Тәуелсіздік алдық, егемен еліміздің еркін ауасымен тыныстау бақыты бұйырды. Тәуелсіздік жылдары елімізде көз қуантар оң өзгерістер көптеп болып жатқанына барша жұрт куә. Әсіресе, қазақ мектептері ашылып, жаңа нысандар бой көтеріп, болашақтың іргесін бірге қалап жатқанымызға қуанамыз. Әрине, барлығы бір күнде пайда болған жоқ. Жылдар бойы қалыптасты. Мәселен, кезінде қазіргі қазақ мектептерінің негізі шағын қазақ сыныптарынан басталғаны анық. Өңірімізде бір кездері саусақпен санарлықтай болған қазақ сыныптарында білім беріп, шеберлік танытқан, аймағымыздың осы саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырған жандардың бірі - Күләш Қасымханқызы десем, қателеспеспін. Ол еңбек жолының алғашқы жылдарының өзінде-ақ шәкірт тәрбиелеуге, білім беруге деген ынта-жігерін байқатқан.
Күләшпен Успенка ауданы бүгінгі Қаратай, ол кездегі Маяк колхозының Қаратай орта мектебіне 1969 жылы жұмысқа келу сәтінде таныстым. «Айбынымен ай жасырған – Күләш досым» түзілімдегі ұғымды құрау себебім бірден маған жалпаңдап, «асты-үстіме» түспей, ілкім тәкаппарлықтан жоғары айбарлы қайратқа, парасатқа толы қарақат көздерімен «көреміз сенің мұншалықты кербездігіңді» - деген сыңай көрсетті. Алдында жолдасым Мырзабек Күләшті мақтап, сынып белсендісі, әнді жақсы айтады, шұғыл шешім қабылдауға шебер, қазақ халқының ырым, салт-дәстүрлерін жақсы меңгерген, Ресейдің Новосібір облысы, Қарасуық ауданының Қарасарт ауылының мектебінде осындай жаны таза қыздар көп деп айтып отыратын. Сондай жан-жақты қызымыз жетілсін деп жүргенде, өзімізді өнерге үйреткен Исатай Көкешұлы Қапаев есімді математика мұғалімі, шахматтың падишасы, баянның құлағында орыстан артық ойнайтын, әннің нотасын құратын, «Тоғызқұмалақтың» төресі, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы бір сырлы азамат-ұстазымыз Күләшті өзіне жар етіп алды деп, өткен өмір белесін әңгімелейтін.
«Біз сыныпта сырттай ғашық болып жүрген балалар сол Исатай Көкешұлы үйленгенде бәріміз тойға бардық, Ақжол тіледік» - дейтін. Санама әбден құйылған осы бір тұлғалы да өнегелі жас ұстаздардың отбасымен алғаш танысқан жеріміз мектеп болды. Шынымен, Исатай Көкешұлы да, Күләш те Мырзабек берген мінездемеге сәйкес екеніне бірден көзім жетті. Мен де Алматыдан оқу бітіріп, аспирантураға орын бергеніне қарамастан, тұрмысқа шығуыма байланысты Новосібірдің Қарасуық ауданының Шандор деген неміс ауылына келін болып түскен едім. Сөйтіп, ерікті дипломдарымызбен Қазақстанға көшіп келдік. Бізден бұрын келген Күләштар мектепте орыс ұжымына сіңісіп кеткені сырт көзге де байқалды. Әрине, мен де осал адам емес, сол тікірейген, төменге жоғарыдан қараған қалпымда, ешкімді көзге ілмей (ол кездегі мінезім осындай болатын), ешнәрседен жасқанбай, сол кездегі оқу ісінің меңгерушісі Нина Петровна Цырульниктің қасына барып отырдым. Міне, осындай кереғар қайшылықта болсақ та, интеллектуалдық әлеует өзінің міндетін атқарды. Айбынымен ай жасыратын, орақ тілді, сөзі шырынды, өзі сұлу Күләш мені де өзіне баурай бастады.
