Американдық «Пол Бодри және Pathways» джаз квартеті еліміздің Астана, Ақтөбе қалаларының өнерсүйер қауымымен қауышты. Музыканттар, сонымен қатар, Ертістің Павлодар өңірінде қонақта болып, әннен шашу шашты.
Джаз тобының өнер сапары арнайы бағдарлама аясында Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Американдық музыка мәдениетін жұртшылыққа таныстыру мақсатын көздеген джазмендер алдымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана оқырмандары және өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Нью-Йорк өнерпаздары Пол Бодри (контрабас), Тим Армакост (саксофон), Тони Джеферсон (вокал және барабан) және Беннет Пастер (пианино) 2008 жылы бірігіп, топ құрады. Ұжымның негізін қалаушысы Пол Бодри өмірінің қырықтан астам жылын музыкаға арнаған. «Қазақстан жеріне алғаш рет келдік. Елшілік тарапынан Орталық Азиядағы мемлекеттердің бірі - Қазақстанға бару туралы ұсынылғаннан бастап, осы елдің тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін аз-кем болса да зерттедім», - дейді ол.
П.Бодри өз сөзінде қазақ халқының дәстүрлі музыка мәдениетімен таныс екенін жеткізді. Топтың ән қоржынында джаз жанрына икемделген әлем елдерінің көптеген әндері бар. Айта кетерлігі, облыс орталығындағы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен өнер кешінде джаз тобы қазақтың «Қамажай» әнін орындап, павлодарлықтардың ыстық ықыласына бөленді.
А.ЕСІМХАНОВА.

