«Жігітке қиын сауда көпке жақпақ,
Көңілін бай-кедейдің бірдей таппақ.
Қақ жарған қара қылды болсаң да әділ
Кетеді біреу мақтап, біреу даттап...»
Өмірде көргені мен түйгені мол, қоғам үшін қал-қадірінше жемісті қызмет етіп, қырық атанға жүк боларлық талай қиын істерді қайыспай көтере білген, талай игі жақсылармен әріптес, дәмдес, пікірлес болған Совет Әмірханұлы – кейінгі толқын жастар үшін үлгі тұтарлық жандардың бірі. Қазіргі Ақтоғай ауданының Басқамыс ауылында дүние есігін ашқан ол зейнеткерлікке шыққанға дейін талай баспалдақтарды басып өтті, жауапты жұмыс майданында шындалды, қоғам үшін аянбай еңбек етті.
Әуелі Басқамыстағы «бастауышты» бітірді, одан соң қазіргі күні Екібастұз қаласына қарайтын әйгілі Ақкөлде орта білім меңгерді. «Өмірде қандай да бір жетістіктер мен белестерге жетсем, ол – ұлағатты ұстаздарымның арқасы», - дейді Совет Әмірханұлы үнемі. Сондықтан да ол өзі оқыған тұста Ақкөл мектебінің директоры болған, химик Әукен Боранбаевты, математик Ұзақбай Ермұханбетовті, тарихшы Қаткеш Қамариденованы, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Нұрғайша Құсайынованы, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Адам Мұхамеджановты әр кез ыстық ықыласпен есіне алып отырады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», дейді ғой, тарыдай болып табалдырығын аттап, кейін таудай болып қайнаған өмірге қосылған мектебіме, ұстаздарыма айтар алғысым шексіз», - дейді байырғы шәкірттің өзі.
Мектепті тәмамдаған С.Әмірханов жоғары білім алу мақсатын алға ұстап, бір топ жолдастарымен бүтін Алаштың рухани астанасы атанған Семей қаласына жол тартады. Осындағы Н.Крупская атындағы мұғалімдер даярлайтын институттың тарих-филология факультетіне түседі. «Азамат атанып, жоғары оқу орнына түсуіміз өмірдегі қайталанбас ыстық сәт еді. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, дереу ата-анамызға хабар бердік. Олардың үміті мен тілеуін ақтағанымызға шаттандық. Бірінші курстан соң Отан алдындағы әскери борышымды өтеуге аттандым. 3 жыл Калининград қаласында әскери қызметте болдым. Сарбаздық саптан оралған соң, оқуымды қайта жалғастыруға ден қойдым. Оқуға қайта оралған соң тағдыр жазып, бала кезде тай-құлындай бірге ойнап, бірге оқыған Қашап Сәлімұлы деген досымды әрі жерлесімді жолықтырдым. Білсем, ол біздің институтқа ұстаз болып жұмысқа орналасыпты. Екеуіміз жатақханада бірге тұрдық. Қашапқа мұғалімдер көп келетін. Содан мен де ұстаздармен жақын араласып, көп ретте солармен бірге жүретін болдым. Кейде студенттер менен: «Сіз қай пәннен сабақ бересіз?» - деп сұрап жатады. Мен оларға: «Кәрі студентпін!» деп жауап қайырумен болатынмын. Мұның бәрі сол бір ыстық шақтардың ұмытылмас сәттері ғой», - деп Совет Әмірханұлы сол кезеңдерді тебіреніспен еске алады.
С.Әмірханов жалындаған жастық кезден өзінің белсенділігін, жауапкершілігін тереңнен сезініп, барлық істерге ұқыптылықпен қарайды. Содан болар, студент кезінде-ақ оны партия қатарына қабылдау жөнінде шешім шығарылған екен. Ұстаздарымен қатар партия жиындарына қатысып, өмірлік тәжірибе жинақтауға ықыласпен ден қояды. Мұның өзі жас маманның болашақтағы жолын айқындауға оң септігін тигізсе керек.
Совет Әмірханұлының жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі алғашқы еңбек жолы комсомол комитетінде басталады. 1968 жылы Семей облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат бөліміне сектор меңгерушісі болып тағайындалады. Белсенді де жігерлі, жалынды да жауапкершіл жас маман он бір айдан соң облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып шақыртылып, үлкен сенім артылыпты.