Математикадан ақылшы-кеңесшісі – Исатай Көкешұлы, «Қызықты математика» жолымен оқушыларды қызықтыратын, сөзжұмбақ, соған лайықты әңгіме-ертегі, Лазанов әдісімен перфокарталық материалдар, орта буын оқушыларының психологиясына сай ойын түрлерін өткізуге Күләшті даярлап, ұстаздық құзыретін күннен-күнге ұштай түсетіні тәжірибе барысында көрініп жүрді. Осындай қиын жұмысты игеріп кетуге Күләштің айбары, қайрат-жігері, сыныпта, сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыруда шеберлік танытуы айқын аңғарылатын. Негізі, аралас мектеп деген аты ғана, затында қазақ сыныптарында небары 5-6 бала оқитын. Біраз қиындықтар да болғаны рас. Орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдер тіпті тіл білмесе де, біздің сабақтарымызға кіріп, көсемсіп ақыл айтатын сәттер жиі кездесетін. Осындай ауыр жылдары, қазақ мектептерінің дағдарысты тұстары қазақ сыныптарында сабақ беретін ұстаздарға ауыртпалық, тауқымет әкелді. Бұл жылдары Күләш қызметімен бірге отбасылық жағдайын да ақсатпай алға алып жүре білгеніне куәміз. Біріншіден, қазақ еліне Арман, Дастан, Арыстан, Саяндай төрт азамат әкелді. Көріп отырғанымыздай, Исатай Көкешұлы мен Күләш сол Одақ кезінің өзінде балаларына ат қоюға қазақы терең мән бергені, өзгеге үлгі болғаны байқалып-ақ тұр. Бойындағы табиғат берген ерекше мінезін парасатқа жүгіндіріп, ақыл мен намыстың ноқтасын кигізіп, төрт ұлының болашақта ел қадірін білетін, өздерінің еліне адал болуына бағдар жасай алатын дәрежеде көрінуіне және жары Исатайдың азаматтар алдында өз деңгейінде көшбасы болуына адалдықпен жағдай туғызды. Үйде үй шаруасын тындырып, мектепте шебер ұстаз, ауылдағы адамдарға сыйлы болуға өзінің ерен еңбегімен жетті. Күләштің бір азаматтық үлгілі іс-әрекеті төсек тартып жатқан енесін үш жыл бойы реніш білдірмей күтуі еді. Бүкіл Маяк-Қаратай ауылының үлкендері Күләштің ізгілікті мінезін барлық жұртқа, басқа ауылдарға өнеге етіп айтып жүрді. Мен де Күләштің осы бір келін ретіндегі өзінің ерлігін өзіме үлгі тұттым.
Күләштің тағы бір ерекше қасиеті – халықтың сан жылдар бойы тырнақтап жинаған рухани құндылықтарын өмір тәжірибесінде сәтті қолдана білуі. Мәселен, тойлардың сипатына қарай «Қыз ұзату», «Құда түсіру», «Жаңа қонысқа көшу» және тағы басқа салт-дәстүрлердің төлтумасын бір кісідей біледі. Мұның бәрін анасынан естіп, жадына түйе берген екен. Жасыратыны жоқ, біз Қазақстан қыздары болғанымызбен, мұндай өнегелі-тұғырлы істерден қалыс едік. Елде бір сыйлы адам фәнилықтан бақилыққа аттанса, Күләшті «Жоқтау» айтуға арнайы шақыратын. Ресейде өмір сүрген Күләш осындай ұлттық рухани құндылықтарын бүгінгі күнге дейін сақтап келеді.
Кейін Күләш Успенкадан Лебяжі ауданының Қарақала атты елді мекеніне қоныс аударды. Бұл тұста біз Павлодарға келген едік. Облыстық оқу бөлімінің сол кездегі төрағасы Тәжібай Шаймерденов ағамыздың басшылығымен қызмет атқарған мен Лебяжіге 10 жыл қатарынан куратор болдым. Осы кезде біздің мектептеріміз әлі де болсын тұралау кезеңінен арылмаса да, бізде ерекше келешекке кемел сеніміміз жүрегімізден орын алған болатын. Исатай Көкешұлы Күләш екеуі осы ауылда өздерінің мықты шәкірттерінің табыстарын көре бастағанына тексеруші-әдіскер қызметінде жүріп, көзім жетті. Аудан аралаған уақытта тек осы шаңыраққа әдейі барып, үлгі-өнеге алып, екеуінің жарасқан сүйіспеншілігі мен отбасындағы сыйластыққа, оған елі де риза екеніне тәнті болатынбыз.
