Аймағымыздың атын шығарып, шетелдерде ел абыройын асқақтатып жүрген таланттардың бірі – ақсулық Дамира Мәжитова.
Жастайынан ән, би өнеріне жаны құмар Дамира қазір небары 16 жаста ғана. Ол үш жасынан бастап би билеп, бес жасында ән айтуды үйренді. Кішкентай қыздың өнеріне сүйсінген жұртшылық сол сәттерден-ақ оның болашағынан үлкен үміт күткен. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, бүгінде талантымен көпшіліктің көңілінен шыққан қаршадай қыздың жеткен жетістіктері аз емес. Өзінің шығармашылық жолында көптеген халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулардың лауреаты атанып, еліміздің атын шығарды.
Анасы Ләтипа Тәттімбетқызының айтуынша, оның өнерге деген құлшынысы бүлдіршін кезінде байқала бастапты. «Ақсу қаласының мәдениет үйінде қызмет етіп жүргенімде Дамира сахналық киімдерді киіп алып, менімен бірге ілесе жүріп концерттерге қатысатын. Тіпті, сахналық киімдерді шешпей, үйге алып кеткен кездеріміз де болды», - деп жымия еске алды анасы. Осы уақыттан бастап ол қызының бойындағы қабілетін дамытып, шеберлігін шыңдауға белін бекем буады. Сөйтіп, Л.Құрақбаева қызымен алғашқы рет сахна төріне шығады. Екеуі дуэт құрып, мәдениет үйінің кең сахнасында әйгілі «Ах, Самара городок» әнін шырқауы Дамираның шығармашылық жолындағы алғашқы қадамы болса керек.
Талабы таудай Дамира өткен жылы Ақсу қалалық өнер мектебінің фортепиано сыныбын тәмамдаған. Осылайша, би билеп, ән салумен қатар фортепиано аспабында ойнаудың қыр-сырын жетік меңгерген жас таланттың алға қойған өз мақсаттары бар. «Менің анам - еңбекқор, талапшыл және қатал мінезді адам. Ол сияқты қиындыққа мойымай, жалқаулыққа бой ұрмай, тер төгіп еңбек етуге даярмын. Өнер жолы еңбексүйгіштікті талап етеді. Орта білім беретін мектепті аяқтаған соң, Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсуді көздеп отырмын», - деді.
Әңгіме барысында Дамира өз өмірінде «музыка» деген құдіретті ең бірінші орынға қоятынын жасырмады. Кішкентай кезінде әуенге деген әуестік болса, қазіргі кезде Дамира үшін музыка өнері сүйікті ісіне айналған. «Мен 6 жасымнан бастап ән байқауларына қатыса бастадым. Анаммен бірге алғашқы рет сахнаға шыққаным, өңірімізде, шет елдерде ұйымдастырылған байқауларға қатысқан сәттерім ешқашан ұмытылмайтыны анық. Солардың ішіндегі Болгария мемлекетінің Туракан қаласында, Дунай өзенінің жағасында өткен «Ноты реки» халықаралық байқауы – ең әсерлісі деп айтар едім. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас өрендердің басын біріктірген байқаудың сахнасына шықтым. Қазақ тілінде шырқаған әнімді шетелдік көрермендер қауымы жылы қабылдады. Болгарлық журналистер мені «Қазақстанның кішкентай ханшайымы» деп атаған болатын», - дейді ол.
Жас өнерпаз жыл сайын ақсулықтарға өзінің жеке концерттік бағдарламаларын ұсынып келеді. Алғашқы кешін достарының құрметіне арнапты.
Қазір оның ән қоржынында жиырмадан астам би мен ән бар. Дамираның орындауындағы «Отаным», «Асыл әже», «Әкем әнім», «Девочка, которая поет» және тағы басқа әндері өнерсүйер қауымның жүрегіне жол таба білген.
«Әкесіне қарап ұл өсер, анасына қарап қыз өсер» демекші, ақсулық жас жұлдыздың өнер жолына қадам басуына анасы Ләтипа Тәттімбетқызының ықпалы зор. Олай дейтініміз, тәрбиелі ортада өсіп, адамдық асыл қасиеттерді берік ұстанған Ләтипа Тәттімбетқызы Дамираның үлгі тұтар анасы әрі өнер айдынындағы жан серігі. Осындай тұла бойы өнерге толы анасынан тәлім-тәрбие алған Дамираның шығармашылықпен айналысқанына биыл 10 жылдың жүзі болыпты. Жас болса да талай асуларды бағындырған өнер өреніне шығармашылық табыстар тілейміз.
Дамира бағындырған белестер
-Павлодар қалалық «Бүлдіршін» балалар байқауының лауреаты;
- Алматы қаласында өткен халықаралық «Бозторғай» байқауының ІІІ орын иегері;
- Алматы қаласында өткен «Жас дәурен» телевизиялық республикалық байқауының ІІ орын иегері (6 жас);
- Петропавл қаласында «Жастар дауысы» халықаралық байқауының І орын иегері;
- Ақтөбе қаласында өткен «Айналайын» республикалық байқауының бас жүлде иегері;
- Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» халықаралық байқауының І орын иегері;
- Павлодар қаласында өткен «Хрустальный звон» аймақтық байқауының ІV орын иегері;
-Ресейде өткен эстрадалық ән өнерінің «Волшебный микрофон-2005» XIV жалпыресейлік балалар және жасөспірімдер фестивалінің «Көрермендер көзайымы» аталымының иегері;
- Болгарияда өткен халықаралық «Ноты реки» байқауының жеңімпазы;
- Қазақстанның дарынды балаларының Еуропа елдеріне жасаған турнесінің қатысушысы;
- Ресейде өткен «Открытая Европа» атты ІІІ халықаралық байқауының дипломанты;
- Испания елінде өткен «OPUS-2008» VІІІ халықаралық балалар және жасөспірімдер байқауының лауреаты.
А.ЕСІМХАНОВА.