Ол күнделікті қызмет ете жүріп, біліктілікті де шындап отырудан қалыс қалмайды. 1972 жылдың жазында Алматы қаласына Орталық Комитетке бір айлық оқу курсына барады. Міне, осы кезеңде Совет Әмірханұлына қазақтың ұлы жазушысы, академик Сәбит Мұқановтың үйіне бару, оның дастарқанынан дәм тату бақыты бұйырған екен. Алматы маңындағы совхоздардың бірінде директор болып қызмет ететін жақын туысының арқасында әйгілі жазушының шаңырағына аяқ басып, Сәбеңнің дастарқанынан дәм татып, ол кісінің жары, ғасыр жасаған Мәриям ананың мархабатты қолынан шай ішеді. «Осының бәрі менің көңіліме ерекше бір жылылық ұялатып, мәңгілік есімде сақталып қалды», - дейді С.Әмірхановтың өзі...
Семейдегі қызмет ойдағыдай жүріп жатты. Десе де, Ертістің Павлодар өңіріндегі ата-анасына деген алаңдаушылығы, ықыласы басылған емес. Әр жылы демалысқа келген сайын әкесі өзінің қартайып бара жатқанын, ауру-сырқауы көбейгенін айтып, ұлынан елге қарай жақындауын өтінетін болған. Отбасындағы ер баланың үлкені болған соң, Совет Әмірханұлы әке тілегін аяқасты етпей, қабыл алуды ұйғарады. 1973 жылы туған жеріне кезекті демалысқа келіп, Семейге кері қайтар жолда Павлодар облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Махмет Қайырбаевтың қабылдауына барады. «Махмет ағаға барлық жағдайымды жайып салып, Краснокутск (Ақтоғай) ауданында ата-анам тұратынын, олардың тілегі бойынша елге оралғым келетінін айттым. Обкомның екінші хатшысы мені жылы қабылдап, сөздерімді мұқият тыңдады. «Елге келгенің дұрыс болады» деп қолдап, бұл жөнінде сол арада-ақ мамандарға арнайы тапсырма да берді. «Саған лайық қызмет түбінде болады, әзірге шамалы күтесің. Семейдегі жұмысыңды алаңсыз істей бер, өзіміз хабарын береміз. Хабар алған соң ғана ондағы атқарып жүрген қызметіңді тапсырарсың», - деді Махмет аға. Сол жылдың 4 қазаны күні Семейде жұмысымда отырсам, Павлодардан қоңырау шалынды. Хабарласушы Павлодар облысы Краснокутск аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушілігінің орны босағанын, сол орынға баратынымды құлаққағыс етті. Мен дереу өтінішімді беріп, семейлік әріптестеріме алғысымды, рахметімді айтып, туған жерім – Ертістің Павлодар өңірін бетке алдым», - деп еске түсереді сол кезді С.Әмірханов.
Осылайша, Совет Әмірханұлы 1973 жылдың 16 қазаны күні Краснокутск аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. «Бұл кездері аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып соғыс ардагері, тәжірибелі де іскер басшы Сату Баймұхаметов қызмет ететін. Мұрат Қасенов, Ирина Мостовая, Әлібек Сыздықов, К.Кушанов, П.Храмов, Д.Уәлиев, К,Жұмабаев, М.Масақбаев сынды өмірдің талай белесін көрген азаматтармен қоян-қолтық еңбек етіп, тәжірибелерін бойға сіңірдім, тәлім алдым. Сол кезде ауданда басшылық қызмет етіп жүргендердің ең жасы – аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы М.Омаров, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Б.Рамазанов болатын. Осындай тәжірибелі басшылары бар ауданымыз шаруашылықтың барлық саласында көшілгері болды. Үгіт-насихат жұмыстары да жоғары деңгейде жүргізілді.
Бұл кездері қызмет бабымен еліміздің талай танымал тұлғаларымен - ақын-жазушылармен, өнер жұлдыздарымен кездесуге, пікірлесуге мүмкіндік туды. КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланова, Қазақ КСР Халық әртістері -Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, атақты әнші, дәстүрлі ән өнерінің жампозы Қайрат Байбосынов секілді өнер тарландарына елді аралатып, жұрт құшақ жая қарсы алдық. Жерлесіміз Қабдыкәрім Ыдырысовтың 50 жылдығын да айрықша атап өттік. Сол кезде жерлес ақынымыз өзінің туған жеріне Жұбан Молдағалиевті, Сағи Жиенбаевты, атақты сазгер Әсет Бейсеувті ерте келді. Жұртшылықпен кездесулер өткізіліп, талай тұшымды әңгімелер айтылды, халық әйгілі тұлғалармен жақыннан танысты», - деп сыр шертеді С.Әмірханов.
