Халықтың әл-ауқаты, тыныс-тіршілігі, күнкөріс жағдайы, тұтастай алғанда әлеуметтік ахуалы - қашан да мемлекет назарында. Мұны Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауынан да айқын байқауға болады. Халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында жылда тың жобалар жүзеге асып, игілікті істер қолға алынып жатады. Олай болуы да тиіс, себебі адам - еліміздің ең басты байлығы екені анық. Халықты әлеуметтік қорғау дегенді сөз еткенде, алдымен, әрине, зейнетақы, еңбекақы, жұмыспен қамту, арнайы жәрдемақы, әлеуметтік көмек сынды мәселелер қозғалады. Міне, дәл осы және өзге де бағыттар облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» газеттерінің ұйымдастыруымен өткен «Тікелей желі» жобасының кезекті отырысында әңгімеге арқау болды. Бұл шара бұрынғылардан сәл өзгерек өрілді. Өйткені «Тікелей желіге» бірден үш мекеменің басшысы - облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Владимир Берковский, Павлодар облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Ерсайын Рахимов және зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Павлодар облыстық филиалының директоры Рысты Қанаева қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Енді соған назар аударалық.
Шара басталысымен, «Тікелей желіге» Павлодар қаласының тұрғыны Баян ХАМИТ қосылып, өз сауалын қойды.
- 1982 жылы өндіріс жарақаты және жалпы сырқаттарым бойынша мүге-дектікке душар болдым. Содан бері жыл сайын мүгедектігіме байланысты санаторлық-курорттық емдеу мекеме-леріне жолдама алып келдім. Неге екенін білмеймін, биыл жарақат алған кәсіпорын жөнінде, мүгедектігіме байланысты бірқатар анықта-малар талап етіп, жолдама берілмеді. Осының себебін білгім келеді?
Сауалға Павлодар облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департа-ментінің директоры Ерсайын РАХИМОВ жауап берді:
- Сіз өндірістік жарақаттан мүгедектікке тап болғандықтан, кезінде өзіңіз жұмыс істеген сол кәсіпорын туралы анықтама талап ету - орынды. Себебі аталмыш кәсіпорын бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп тұрса, санаторлық-курорттық емге жолдаманы дәл сол жерден аласыз. Ал егер кәсіпорын әлдеқашан жабылып қалса, онда мұндай емдік шараларға әлеуметтік бағдарла-малар арқылы қол жеткізе аласыз. Кәсіпорын жайында мәліметті алу үшін әділет мекемелерінің немесе статистикалық органдардың көмегіне жүгінуге болады. Сізден тиісті орган өндірістік жарақат алғаныңыз жөнінде акт талап етіп отыр. Бірақ сіз 1982 жылы мүгедектік алғаныңызды ескерсек, бұл құжаттар сақталмаған. Өйткені кезінде медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі қолдан-қолға өтті. Алғашында бұл қызмет денсаулық сақтау департаментінің құзырында болса, кейін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментіне көшті, ал 2000 жылдан бастап - біздің құзырымызда. Ертеректегі құжаттар сақталмаған. Алайда, мүгедектердің орталықтандырылған мәліметтер базасына бүгінде 27 мың азамат енгізілген. Соның ішінен қарап, анықтама алуға болады. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін жолдама алып келіп, дәл биылғы жылы неге мұндай кедергіге тап болғаныңызды әлі де тексеріп, бір қорытындысын міндетті түрде хабарлаймыз.
Тікелей желіде - Лебяжі ауданы Шақа ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Нәби Исин:
- Зейнетақыны есептеу бойынша көп нәрсені түсінбейміз. Мен ұзақ жылдар еңбек еткеніммен, қазіргі алып жүрген зейнетақымның мөлшері ең төменгі болып саналады. Осы мәселені оңтайландыру қандай да бір деңгейде қарастырылып жатыр ма?
- Ерсайын РАХИМОВ:
- Бұл мәселе көп уақыт болды, айтылып та, жазылып та жүр. Қолданыстағы Заңға сәйкес зейнетақы тағайындау кезінде 1995 жылдан бергі кіріс есептелінеді. Осы мәселе бойынша министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылып, бар мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Бәлкім, Заңға қандай да бір өзгерістер енгізілуі де ықтимал. Бәрі - алдағы уақыттың еншісінде.
Редакциядан: Айта кету керек, тікелей желі кезінде зейнетақы мөлшеріне, оны есептеу жолдарына қатысты сауалдарды А.Кәрібаев, Қ.Бағыбаев, А.Кузьмин есімді тұрғындар да қойды.
