АҒАНЫҢ АҚ ЖОЛЫ

<img alt="" style="margin-right: 10px; float: left; src=" images="" vSe="" 30.09="" 999.jpg"="" _cke_saved_src="images/vSe/30.09/999.jpg" style="height: 278px; width: 200px" src="images/stories/">Өмірдің үлкен жолында талай адаммен қарым-қатынаста боп, қатарласып күн кешесің. Солардың кейбірі көрген түстей бүгін бар, ертең жоқ боп, тез ұмытылады. Ал біреулер өмірінде терең із қалдырып, ақыл-парасатымен, кісілік қасиетімен, жан жылуымен әрдайым еске түсіп, бар бейнесі еріксіз көз алдыңда тұрады. Қанша жыл өтсе де ұмыта алмайсың, сағынасың, орнын жоқтап, аракідік ағалық қамқорлығын аңсайсың. Көңіліңде оған деген алғыс, ағалық адал пейіліне деген ризашылық жатады. Әсіресе, өмірдің бастауында, еңбекке енді араласқан кездегі қол ұшын беріп, демегені, қанаттандырғаны, талабыңды тасытып, қолдағаны, қиналғанда қорғап, сүрінгенде сүйеу болғаны қалайша ұмытылады. Мен үшін ұзақ жылдар бойына үлгі тұтқан, адалдықтан айнымаған, ағалық жолы адастырмаған өнегелі, өрелі азаматтың бірі Аманолла Рамазанов болды.

Бұл ағаның қамқорлығын мен көп көрдім. Менің бойымдағы тындырымдылық, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетті тез танып, шығар биігімді болжап, өрісімді кеңейтуге жағдай жасады, сенім артты. Жауапкершілік жүгін ауырлатып, талапты күшейтті.

 

Осындайда өткен өмірдің, бастапқы еңбек жолының кейбір кезеңдері, Аманолла ағамыздың сондағы жасаған жақсылығы, басшы ретіндегі өнегесі еріксіз ойға оралады. 1962 жылы Алматыдағы ауылшаруашылық институтын бітіргеннен кейін туған елім, өскен жерім Баянауылға келіп, еңбекке араластым. Аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас инспекторы қызметіне кірістім. Сол жылдарда ауданда екі партия ұйымы болатын. Бірі – аудандық партия комитеті, екіншісі ауылшаруашылық басқармасындағы партком еді. Парткомның пәрмені аудандық партия комитетінен басым, беделі артық болатын. Партком тікелей облыстық партия комитетіне бағынатын. Бірақ 1963 жылдың аяғында партия құрылымында, басқару жүйесінде өзгеріс боп, аудандық партия комитетінің беделі артып, билігі күшейді. Міне, осы кезде Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Аманолла Рамазанов сайланды. Ол бұған дейін облыстық деңгейде басшы қызметтер атқарған тәжірибесі мол, білікті маман екенін еститінбіз. Енді оны ауданның бірінші басшысы ретінде іс жүзінде танып-білуге мүмкіндік туып, жақын жүріп, жиі араласуға тура келді. Жаңа басшыға жұрт бастапқыда сынай қарап, іс-әрекетін өзінше бағалайтын әдеті ғой. Сол кезде ауданымызда 12 кеңшар болатын. Ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы оншалық жетісіп тұрған жоқ еді. Шалғайдағы ауданның шешімін күткен проблемалары жетерлік еді. Жол қатынасы қиын. Мәдени-тұрмыстық мәселелерге көңіл толмайды. Елден түсетін шағым хаттар, арыздарда осының бәрі айтылғанмен, өтініштері назардан тыс, ескерусіз қалып жататын. Біз осының бәрін көзімізбен көріп, куә боп жүрсек те, өзгеріс шамалы, тындырымды іс аз екенін білетінбіз. Жаңа келген басшыдан ел берекелі іс күтті, қадамынан, қолға алған шараларынан үміттенді.

Аманолла Рамазановтың іс-әрекеті ә дегеннен көптің көңілінен шықты, қолдау тапты, сенімге ие болды. Көпшілікті ортақ іске жұмылдыра білетін қажыр-қайратын, турашылдығын, табандылығын ел бағалады, іскерлігін, ұйымдастыру қабілетін мойындады. Сол уақытта мен кеңшардың бас агрономы әрі директордың бірінші орынбасары едім.

Сол 1964 жылы егін жақсы шығып, мол өнім алдық. Кеңшарға Орталық комитеттің, Министрлер кеңесінің, кәсіподақтың Қызыл Туы тапсырылды. Мен өзім Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталдым. Осының өзі аудандағы еңбек сілкінісінің жақсы бір көрінісі болатын. Аудан экономикасы ілгерілеп, көрсеткіштері жақсара түсті. Адамдардың жеке өмірінде де оң өзгерістер болып жатты.

1965 жылдың жазында мені аудандық партия комитетіне шақырып, бірінші хатшы Аманолла Рамазановтың қабылдауында болдым. Бірінші хатшы әңгімені қысқа қайырып:

- Александровка кеңшарының директоры қызметінен босатылды. Сізді сол кеңшардың директоры қызметіне ұсынғалы отырмыз, - деді.

Бұл кезде мен Алматы ауылшаруашылық институтының аспирантурасына түсуді ойластырып жүрген едім. Институтты үздік бітірген, ауылда жүріп біраз нәрсеге көзі қаныққан, тәжірибе жинақтаған мені институттың кафедра меңгерушісі Хамит Чурин аспирантураға шақыртып, ғылымға бет бұруымды өтінді. Осылайша аспирантураға көңілім ауып жүргенін айтып, ұсынған қызметтен бас тартқандай ниетімді бірінші хатшыға жеткіздім. Аманолла Рамазанов тік сөйлеп, тура айтатын қатал мінезіне басып, жаныма батырып, намысқа тигізе сөйледі.

