ҰСТАЗДЫҢ ЖАН ЖЫЛУЫ

 

Таяуда қаламыздағы Инновациялық Еуразия университетіне жол түсті. Бір кездегі ұстазым Жанат Базарбайқызына арнайы кіріп сәлемдестім. Аяулы ана, білікті де ұлағатты ұстаз жақында өзінің елу жылдық мерейтойын атап өтіпті. Өмірінің көп бөлігін қызығы мен  қиындығы қатар жүретін ұстаздық қызметке арнаған ол бүгінде ғылым саласының талай белестерін бағындырып, аймағымыздың журналистика саласына маман даярлау ісіне қосқан зор үлесі үшін түрлі дәрежедегі марапаттауларға ие болды.

 

Ата-анасының тәлімін көріп, үлгі- өнегесін бойына сіңіріп өскен Жанат Бектұрова өзі де - бүгінде соңынан талантты шәкірттерін ерткен ұлағатты ұстаз, филология ғылымының кандидаты, профессор, ИнЕУ-дің журналистика және  орыс филологиясы кафедрасының доценті. «ИнЕУ жаршысы» ғылыми журналының редакторы. Қаламынан 30-дан астам ғылыми еңбек туған. Бір монография, оқу және түрлі оқу-әдістемелік құралдарының авторы. Әр кездерде әр түрлі ғылыми конферен-цияларда жасаған баяндамаларын, басқа да авторлармен бірігіп жазған ғылыми еңбектерін санап шығу үшін ғана біраз уақыт керек. Сондықтан мен өз ұстазымның адами келбетін ашып көрсететін кейбір үзік сырларды қаз-қалпында қағазға түсіргенді шәкірттік парызым деп білдім.

Ж.Бектұрова Ақтоғай (бұрынғы Краснокутск) ауылының тумасын. Отбасындағы төрт баланың ішіндегі жалғыз қыз. Зиялы отбасында дүниеге келген ол кішкентайынан зерек болып өскен. «Менің бала кезден бергі арманым заңгер болу еді», - деп еске алады Жанат Базарбайқызы. Бірақ мектепте өте жақсы оқып, орта білімін үздік аяқтаса да, тағдырдың жазуымен оған арманынан бас тартуға тура келеді. «Себебі ол кездері заңгер мамандығына оқуға түсу өте қиын еді. Аталмыш факультетке көбіне жұмыс тәжірибесі бар адамдарды қабылдайтын. Сондықтан мен филология мамандығын таңдадым. Бірақ оған еш өкінбеймін. Қайта керісінше, уақыт өте келе ұстаздық қызметтің қадір-қасиетін ұғынып, шарапатын бойыма сіңіріп, мамандығыма ғашық бола түстім. Бүгінде филологиясыз өмірімді елестету қиын», - дейді ол.

Бойындағы ұстаздық қасиет анасы Мамыр Шәкенқызы Сартаевадан дарыса керек. Ол - оқыту әдістемесінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ауыл мектебінде қарапайым мұғалімдіктен бастап, көп жылдар бойы оқыту ісінің меңігерушісі болып жұмыс істейді. Өмірінің басым бөлігін шәкірт тәрбиелеуге арнаған Мамыр Шәкенқызы зейнетке шыққанға дейін ағартушылық қызметін тастамаған. Қазіргі кезде ол - құрметті зейнеткер. Осылайша, Ж.Бектұрова өз анасының ізін жалғастырып келеді. «Ана көрген тон пішер» деген осы болса керек. «Дегенмен отбасындағы жалғыз қыз болғандықтан ба, мен көбіне әкемнің тәлімін көріп өстім. Ол маған өз-өзіме жоғары талап қоя білуді, қиындықтарға мойымай, әрбір бастаған істі аяғына дейін жеткізуді үйретті. Бойыма адамгершілік қасиеттерін сіңірді», - дейді ғалым.

Әкесі Базарбай Аманбаев – өңірімізге белгілі азамат. Көп жылдар бойы Ақтоғай ауданының бас агрономы болып қызмет еткен. Еңбекқорлығының арқасында совхоз директоры болып, кейін облыстық ауылшаруашылық басқармасында лауазымдық қызметтер атқарды. Еңбегі еленіп, «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталған.

Ата-анасының қолдауы мен сенімі Жанат Базарбайқызын биік белестерге жетелейді. 1983 жылы Павлодар педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдайды. Оның ғылым-білімге деген құштарлығын байқаған ұстаздары жоғары оқу орнында қалып, жұмыс істеуге ұсыныс жасаған. Осылайша ол ұстаздық қызметін орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде өзі білім алған институтында бастады. Нақ осы жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне аспирантураға оқуға түскен. Ал 1987-1990 жылдар аралығында туған мекені Ақтоғай ауданында еңбек етті. «Ол кезде мен тұрмысқа шыққан едім. Сол жылдары үлкен қызым Динара дүниеге келді. Қалада тұрып, жұмыс істеу қиынға түсті. Сондықтан ауылға қайтып баруға мәжбүр болдым. Тіптен, қаржылай қиындықтардың салдарынан аспирантурадағы оқуымды да тастап кете жаздадым. Бірақ ата-анамның қолдауы және ғылыми жетекшім Зәуреш Ахметжанованың маған деген қалтқысыз сенімі мені бұл ойымнан айнытты», - дейді Ж.Бектұрова. Артынша ол Павлодар қаласына қайтып оралып, мұндағы №24 жалпы білім беру мектебінде жұмысын жалғастырды.

Тоқсаныншы жылдардың аяғы. Жанат Базарбайқызы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне шақырту алады. Көп ұзамай ғалым  «Сөз құрылымындағы этнографиялық компонент» тақырыбында өзінің кандидаттық диссертациясын қорғайды. 2003 жылы оған филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріліп, кейін С.Торайғыров атындағы ПМУ доценті академиялық атағын алды. Осы жылдары университетте аймақ бойынша алғаш рет журналистика мамандығы ашылған. Журналистика тарихы, журналистикадағы менеджмент және жарнама пәндері бойынша теориялық курсты әзірлеу ісі Ж.Бектуроваға табысталады.

2005 жылдан бері Жанат Базарбайқызы Инновациялық Еуразия университетінде қызмет етіп келеді. Екі жыл педагогикалық академия факультетінің деканы болып еңбек еткен. 2009 жылы ол университет доценті атанып, ИнЕУ профессоры академиялық атағын иеленді. 

Бүгінде Ж.Бектұрова үш қыз тәрбиелеп отыр. «Мен үйде өз балаларымды қалай тәрбиелесем, оқу орнында шәкірттеріме де солай қарауға тырысамын», - дейді ғалым. Осы қасиетінің арқасы болса керек, бүгінде ол шәкірттерінің алғысына, әріптестерінің құрметіне бөленіп отыр. «Мен Жанат Базарбайқызын көптен бері білемін. Оның кәсіби шеберлігіне ешкім шүбә келтіре алмайды. Өз ісінің шын маманы. Алдына мақсат қоя білетін өте ұқыпты жан. Адамдармен жақсы тіл табыса біледі. Өзгеге қашан да көмек қолын созуға әзір тұрады. Ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесін бүгінде қыздарына сіңіруде. Отбасында аяулы ана, ұжымда аса қадірлі адам», - дейді филология ғылымдарының кандидаты, ИнЕУ доценті Зәкия Латыпова.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31