Наурыз мейрамының қарсаңында облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды. «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында екі күнге ұласқан сөз додасында орақ тілді арқалы ақындар айтыссүйер қауымның делебесін қоздырды. Наурыз айтысты облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.
Ақындар айтысының алғашқы күнінде 27 ақын бақ сынап, мәре айтысқа жолдама алғандары анықталды. Аймағымыздың жас ақындары мен республикалық додаларда топ жарып жүрген жыр сүлейлері Наурыз мейрамында тамаша айтыс жасады. Айтыстың ақтық бәсекесінде қарсыластарын сөзбен сабаған баянауылдықтар Тілек Сейітов, Аспанбек Шұғатаев, Абай Рымбай жолдама алса, Павлодар қаласының намысын қорғаған Бейбіт Бөжен, Асығат Тұрғанбек, Қуаныш Шарманов өнер көрсетті. Мәре айтысты баянауылдық ақындар Т.Сейітов пен А.Шұғатаев бастады. Әзіл-қалжыңға өрілген «тартыста» соңғысының мерейі үстем болды. А.Шұғатаев Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын жырлауда көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Атап өтер бір жайт, аталған қос ақынның ұстазы Жұмкен Сейітов қазылар алқасына мүшелік етті. Ал Бейбіт Бөжен мен Абай Рымбай аға мен інінің айтысын ұйымдастырды. Айтыс сахнасына енді ғана шығып жүрген баянауылдық өрен А.Рымбай халық алдында тосылмай, тәжірибелі ақын ағасының сауалдарына табан астында жауап беруімен ерекшеленді. Негізгі тартыс республикалық додалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, өңіріміздің белді айтыскер ақындары Қуаныш Шарманов пен Асығат Тұрғанбек арасында өрбіді. Әр айтқан сөздерінде тәлім мен тәрбие тоғысқан қос ақынның айтысы жас өрендерге үлкен сабақ болғаны сөзсіз.
Дүбірлі сөз додаларында дес бермей, шәкірттерін ақындыққа баулып жүрген Асығат Тұрғанбек Наурыз айтыстың жеңімпазы атанды. Маржан сөздері мен тартымды мақамымен көрермендердің қошеметіне бөленген Қуаныш Шарманов екінші орынды иеленді. Ал баянауылдық Аспанбек Шұғатаев үшінші орынға табан тіреді. Баянауыл ауданының өкілі Абай Рымбай додадағы «Ең жас ақын» аталымына ие болды. Бейбіт Бөжен «Өнерлі ақын» атанса, Тілек Сейітов «Ұшқыр ақын» аталымын иемденді. Жеңімпаз ақындар мен жүлдегерлерге ақшалай және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Е.ҚЫЗДАРБЕК.

