Бейсенбі күні облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында филология ғылымдарының кандидаты, профессор, музыкатанушы, сазгер, күйтабақтардың сирек коллекциясын жинақтаушы Наум Григорьевич Шафердің 80 жылдық мерейтойына арналған музыкалық кеш өтті. Кешке облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Мерейтой кешінде сөз алған аймақ басшысы Наум Шафердің қазақ музыка өнеріне косқан үлесін айрықша атап өтті. «Қатпарлы тарих беттерінде есімі алтын әріптермен жазылатын тұлғалардың бірі – Н.Шафер. Оның халық өнерін насихаттауда сіңірген еңбегі ерен. Өмірі өнегеге айналған өнер қайраткерінің кешегі атақты сазгер Е.Брусиловскийден тәлім алып, жүрегіне жақын іспен айналысуының өзі жас ұрпақты тамаша ойдың жетегіне алары сөзсіз. Күйтабақтардың коллекциясын жинап қана қоймай, өзінің де шығармашылық қабілетін дамыта білген Н.Шафер жазған еңбектердің құны өлшеусіз. Студент кезімізде мерейтой иесінің қаламынан туған философиялық ой-толғауларды оқып өстік. Оның әрбір сөзінде терең мағына мен өнеге жатыр»,- деді облыс әкімі. Мерейтой иесінің қуанышымен бөліскен Бақытжан Әбдірұлы оған шығармашылық табыс тіледі. Н.Шаферге «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төс белгісін табыстап, иығына шапан жапты. Аймақ басшысы мерейтой иесіне барша павлодарлықтар атынан шексіз алғысын білдірді.
Кеште Н.Шафердің «Вечерный вальс», «Привет Дунаевскому», «Цирковая песенка» және тағы да басқа туындылары орындалды. Әсіресе, Светлана Немолочнованың орындауындағы қазақтың қара домбырасымен үндескен бесік жыры жұртшылық көңілінен шықты. Сонымен қатар, музыкалық кеште еврей ұлттық мәдени орталығының «Мерказ», «Одуванчик» топтары өнер көрсетті. Кеш соңында мерейтой иесі ортаға шығып, жиналған қауымға ризашылығын білдірді.
27 мыңнан аса күйтабақ коллекциясын жинаған Н.Шафердің музыка өнеріне еңбегі сіңген тұлға екені баршамызға мәлім. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған Наум Григорьевич, қазақстандық белгілі сазгер Евгений Брусиловскийдің дәрістеріне қосымша қатысып отырған. Атақты сазгерден алған білімін өңіріміздегі музыка саласының дамуына жаратқан ол 300-ден аса музыкалық туындының авторы. Өнердің киелі сахнасында бұлбұлдай сайраған К.Байсейітова, Б.Төлегенова, Р.Бағланова, Ж.Омарова, Е.Серкебаев секілді күміс көмей әншілер шырқаған туындылардың алғашқы жазбаларын жинақтаған. Қазіргі таңда Б.Төлегенова, Е.Серкебаев пен Ә.Дінішевтің орындауындағы Исаак Дунаевский әндерінің топтамасын жинақтаумен айналысып жатыр. Сонымен қатар ол ұлағатты ұстазы Брусиловский туралы кітапты жарыққа шығару жұмыстарымен шұғылдануда.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
***
Кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев республикамызда жалғыз музыкалық музей болып табылатын Шафер музей үйінде болды.
Аты көпке танымал музыкатанушы Наум Григорьевич күйтабақтарды 15 жасынан жинай бастаған екен. Бүгінде Шафер үйінде жарты ғасырдан астам уақыт көлемінде жинастырылған 27 мыңнан астам күйтабақ бар. Кездесу барысында аймақ басшысы Наум Шафердің фонотекалық коллекциясында сақталған бірнеше сирек күйтабақтарды тыңдады. Олардың қатарында түпнұсқа күйінде сақталған теңдесі жоқ музыка үлгілері баршылық. 1935 жылы қазақтың бірінші күйтабағына жазылған Құрманғазының «Кеңес» күйін, «Веселые ребята» фильміне сонау 1934 жылы жазылған әндерді жиналған қауым ерекше тебіреніспен қабылдады. Сондай-ақ Н.Шафердің балалық шағындағы «Танго болеро» әні де жұртшылық назарына ұсынылды. Музей үйінің директоры Татьяна Корешкова мекемеде бірқатар мәселелер барын жасырмады. «Бүгінгі күні бізде 14 мың патефон күйтабағы бар. Сондықтан оларды жазуға арналған арнайы студия және жазу құрылғыларының қажеттілігі туындап отыр. Музей тұрғын үйде орналасқандықтан, бөлек ғимарат та қажет», - деді ол.
Б.Сағынтаев музыкалық жазу құрылғыларына қатысты мәселе жуық арада шешімін табатынын жеткізді. Музейді бөлек ғимаратқа көшіру мәселесі келешекте қарастырылады. Наум Шафердің 80 жылдық меретойына орай ұйымдастырылған шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Шара соңында Наум Григорьевич Бақытжан Әбдірұлына өз коллекциясындағы Қазақ ССР-нің Халық әртісі Жамал Омарованың ән жинағын табыс етіп, алғысын білдірді.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.