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Павлодар облыстық филиалының директоры Рысты ҚАНАЕВА қозғалған мәселе бойынша төмендегідей түсінік берді:
- Зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі және жалақы мөлшері басты назарға алынады. Дегенмен, еңбек өтіліңіз ауқымды, ал жалақыңыз мардымсыз болса, онда белгіленген нормалар бойынша зейнетақы мөлшері ең төменгі болып тағайындалады. Нәби Исин есімді зейнеткердің зейнетақысы - 30%-ға өседі. Елбасының 2008 жылы берген тапсырмасына сәйкес жыл сайын зейнетақы мөлшерін арттырып, 2012 жылға дейін оның көлемін екі есеге дейін жеткізу жүзеге асуда. Естіген боларсыздар, республикалық бюджетте өмір сүру минимумы бекітілгеннен кейін осыған байланысты зейнетақының жаңа мөлшері белгіленіп, алдағы жылы ол 30 пайызға өседі. Бюджет жобасында қазіргі таңда өмір сүру минимумы 16 298 теңге мөлшерінде белгіленіп отыр. Орташа зейнетақы мөлшері 35 мың теңге болмақ. Қазіргі таңда зейнетақыға байланысты құжаттар әзірленіп жатыр. Сәтін салса, 2011 жылдың қаңтарынан бастап отыз пайызға көбейтілген зейнетақы қолыңызға тиеді. Базалық зейнетақы өмір сүру минимумының елу пайызын, яғни 8 мың теңгені құрамақ. Ал мүгедектікке байланысты арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де өмір сүру минимумына байланысты орташа есеппен 9 пайызға өседі. Бүгінгі жастар үшін еңбек өтілінен гөрі зейнетақылық жинақтауларының неғұрлым көп болғаны маңыздырақ. Соған қарай зейнетақы тағайындалады.
Телефон қоңырауы. Тікелей желіде - Ақсу қаласының тұрғыны Қарлығаш ЖАРМҰЛДИНОВА:
- Екі жиенім Айсұлу мен Айдана Қабиевалар бала кезінен мүгедектер санатында. Диагноздары – фосфат диабет, яғни, сүйек ауруы. Биыл екеуі де тоғызыншы сыныпты бітіріп, Астана қаласындағы Д.Қонаев атындағы колледжге оқуға түсті. Әкесі 1996 жылы балаларын тастап кетіп еді. Анасы жалғыз өсіріп келеді. Әйтеуір, екеуінің оқу ақысын Ақсу қалалық әкімдігі төлеп отыр. Мемлекеттен жәрдемақы да алады. Бірақ, дәрігерлер жиендерім өсе келе кезекті бір медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижесі бойынша мүгедектік санатынан алынып тасталуы мүмкін деген еді. Міне, олар алдағы желтоқсан айында тағы комиссиядан өтеді. Егер мүгедектік алынып тасталса, олардың оқу ақысын жалғызбасты анасы төлей алмайды. Қос жиенім оқудан қол үзіп қала ма деп қатты алаңдаймын. Осы мәселені қарастырып берсеңіздер.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Владимир БЕРКОВСКИЙ:
- Ол үшін қобалжудың қажеті жоқ. Жиендеріңіз оқуын ойдағыдай жалғастыратын болады. Себебі оларды кезекті комиссия тексерісінен кейін мүгедектіктен алып тастағанмен, оқу ақысын төлеу одан әрі жүзеге аса береді. Ақсу қалалық әлеуметтік қорғау бөлімі жиендеріңізге мүгедектік үшін ғана қол ұшын беріп отырған жоқ. Бұл жерде сонымен қатар аз қамтылған отбасы екені есепке алынып отыр.
Тілші:
- Алдын ала хабарласқан оқырмандарымыздың бірі - павлодарлық Нағима МАМЕТОВА 18 жасқа дейінгі төрт және одан көп балалы ана ай сайын қанша мөлшерде жәрдемақы алатыны жайында сұраған еді. Сондай-ақ тұрғындарды бір жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшері де қызықтырады.
