ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПКЕ ЖҮГІНГЕН

 

 

Биыл - Тәуелсіз ел атанғанымызға 20 жыл! Қаймана қазақ жұртының егемендік еншісін алып, дербес мемлекет ретінде өзіндік орнын айқындауына өздерінің сүбелі үлесін қосқандар, маңдай тер еңбегін арнаған қайраткер тұлғалар аз емес. Мерейлі той қарсаңында біздер сол атпал тұлғаларымыздың елге сіңірген еңбегін еске түсіріп, ұрпаққа өнеге етсек, нұр үстіне нұр болар еді. Солардың қатарында төмендегі жазбада басты кейіпкер болып табылатын Бәшай Ағымбетов те бар....
 
 
Тонның ішкі бауындай біте қайнасып, етене жақын жүргендер, қызметтік жолда әріптес болғандар оны аса қарапайым адам болды деп жиі айтысады. Сонау сұрапыл соғыс жылдары он сегізге толмай-ақ қолына қару алып, майдан даласында ерлік көрсеткен, кейін бейбіт өмірде еселі еңбектің қазанын қайнатқан ол ақтық демі таусылғанша қоғам үшін қызметін толастатпады. Еңбек жолындағы жетістіктері оны биік баспалдақтарға көтерді. Ол өзіне сеніп тапсырылған жұмыстың нәтижесін өрлетті. Ол деп отырғанымыз – Ұлы Отан соғысының және бейбіт өмірдегі еңбектің ардагері, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Бәшай Ағымбетов. Арамыздан мәңгіге алыстап кеткен абзал              жан тірі болса, сексен бес жасқа толар еді...
Бәшай Ағымбетұлы көзі тірісінде жұртшылықтың жоғары бағасын алып, құрметіне кенелді. Қарапайым ғана отбасында дүние есігін ашқан ол кейін жауапты қызметтерде жүріп, тарыққанға демеу, қысылғанға медеу болуды назарынан тыс қалдырып көрмеген. Табандылық, төзімділік, адалдық пен жауапкершілік – оның өмірлік ұстанымына айналған басты қасиеттер. 
Табандылық дегеннен шығады, Бәшай Ағымбетұлының көзі тірісінде пікірлестеріне айтқан мына бір әңгімесі де қызық:
«Біз майдан даласына 1943 жылы аттандық. Алда қиын күндер күтіп тұрған, соңымыздан ата-ана, туған-туыс алаңдап қалған біз Қиыр Шығыстың Ворошиловск қаласына келіп табан тіредік. Осы жерде әскерге келгендерді медициналық тексерістен екінші қайтара өткізу шешімі қабылданыпты. Қызықтың көкесі сол, менің жасымның 18-ге әлі толмағаны айқындалып, елге қайтару қажет деген шешім шығарылды. Мен үшін бұл өліммен тең еді сол сәтте. Елге қалайша кері ораламын, жұртқа не айтамын, не бетіммен қараймын, - деген ойлар қатты мазалады. Мұндай шешімге қарсылық білдіріп, әскери кеңсенің табалдырығын тоздыруыма тура келді. Өзімнің ықтиярымды алға тартып, табандап тұрып алдым. Не керек, ақыры дегеніме жеттім. Әскер қатарында қалатын болып, одан сайын жігерлене түстім» - деп есіне алыпты тарих қойнауына әлдеқашан кеткен, бірақ ұрпақ санасында мәңгілік сақталуы тиіс сол бір кезеңді. Алғашқы әскери дайындықтан үздік өткен Бәшай Ағымбетұлы нағыз сарбазға тән мінезімен өзгелерді тәнті еткені де өз алдына үлкен әңгіме. 1946 жылы ол қызмет еткен әскери бөлімнің комсомол активі шалғайда сағынып отырған ата-анасы Ағымбет пен Күлжамиләға хат жолдап: «Ұлдарыңыз әскери және саяси дайындықта үздік болып танылды. Әскери бөлімде зор бедел мен құрметке ие. Біз сіздер тәрбиелеген қайсар ұлмен мақтанамыз. Отанының лайықты ұлын тәрбиелеген Сіздерге үлкен алғыс білдіреміз» деп атап көрсетіпті.  