Совет Әмірханұлы 1981 жылы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, білім саласының күрмеуі көп мәселелерінің оң шешілуіне ықпалдық еткендердің бірінен саналады. Сол тұстары ауданның оқу жүйесінде бірқатар игі өзгерістер орын алады. Мектептердің басшылығына білікті де белсенді жастардың буыны тартылып, жаңаша серпіліс жасалады.
Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстарға кедергі жасаушылар да табылмай қалмапты. «Жеткен жетістіктеріміз бен атқарылып жатқан істерді жоққа шығарғысы келген, аяқтан шалып, етектен тартуды көздеген «пысықайлар» да табылмай қалмады. Олар ескіліктің әдетіне басып, жоғарыға домалақ арыздарын қарша боратты, «жаптым жала, жақтым күйе» деген жиіркенішке бой алдырып, барды жоқ деді, жалғанды шын деді. Жұмысқа ашықтан-ашық кедергі жасалды. Артынша тексеріс деген көбейді. Жұмысымыз дұрыс жүріп жатқаны туралы сол кездері басылым беттеріне талай жарияланымдар да жарыққа шықты. Бірақ ту сыртыңнан пышақ ұрғандай болып жатқанда қалыпты жұмыс істеу еш мүмкін болмады. Ақыры, өтінішімді беріп, оқу бөлімінен өз қалауыммен кеттім. Өкінішке қарай, сол кездердегі арыз жазғыштар кейін «жазушы» атанып, кітап шығарып жүргеніне қатты қынжыламыз», - деп еске алады сол бір ебедейсіз кезеңді еске түсіген С.Әмірханов.
Ол бұдан соң табаны күректей он төрт жыл аудандық әкімшіліктің құжаттамамен қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің меңгерушісі болды. Осы жерден зейнеткерлікке шықты.
С.Әмірхановтың қоғам үшін атқарған еңбегі лайықты бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды.
Өмірдің мәні де, нәрі де тек ел үшін, тұтастай қоғам үшін адал, пайдалы, нәтижелі еңбек деп түйіп, үнемі солай деп пайымдаған Совет Әмірханұлы осы уақытқа дейінгі азды-көпті ғұмырында қиын да күрделі кезеңдерді бастан өткеріп, елмен қатар өмірдің ыстық-суығына көндігіп, ауыртпалықтарды қайыспай көтеріп, нағыз азаматтық деңгейге, ақыл айтар ақсақалдық жасқа жетті.
Қазақ даналығы: «Қарғыс алма, алғыс ал», «Бата естігеннің ісінде қата болмайды» дегенді бекер айтпаса керек. Олай дейтініміз, Совет Әмірханұлы - жас шағынан қарапайым жұрттың ақ тілек-алғысын, үлкендердің батасын көп естіп өскен бақытты жан. Адам баласы үшін алғыстан артық ұлы баға бар ма?! Міне, осындай бағаны өмір жолында көп естіген ол толдым деп көкірек керіп, жетілдім деп желпініп көрген жан емес екен. Қашанда халық, қоғам үшін қызмет етуден қол үзбеген.
Тағдыр табыстырып, жүрек жарастырып шаңырақ көтерген жары Үміт Жақанқызы жоғары оқу орнында жүріп студенттік той жасап, бүгінде 43-ші жыл тату-тәтті тірлік кешіп келеді. Өмірлік қосағы өмірінің 35 жылын ұстаздық қызметке арнаған білікті маман. Химия-биология саласының «жілігін шағып, майын ішкен» маман Қазақ КСР-нің үздік мұғалімі атанды. Отбасында төрт перзент дүниеге келіп, бәрі де өмірде өз орындарын тапты.
Дос-жарандары өте көп С.Әмірханов достыққа соншалықты адал берілген жан екен. Бұл қасиеті бүгінде отбасынан тараған балаларға да дарып отырса керек. Ол үнемі балаларына: «Адал болыңдар, бір-біріңе де, өзгелерге де қамқорлық көзқарастарың жоғалмасын», - деп өмірлік бағдар беріп отырудан жалыққан емес.
Асыл ӘБІШЕВ.