Рысты ҚАНАЕВА:
- Мұндай категорияға жататын аналар ай сайын 5511 теңге алып келді. Егер отбасында бір баласы он сегізге толса, осы жасқа дейінгілер саны төртке жетпесе, онда бұл жәрдемақыны беру тоқтатылады. 2011 жылы бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері өсетіндіктен, он сегіз жасқа дейінгі 4 баласы бар аналар әр ай сайын 6006 теңге көлемінде жәрдемақы алады деп жоспарланып отыр. Ал бір жасқа дейінгі бала күтіміне келетін болсақ, егер әйел адам әлеуметтік сақтандыру қорына еңбекақысынан тиісті мөлшерде қаржы аударып отырса, оған бала күтіміне байланысты, сәйкесінше, ақша төленеді. Мұндай көмек ананың соңғы екі жылдағы еңбекақысының орташа мөлшерін 0,4 коэффициентіне көбейту арқылы есептеледі. Қарапайым тілмен айтсақ, егер ананың екі жылдағы орташа жалақысы 20 мың болса, ол бала күтіміне бір жасқа дейін әр ай сайын 8 мың теңге алады деген сөз. Мұнда қолға алған жалақы мөлшері емес, аударылған еңбекақы мөлшері есепке алынады. Биыл он ай ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты 5 905 азаматқа жәрдемақы тағайындалған. Оның орташа мөлшері 14 837 теңгені құрады. Жұмыс істемейтін аналар да бір жасқа дейін сәбиінің күтіміне әр ай сайын республикалық бюджеттен жәрдемақы алады. Нәрестенің дүниеге келуіне байланысты бір реттік жәрдемақы баршаға бірдей беріледі.
Тілші:
- Атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар санын барынша қысқарту жұмыстары жер-жерде жүзеге асып жатқанын білеміз. Владимир Александрович, бүгінгі күні олардың қатары қаншаға азайды? Жыл басында Павлодар қаласында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азаймай отыр деген едіңіз. Қазір жағдай қалай?
Владимир БЕРКОВСКИЙ:
e- Бүгінгі күні аймақта аз қамтылған азаматтар саны - 2558 адам. Ал кедейлік деңгейінен төмен тұратын тұрғындар жалпы павлодарлықтар санының 0,34 пайызын құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға төмен. Мұндай көмек алатындарды қысқартудың тиімді тетіктері қолданылып жатыр. Яғни, тұрғындарға шағын несиелер, қорадағы мал басын көбейтуге материалдық көмек беру сынды шаралар жүзеге асуда. Демек, олардың өздіктерінен еңбек етуіне қолғабыс жасалуда. Сонымен қатар тұрақты жұмыс орнымен қамтуға да мән берілуде. Мысалы, тек ағымдағы жылы аймақта 296 отбасына 25 млн. теңге көлемінде аталған көмектер көрсетілді. 340 адам шағын несие алды. Павлодар қаласында да жағдай оңтайланып келеді. Дегенмен, мұнда осы мақсатта әлі де жұмыс қажет.
Телефон қоңырауы. Хабарласушы – Успенка ауданының тұрғыны Күлпаш ҚАБИЕВА:
- Келесі жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 63-ке көтеріледі деген әңгіме қоғамда жиі айтылып жүр. Рысты Мойылжанқызы осы сөз қаншалықты шындыққа жанасады?
Рысты ҚАНАЕВА:
- Бұл алып-қашпа әңгіме деп айтуға болады. Себебі ресми түрде ешқандай шешім жоқ. Елімізде Үкіметте де, Парламентте де мұндай мәселе қаралған емес. Сондықтан үзілді-кесілді зейнеткерлікке шығу жасын көтереді деген әңгіме шындыққа жанаспайды.
Тікелей желіде – Ұлы Отан соғысының ардагері, мүгедек Фаизрахман ШӘРІПОВ:
- Мен жалға берілетін пәтерде біраз уақыт тұрдым, оны тиісті талапқа сай жекешелендіріп алғанмын. Бір жылға жақындап қалды, үйіме коммуналдық қызметтер жөнінде ешбір хабарлама келмейтін болды. Маған ай сайын төлеп отырған ыңғайлы емес пе?! Осының себебі неде, біліп берсеңіздер?
Владимир БЕРКОВСКИЙ:
- Бұл үшін алаңдауға негіз жоқ. Керісінше, қуану керек. Себебі облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ұсынысымен 2010 жылдың қаңтарынан бастап Ұлы Отан соғысының барлық қатысушылары үйінің, пәтерінің көлеміне қарамастан, коммуналдық қызметтерін төлеуден 100 пайыз босатылды. Бұл шығындар жергілікті бюджет есебінен жер-жерде әлеуметтік қорғау бөлімдерінде төленіп жатыр. Яғни, сіздің үйіңізге келуі тиіс коммуналдық қызметтердің түбіртектері бүгінгі таңда әлеуметтік қорғау бөліміне түсуде.
Павлодар ауданы, Жетекші ауылының тұрғындары Роза және Төлеу Рақымжановтардан алдын ала түскен сауал төмендегідей:
- 1997 жылы Семей қаласынан Павлодар облысына көшіп келген едік. Сол жылдан бастап полигонға байланысты зейнетақымызға қосылатын жеңілдік, жәрдемақы алынып тасталынды. Неге?