Ол фашистік Германияға қарсы сұрапыл соғыста алдыңғы шептен көрініп, қайсар қазақ атанды. Майдан даласында шыңдалып, жеңіске үлесін қосып,  елге 1950 жылы оралған. 
Әскери өмірден үлкен тәжірибе жинап келген азамат артынша қызу еңбекке бел шеше, білек сыбана кірісіп кетеді.   
Әскери қызметте жүріп арқалаған алғысын Бәшай Ағымбетұлы бейбіт өмірдегі еңбекте де көптеп естиді. Сергек, білікті, әр істің ретін таба білетін ол комсомол қатарында жемісті еңбек етті. Белсенді іс-қимылымен, тиянақты ойымен, жоғары деңгейдегі азаматтық ұстаным-көзқарастарымен, жауаптылығымен мақталды. Еңбектегі мұндай алғыс-мақтаулары зейнетке шыққанға дейін жалғасып жатты. Баянауыл жерінде комсомол жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып қызметке ден қойған ол кейін белсенді ісінің арқасында облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы және бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл – үлкен сенім еді. Күні кеше әскер қатарында өрелі болмысымен таңдай қақтырған солдат еңбек майданында артылған сенімді де ақтай білді.  Еңбек ете жүріп, жоғары білім алуды да назардан қалыс қалдырмады. Семей педагогикалық институтын тәмамдады. Кейін Ермак (қазіргі Ақсу) аудандық партия комитетінің хатшысы болды. 1971 және 1984 жылдар аралығында ол Ермак (қазіргі Ақсу) қалалық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 
Осы қызметте Бәшай Ағымбетұлы қазіргі Ақсу қаласының қарыштап дамуына сүбелі үлесін қосты. Жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, мәдени-тұрмыстық кешендер халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Ерке Ертістің жағасында экономикасы мен индустриалдық әлеуеті алға басқан қала күн санап дамыды. 
Сол тұстары әріптес болған азаматтардың айтуынша, Бәшай Ағымбетұлы қалада дене шынықтыру мен спорттың дамуына көп көңіл бөлген екен. Ақсу спорт саласының мықты базасы жасақталған шаһар деген атқа да ие болыпты. Қала тұрғындары керемет әрі қолайлы спорт залдарымен, стадионмен, жүзу бассейнімен, атуға арналған тирлермен, қала берді, екі шаңғы базасымен, балалар мен жасөспірімдерге арналған төрт спорт мектебімен, спорт техникумымен мақтануға мүмкіндік алғаны да сол кездер. Нәтижесінде, Ақсу қаласында республикалық, облыстық деңгейдегі спорт жарыстарын өткізуге лайықты жол ашылыпты. Бұл игіліктердің бәрі де – бүгінде жаңаша жарқырап, нұр шаша гүлденіп, тотыдайын құлпырған Ақсу қаласына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мұның бәрі – жұртшылықтың салауатты өмір салтын серік етіп, бұқаралық спортқа деген қызығушылықты еселеуіне жасалған тамаша жағдайлар. 
Бәшай Ағымбетұлының өзі де спорт десе, «ішер асын жерге қоятын» адамның қатарынан көрініп, түрлі спорт шараларынан шет қалып көрмепті. Мысалы, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Жүгірушілер күніне» тұрақты қатысып, барша бұқараның көшбастаушысы болып отырған   екен. Бүгінде абзал ағаның сол бір азаматтық ұстанымдары мен қырларын көзімен көріп, куә болғандар тебіреніспен естеріне алады. Жауапты қызметте жүрмін деп көкірек кермей, туа бітті қарапайымдылығынан айнымай, әр кез халық арасынан табылып отыруы да - жастарға үлгі боларлық қасиет. «Қарапайымдылық - әр адамды биікке бастайтын, өзіне өзі баға бергізетін жақсы қасиет. Осыны естен шығармаңдар!», - деп отырады екен өскелең ұрпаққа арнаған сөздерінде. 
