1 қазан – Қарттар күні
Тәуелсіздік алғанына ендігі жылы жиырма жыл толатын, өркениетті қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуға ұмтылған егемен елімізде қарттарды сыйлау, олардың алаңсыз, бақытты өмір сүруіне жағдай жасау, қысылғанда қол ұшын беру сияқты игі дәстүрлер қалыптасқан. Соның бір айғағы 1 қазанда Қарттар күнін өткізіп, қолдан келгенше бар жақсылықты қарияларға сыйлау болып табылады.

Облыс әкімдігінің бастамасымен жыл сайын Қарттар күні мен Мүгедектер күні құрметіне «Қамқорлық» айлығы дәстүрге айналған. Биыл 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында жалғасын тапқан қайырымдылық акциясында жерлестеріміз белсенділік танытуда.
Барлық қалалар мен аудандарда бекітілген жоспарға сәйкес акцияны өткізу жөніндегі жұмыс топтары жұмыс істеуде. Олар әртүрлі көмек көрсетілуді қажет ететін азаматтарды анықтап, іс-жоспарларын жасады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуеттік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан хабарлағанындай, осындай жұмыстар нәтижесінде облыста айлықтың алғашқы аптасында 13033 азаматқа 49,5 млн.теңгенің көмегі көрсетілді. Солардың ішінде кәсіпорындар мен ұйымдардан 14,3 млн.теңге, бюджеттен 29,1 млн.теңге және жеке адамдардан 6,1 млн.теңге берілді.
Павлодар қаласында аз қамтамасыз етілген арлагерлер назардан тыс қалмай, жан-жақты көмек көрсетілуде.
Мәселен, тыл еңбеккері А.А.Засурцева тоқсан жасқа келген еді. Осыған байланысты мерейтой иесіне гүл шоғы ұсынылып, бағалы сыйлық табыс етілді. Сол сияқты мемлекеттік қызметшілер Ұлы Отан соғысының ардагері Б.Серимовті туған күнімен құттықтап, ескерткіш сыйлықты табыс етті.
Қала әкімі тарапынан қаланың құрметті азаматтарын, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Қарттар күнімен құттықтау шарасы ұйымдастырылады.
2010 жылдың 25 қыркүйегіне дейін қалада 8837 азаматқа 11,5 млн.теңгеден астам жәрдемақы беріледі.
Қарттар күніне орай облыс орталығында әртүрлі мерекелік шаралар өткізіледі.
Ө.ТАСТЕМХАНОВ.
Суреттерді түсірген Төлеген Нұрғазы.