Ерсайын РАХИМОВ:
- Сіздің сұрап отырғаныңыз зейнетақыларға қосылатын экологиялық үстемақы болып отыр. 1992 жылғы 18 желтоқсандағы ҚР «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» №1787 Заңының 13 бабына сәйкес, төтенше және ең жоғары радиациялық қатері бар аймақта тұратын әрі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетке шыққан барлық зейнеткерлерге белгіленген мөлшерде ай сайын зейнетақыға қосымша ақы төлеу жүргізіледі (тұрып жатқан аймаққа байланысты). Экологиялық үстемақы зейнетақыдан жеке төленеді және алатын зейнетақының мөлшеріне де еш қатысы жоқ. Ал мекенжайды ауыстыру және радиациялық қатері аймаққа жатпайтын жерге көшу жағдайында экологиялық үстемақыны төлеу тоқтатылады.
Телефон тұтқасында – Лебяжі ауданы, Майлыбай ауылының тұрғыны Солтан БАЖАН:
- «Дети войны» деген категорияға ену үшін әрі осыған байланысты жәрдемақыға қол жеткізу үшін қандай талаптар бар. Ол үшін не істеуім керек?
Владимир БЕРКОВСКИЙ:
- Мұндай мәртебеге ие болып, тиісті жәрдемақы алу үшін елімізде нақты талап бар. Яғни, мұндай категорияға жататын азаматтар Ұлы Отан соғысы кезіндегі кем дегенде алты айлық жұмыс өтілін дәлелдеулері тиіс. Егер дәлелденсе, оларға екі айлық есептік көрсеткіш (2011 жылы бір айлық есептік көрсеткіш – 1512 теңге болады) мөлшерінде материалдық көмек төленеді. Мұны сол кезде бірге болған азаматтар куәгер ретінде дәлелдей алады, ондай мүмкіндік жоқ болса, онда бұрын тұрған мекенжайы бойынша мұрағатқа сұрату хатын жіберу қажет. Одан да оң жауап алынбаса, онда аудандық ардагерлер кеңесіне өтініш жазып, олар әңгіме жүргізіп, сауал тастап, бір қорытынды жасайды. Дәл осы қорытынды бойынша соғыс кезіндегі алты айлық еңбек өтіліңізді дәлелдеуге болады.
Тілші:
- Қараша айының бірінен бастап елімізде жаппай мемлекеттік қызметкерлерді 15 пайызға қысқарту шарасы жүзеге асырылды? Бүгінде қысқартылған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі аймағымызда қалай шешімін табуда?
Владимир БЕРКОВСКИЙ:
- Елбасының Жарлығымен бір ай бұрын мемлекеттік қызметкерлерді 15 пайызға қысқарту жүргізілді. Облысымыз бойынша 448 азамат осы тізімге ілікті. Аймақ басшысының тапсырмасымен барлық әкімдік-тердің, басқармалар мен департаменттердің басшыларына қысқартылған азаматтарды жұмыспен қамту міндеті жүктелген болатын. Демек, олардың жұмысқа орналасуы - тікелей басшыларының жауапкершілігінде. Мысалы, біздің басқармадан 6 адам қысқартылды, олардың барлығы тиісті компенсацияларын алды. Бүгінде оларды жұмыспен қамтумен айналысып жатырмыз. Алдын ала жұмыс орындарын қарастырдық. Басқарма қарама-ғындағы мекемелерден орын ұсындық, біреуі ғана келісті. Қалғаны жалақы мөлшерінің төмендігіне байланысты бас тартты. Олар мекемеміздің резервіне қойылды. Өздері де жұмыс қарастырып жатыр. Дәл өз басқармам үшін жауап берсем, бір ай ішінде барлығы жұмысқа орналасады деп уәде етемін.
P.S.
- «Тікелей желі» барысында тұрғындар телефон арқылы 15 сауал қойды. Одан өзге, тікелей желіге дейін қос редакция мен жоғарыда аталған үш мекемеге отызға жуық сұрақ түсті. Шараға қатысқан басшылар барлығына толыққанды жауап беріп, бірқатарын тереңірек зерт-теуге уәде етті. Айта кету керек, тікелей желі барысында тұрғындар тарапынан тақырыпқа қатысы жоқ сұрақтар да қойылды. Үш мекеме басшысы тұрғындардың сауалдарын жерге тастамай, барынша жауап беріп, тікелей жауапты органдарға бағыт-бағдар сілтеуге тырысты.
Құрметті оқырмандар! Халықты әлеуметтік қорғау тақырыбындағы «Тікелей желі» шарасының барысын, оған дейін түскен сауалдарға берілген жауаптар жалғасын газетіміздің алдағы нөмерінен оқи аласыздар.
Тікелей желіні жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.



