Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өмірі жайлы фильмнің тұсаукесері өтті
Павлодар облысы әкімдігі мен «Қазақфильм» АҚ-ның қолдауымен Павлодар қаласында ұйымдастырылған қазақстандық кино апталығы өткен сенбі күні аяқталды. Апталық барысында отандық киногерлер облыс тұрғындары назарына «Махаббат тәлкегі», «Афалинаның секірісі», «Алқызыл қоян туралы ертегі», «Бәйтерек» кинокартиналары, сондай-ақ «Балалық шағымның аспаны» фильмінің премьералық көрсетілімі ұсынылды. Соңғы фильмді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев көпшілікпен бірге тамашалады.
«Балалық шағымның аспаны» фильмі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық және бозбалалық шағы туралы сыр шертетін бірегей көркем картина болып табылады. Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген фильмге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармалары негіз болды. Режиссердің айтуынша, аталмыш туынды шынайы оқиғаларды арқау еткен.
Ұлы Отан соғысының алдында әсем Алатаудың баурайын мекен қылған Назарбаевтар отбасы бір перзентке зар болып, қасиетті жерлерде түнейді. Кейін дүниеге келген перзентінің атын Сұлтан деп қояды. Туындыда Сұлтанның балалық шағы кеңінен суреттеледі. Асқақ Алатаудың бауырында өткен балғын балалық күндерінің бірінде алғаш ұшақты көрген ол жартастың басына шығып, биіктікте болудың ерекше сезімін ұғынады. Осыдан бастап кішкентай Сұлтан биікке, асқар таудай асқақтыққа ұмтыла бастайды.
Премьераның тұсауы кесілмес бұрын «Балалық шағымның аспаны» фильмінің түсіруші тобы мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті. Аймағымызға ат басын тіреген меймандар қатарында аталмыш киностудияның президенті Ермек Аманшаев, кинотуындының режиссері Рүстем Әбдірашев, продюсері Тасболат Мерекенов, сондай-ақ, әртістер Нұржұман Ықтымбаев, Ержан Жарылқасынов, Елжас Әлпиев пен Алмагүл Әлішева болды.
- Фильмді түсіру идеясын Елбасы Н.Назарбаев, «Қазақфильм» киностудиясының ұжымы, сонымен қатар ҚР Мәдениет министрлігі ұсынған болатын. Біз, Шахимардан Құсайыновпен бірігіп, фильмнің сценарийін жаздық. Туындыны ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту етіп отырмыз, - деді Р.Әбдірашев.
Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағы Алматы облысындағы Үшқоңыр жайлауы мен Шамалған елді мекенде өткені белгілі. Фильмде Елбасының Шамалғандағы перзентханада дүние есігін ашқан сәтінен бастап, 17 жастағы бозбала шағына дейінгі өмірі қамтылған. Шығармашылық топтың айтуынша, фильмнің кейбір сәттерін Үшқоңыр жайлауында түсіруге мүмкіндік болған. Түсіру жұмысына бір жарым жыл уақыт жұмсалды.
Фильмдегі басты роль – Елбасы ролін сомдау бақытына алматылық бес жасар Елжас Әлпиев ие болды. Ол өз сөзінде болашақта ұшқыш болуды арман ететінін жасырмады. Киностудия өкілдерінің сөзінше, Сұлтан ролі кастингіне республика бойынша 1000-нан аса үміткер қатысқан. Ал көркем картинада оның анасының ролін Павлодарда туып-өскен, қазіргі күні «Хабар» арнасында қызмет ететін Алмагүл Әлішева ойнады.
Бас режиссердің айтуынша, ең әсерлі кадрлар қатарындағы бас кейіпкер дүниеге келген күн, шілде айында Үшқоңыр бөктеріне жапалақтаған қар мен бір мезетте таудың баурайына нөсерлеп жауған жаңбырды көрсету оңайға түспепті. Және де Сұлтанның анасы ролін сомдаған Алмагүл Әлішева мен әкесінің образын аша білген Ержан Жарылқасынов та фильмдегі күрделі трюктерді өздері орындаған.
Баспасөз мәслихаты барысында шығармашылық топ павлодарлық жамағатты жағымды жаңалығымен қуантты. Алдағы уақытта талғампаз көрерменнің назарына бұл киноның жалғасы ұсынылатын болады. Фильмнің екінші және үшінші бөлімдерін түсіру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Р.Әбдірашевтің айтуынша, қазіргі уақытта «Қазақфильм» киностудиясының халықаралық бөлімі «Балалық шағымның аспаны» фильмін шетел көрермендеріне көрсету бойынша тиісті жұмыстарды атқарып жатыр.
«Балалық шағымның аспаны» фильмінің алғашқы премьерасы Қарағанды облысында өткен болатын. Павлодар өнер сапарының келесі аялдамасы болды. Фильм көрсетілімінен кейін аймақ басшысы Бақытжан Әбдірұлы шығармашылық топ мүшелеріне алғысын айтты. Фильмнің режиссері Р.Әбдірашевқа қазақи дәстүр бойынша шапан жауып, сый-сыяпаттарды табыстады.
- Үстіміздегі жылы сәуір айының 8-ші жұлдызында Астанада Елбасын ұлықтау рәсімінде «Балалық шағымның аспаны» фильмін алғаш рет тамашалау мүмкіндігіне ие болғанмын. Фильмді екінші мәрте тамашаласам да, тұңғыш рет көргендегідей әсердемін. Бұл туынды еліміздің тек әлеуметтік-экономикалық саласының қарыштап дамуының ғана емес, сондай-ақ, қазақстандық кино саласының да биік белестерді бағындырғандығының дәлелі, - деп баға берді облыс әкімі.
А.ӘДІЛБЕК.