Бәшай Ағымбетұлының қара қылды қақ жарған әділдігін, тәртіптілігін, жауаптылығын, іске деген ынта-ықыласын, белсенді өмірлік ұстанымдарын жұртшылық Павлодар облысы бойынша тұрғындарды әлеуметтік қорғау басқармасын басқарған тұста тағы аңғарып, ризалықтарын білдірген. Ол бұл қызметті 1984-1987 жылдары абыройлы атқарады. Республикалық және облыстық деңгейдегі басшылар оның қайсыбір лауазымда қызмет етсе де, ұйымдастырушылық қабілетін, басшы ретіндегі таланты мен талабын жоғары бағалап отырған. Әр істегі адал көзқарасы, алға қойылған мақсат-міндеттерді жеріне жеткізе орындауы көпшіліктің құрметін еселеп, сенімін арттырады. 
Соғыс және еңбек ардагері  кейін зейнетке шықса да, тұғырдан таймай, қоғамдық жұмыстардың басы-қасында, бел ортасында белсеніп жүрді. Халық шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істеп, маңызы зор қоғамдық істерді атқарды. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде көптеген шаруалардың ортасында болды. 
Оның ел үшін, қоғам үшін атқарған жұмысы өзінің лайықты бағасын да алды. «Құрмет Белгісі» ордені, әскери наградалары, үкіметтік марапаттары – соның айғағы. Облыстық партия комитетінің мүшесі атанды, халық депутаттары облыстық кеңесінің депутаты болды. Ақсу қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін 1995 жылы «Ақсу қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді, 1986 жылы республикалық дәрежедегі зейнеткер болып, құрметті демалысқа шықты. 
Десе де, Бәшай Ағымбетұлы олардың ешқайсысына тоқмейілсіп көрген жан болмаған екен. «Мен үнемі елім үшін шынайы беріліп, ақ, адал еңбек еттім. Болашағымыз - өскелең ұрпақтардың ертеңгі жайлы  тұрмысы үшін бәріміз де тер төктік. Оның нәтижесін, бағасын жұртшылықтың өзі біледі. Жеткен жетістіктерім, шыққан биіктерім болса, халқымның, әріптестерімнің бірлескен еңбегінің ортақ жемісі деп білемін», - деп отыратынын да айтады үзеңгілес болғандар. 
Б.Ағымбетов отбасында тірек, ағайынға қамқор, жалпыға жанашыр ұстанымдарымен де көпшіліктің жадында сақталып қалды. Мейірімі шексіз, қайырымы мол тұлға зайыбы Бикен Сағынайқызымен тату-тәтті тірлік кешіп, ұрпақ өрбітті.  Бикен Сағынайқызы – Қазақ КСР ағарту саласының еңбек  сіңірген қызметкері, облысқа, республикаға танымал талай шәкірттерді тәрбиелеген  ұлағатты ұстаз, парасатты педагог. Осынау үлкен әулеттен 1 ұл, 3 қыз өніп-өсіп, жоғары білім алып, бірі – дәрігер, бірі – инженер, бірі – шет тілінің кәсіби маманы ретінде еңбекте із қалдырып келеді.
Бүгінде Бәшай Ағымбетұлымен лауазымды қызметтерде әріптес, үзеңгілес болған, облысқа танымал адамдардың қатары да сиреп барады. Олардың біте қайнаса атқарған еңбегі ұмыт қалмай, келешек ұрпақтарға тамаша тәрбие, өткен тарихтан қазыналы сыр, күнделікті тірлікте өнеге болуға тиіс деп ойлаймыз.
 
Асыл ӘБІШЕВ.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 23
24 25 26 27 28 29 30
31