«Өмірдің бәрі бірыңғай күннен, жұмақтан бола бермейді, оның түндері де бар» дейді кемеңгер Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Түндер Исатай Көкешұлын да, Күләшті де, Мырзабекті де, мені де айналып өткен жоқ. Жаратушы ие өзінің құлдарын түндер арқылы әр мүшел жаста сынап отыратынын біз бүгінгі күні ғана бағамдап отырғандаймыз. Ал ол кезде алғашқы «түндерді» көрген сәтте біз шарасыздық танытып, әркім өзінің өресінше, шешім қабылдайды. Осындай тұс – Күләшта Исатай Көкешұлының бақилыққа аттануымен байланысты сәт. Төрт ұлымен аңырап қалған адал жар кейінгі өмірді қалай сабақтастыру қажеттігіне көңіл бөлді. Міне, көкірегің жасқа, көңілің мұң-қайғыға лықа толған уақытта жарқын болашаққа ұмтылу өте қиын екенін көпті көрген адамдар тереңінен түсіне алады. Бәйтерегі құлаған Күләш тағы да айбарлы мінезін өзіне демеу етіп, болашағымыз қалаға көшу деген шешім қабылдады.
Адамды бақытқа жеткізбейтін көлеңкелі мінез - қорқу. Бұл орайда, Күләш «қалаға көшсем, кім көмектеседі» деп адамдардан қолдау іздемей, бір Аллаға сыйынып, өзінің күш-қуатына сенді. Нар тәуекелге басып, Павлодар қаласына қоныс аударды. Ертіс өзенінің жағасында төрт ұлымен бірге бір бөлмелі пәтер жалдап тұрды. Мырзабек екеуіміз ол пәтердің жөндеу жұмыстарына көмектесіп, Күләштің көңілін бір серпілтіп тастауды жөн көрдік. Бойындағы қайратының арқасында құрбымыз тез арада қала қарымына ілесіп кете алды.
Бүгінгі таңда Аллаға шүкір! Күләш өзінің рухани нәрі мен білікті де тұғырлы ұстаз құзыретімен, қадірлі Ана ажарымен төрт ұлын төрт отауға айналдырып, өзі үш бөлмелі шаңырағын аялап келеді. Өнері өрге жүргізіп, ешкімнің қолы жете бермейтін Ж.Аймауытов атындағы театрдың қызметкері.
Бір кезде: «Шіркін, біздің қазақтар-ай, театр саңлақтарына лайықты Күләш өз мүмкіндігін дұрыс пайдаланбады-ау, соған себеп болған әртістерге деген қазақтардың жаңсақ, көлеңкелі көзқарастары-ау», деп ойлаушы едім. Міне, бүгінгі таңда Күләш - елінің еркесі, балаларының абзал анасы, мектептердің тұғырлы ұстазы.
Бүгінде ұлдары да ата-ана үмітін ақтаған азаматтар атанды. Олар ата-ана ізімен тәуелсіз еліміздің ілгері басуына бар күш-жігерлерін салып келеді. Мысалы, Дастан - тоғызқұмалақтан ұстаздық құзыретке ие болып, «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» мәртебесін алды. Ал келіндеріне өз болмысы үлгі. Бәрімен тіл табыса білген Күләш әр келінін бір-бір тұлға деп есептеп, олардың болмысына қарай өзінің енелік ақылын береді. Соның ішінде Толқынның алатын орны ерекше. Күләш пен келіні Толқын «Енелер мен келіндер» сайысына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Шаңырақтың құт пен береке-ырысын жалғастырушы Толқын енесі Күләшпен жұлдызы жарасып, өнер биігінен әр күн сайын ілгерілеу үстінде. Мәртебелі Мерейтойың отбасыңа, отау тіккен балаларыңа, өзіңе Алладан нұр, бақ-береке, ырыс-дәулет әкеліп, ел құрметінің сыйы мен сүйіспеншілігіне бөлене беруіңе шын жүректен тілектеспін!
ЕҢЛІК ЖҰМАТАЕВА,
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің Ж.Аймауытов
атындағы этнопедагогика және
білім берудің инновациялық технологияларының
ғылыми-практикалық орталығының директоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