- Аудан экономикасын өрге сүйрейтін, сенім артатын жастар – сендердің көрінер кездерің келді. Бар біліміңді ел игілігіне жұмса, кеңшарды алдыңғы орынға шығар. Сонда біз сенің кім екеніңді білейік, - деді.

Амалым таусылып, қарсы келе алмадым. Аманолла ағамыз сөзінен қайтпай:

- Ертең сағат 10-да бюроға кел, - деп бұйыра сөйледі.

Сөйтіп, бірінші хатшының ыңғайына бағынып, айтқанын орындауға тура келді. Аспирантура дегенің жайына қалды. Егер сол жолы мінезге басып, аспирантураға кетсем, кейінгі өмір жолым басқа бағытта өрбитін бе еді. Бірақ оған өкінбеймін. Алдыңғы ағаның сілтеген жолын теріс дей алмаймын.

Бұл кісі аудан басшылығына келгеннен кейін бірталай өзгерістер бой көрсетті. Егінде, мал шаруашылығында, мәдени-тұрмыстық салада жақсы нәтижелер байқалды. Ел алдында бұл кісінің беделі өсті, атағы зорайды. Оның бастамалары ел арасында қолдау тауып, бәрінің жұмыла кірісуімен тез арада жүзеге асып отырды.

Сенім деген адамды алға жетелейді, биікке көтереді екен. Аманолла ағамыздың ұсынысымен, қолдауымен 27 жасымда кеңшар директоры боп тағайындалып, осы қызметті 19 жыл бойы атқардым. Сөйтіп, ақылшы, қамқор ағамыздың сенімін ақтаған, директорлық қызметті ұзақ жылдар бойына абыроймен атқарған сияқтымын. Сол үшін де Аманолла ағама ризамын. Әрине, ел басқару, өмірдің ағымына ілесіп, көштен қалмау, адамдармен тіл табысып, жұмысқа жұмылдыру оңай шаруа емес. Кабинетіңе келген адамды ілтипатпен қарсы алып, ашық-жарқын әңгімелесіп, құрметпен шығарып салуды біз Аманолла сияқты тәлім-тәрбиесі мол алдыңғы ағалардан үйрендік. Олар өз өмірін өздері жасаған, өз биігін өздері қашаған қажымас қайратты жандар екенін білетінбіз. Өмір өткелдері көз алдымызда сайрап жатыр.

Аманолла Рамазанов қайда жүрсе де, қандай қызметтер атқарса да біз секілді көңілі қалаған, сенімінен шыққан інілерін назардан тыс қалдырған емес. Өзін биіктетіп, бізді аласартқан да емес. Бұл да кісіліктің, «ұлық болсаң кішік бол» деген өнегенің белгісі шығар.

Аманолла ағамыз өзі қызмет еткен уақытта Баянауыл ауданын қай жағынан болсын көтерді. Адамдарына сенді. Кадрларды тәрбиеледі, қабілетіне қарай лайықты қызметтер ұсынып, өсірді. Солармен өзі де шыңдалды, өсті. Биік-биік лауазымды қызметтерге қол жеткізіп, республикадағы білікті басшылардың біріне айналды. Баянауылдан кейін Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан, Семей облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды.

Қайда жүрсе де қарапайым, кішіпейіл көрінетін. Кездескен жерде «жағдайың қалай?» деп, қамқор көңілінен жаңылған емес. Жақсы ағамен қарым-қатынасымыз ұзақ жылдар бойы үзілген емес. Іздеу салып, сәлем жолдап, сырттай жағдайыңды біліп, хабардар болып отыратынын ішіміз сезіп, жанымызға жағатын.

Мен зейнетке шығып, Алматыға балаларымның қасына көшіп келгенде басымызға біраз қиыншылық түсіп, жанымыз жүдегенде Аманолла ағамыз «жағдайларың қалай, нендей көмек керек» деп хабарласып, қатынасып тұрғаны тарыққанда көңілге медеу, қайғыға тежеу болды. Үйіне шақырып, елдің сыйлы азаматтарымен таныстырып, солардың назарын бізге аудартты, абыройымызды асыруға тырысты. «Бұл – менің інім. Сендер бұны шеттетпей, бауырларыңа тартыңдар. Жақсыдан – шарапат» дейтін еді сонда. Бұл сөзі әлі де құлақтан кететін емес.

Өмірінің соңына дейін, яғни он жыл бойы мені қасына ертіп жүріп, зиялы, көргенді топқа жетеледі. Мені інісіндей-ақ тәрбиеледі. Қашанда қамқор көңілмен сенің жағдайыңды ойлап, қас-қабағыңды бағып, көңіл сырын көзден ұққысы келіп, бет-жүзіңе барлай қарайтын. Бұл бойға біткен кісілік қасиет екені әр жайдан айқын аңғарылып, саған деген тілектестігі сезілетін.

Осы ағамыздың арқасында қазақтың небір игі жақсыларымен танысып, табақтас боп, әңгімелеріне қанықтық. Өмірде біз үшін бұл да бір үлкен олжа. Жақсылармен жанасудың ғибраты мол ғой. Сол жақсылардың бірі Аманолла ағамыз еді. Бүгіндері сол ағаны сағынасың, орнын жоқтайсың. Кең иықты, ұзын бойлы нар тұлғасы, теңселе басқан кең адымды жүрісі, өзімсініп, күлімсірей қарағаны күні кешегідей боп, көз алдыңда тұрады. «Жаны жайсаң жақсы аға еді-ау» дейсің.

 

Әубәкіров Қабиден қажы Әбілғазыұлы,

дербес зейнеткер.

Алматы қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29