С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Student Talent ММХІ» атты жоба ұйымдастырылды. Оның жүзеге асуына аталмыш оқу орнының студенттер кәсіподақ ұйымы салмақты үлесін қосты. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алып жүрген студенттер өз бақтарын сынады.
Іріктеу турына 67 үміткер қатысып, өнерлерін көрсетті. Мәселен, әртүрлі стильде ән айту, би билеу, актерлік шеберлік, түрлі аспапта ойнау және т.б. Бар өнерін ортаға салып, қазылар алқасына ұсынғандар арасында қызу бәсеке жүрді, себебі, бас жүлде – 100 000 теңге.
Баға берушілердің ортақ келісімі бойынша ақтық сынға 15 талант іріктеліп, келесі турға жолдама алды. Финалға дайындық үшін оларға бір апта берілді.
Мамырдың төртінші жұлдызында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің концерттік залында көрермен қауым тарапынан зор ықыласқа ие шоудың финалы болды. Осы орайда ұйымдастыру жұмыстарының жақсы деңгейде болғанын да атап өту қажет. Техникалық жабдықталуы, залдың безендірілуі, жүргізушілердің концертті жүргізуі барлығы да жұртшылықтың ойынан шықты.
Ақтық мәреге өткен барлық он бес талапты та талантты жас жоғары дәрежеде дайындалыпты. Әсіресе, ән айтқан кездегі сахналық қойылымдарымен ерекшеленген «Азим» тобы, Жандос пен Асылтас, «Әлия» әнін шырқаған Ерболат Аралбаев, жастар арасында кең танымал «Джем» би тобы, робот биімен көзге түскен Нұрдәулет Хомаров, шамдармен безендірілген киіммен би билеген Илья Сенич, сан түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен ән айтқан «ВиаМагнит» тобы, егіздерден құралған «Ди-Кри» дуэті, монолог оқыған Зарина Ташуева, картамен сиқыр көрсеткен Сағадат зор қошеметке ие болды.
«Student Talent ММХІ» байқауының қорытындысын жариялау сәтінде сөз алған қазылар алқасы студенттердің талантты екеніне шүбә келтірмейтінін атап өтті. Сонымен қатар, бас жүлдені тағайындау оңай болмағанын да білдірді.
Барлық қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар табысталды. Жобаның демеушілері – «Цеснабанк», «Имидж» сән салоны, «Зодиак» компьютер орталығы және «S-Club» түнгі клубы өнерлерін жоғары бағалаған жастарға сыйлықтар үлестірді. Ал жалпы нәтиже бойынша 3-орынды Ерболат Аралбаев иеленсе, 2-орын Зарина Ташуеваға бұйырды. Домбыра, гитара, барабан тағы да басқа аспаптарды бір арнаға тоғыстырып, ерекше дауыстарымен көрермен көзайымына айналған «Виа Магнит» тобы бірінші орынға тігілген жүлде – 100 000 теңгеге ие болды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

