмесі өтті. Көрмеге қылқалам шеберінің 34 кескіндеме шығармасы қойылған.
Сурет өнерінің қыры мен сырын терең меңгерген суретші 1974 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Павлодар көркемсурет колледжін үздік тәмамдаған. Жас суретші - ҚР суретшілер Одағының мүшесі, «Жаңа есімдер» және шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Өңірімізде дәстүрлі түрде өтетін М-АРТ көрмесінің, «АРТ-Вильнюс» сурет жәрмеңкесі мен Кельнде өткен (2009) қазақстандық суретшілер тобы көрмесінің мүшесі атанып, өнер туындыларын жұртшылық назарына ұсынуда.
«Павлодар көшелері», «Алматы күзі» серияларының кескіндеме туындылары жиналған қауымның ерекше сүйіспеншілігіне ие болды. Туған қаламыздың көрікті көшелері мен табиғаты суретші қиялының арқауына айналғаны көрініп тұрды.
Павлодарлықтар өнер иесінің көрмесін наурыздың он екісіне дейін тамашалай алады.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

