ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІНІҢ ІЗІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

 

Ұлағатты ұстаз Болат Асайынов шәкірттерінің ерекше құрметіне ие. Себебі, оның жүргізген әрбір дәрісі асқан қызығушылықпен өтіп, оқушы жүрегіне жол тартады. Бұл күнде еңселі елу жасқа толған Болат Нұржанұлы еліміздің болашағыжастарды білімге шақырып, білгенін үйретуден әсте жалыққан емес.

ашыр ауданы, Тегістік елді мекенінде туып-өскен Болат Нұржанұлының өмірі - өзге жандарға үлгі. Себебі, ол ата-анасы салған сара жолдан айнымай, ұстаздар әулетінің ізін жалғастырды. Тегістік ауылында өмір соңына дейін ұстаздық қызмет атқарған Болат ағаның ата-анасы баласының білімді де білікті мұғалім болып өскенін қалайды. Содан болар, әкенің тәрбиесі мен ананың ыстық мейірімі мектеп бітірген жас баланы білім жолына жетеледі. «Әкем Нұржан Тегістік ауылындағы мектептің, жалпы ауылдың көркейіп, дамуына көп үлес қосқан азамат. Өмірінің соңына дейін өскелең ұрпақты білім жолына тәрбиелеп, білім ошағында тапжылмай еңбек етті. Ол ұстаздар ұжымының, оқушылар мен ауылдастарының алдында өте сыйлы адам болатын. Әкемнің ұяңдығы, сыпайылығы, білімділігі, өнері мен жан-жақты қасиеттері кез-келген адамды тәнті етуші еді»,- деп еске алады Болат аға. Әкесінің берген тәрбиесі, ақыл-кеңесі баласының нағыз азамат болып қалыптасуына өмір бойы азық болғаны анық. Болат Нұржанұлының анасы да мектепте талай жыл бойы жемісті еңбек еткен. Алла берген алты баланы бағып-қағып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ол бақытты ана, ардақты әже. «Бүгінде Қашыр ауданында тұратын әзиз анама бір бармасам, мауқым басылмайды»,- дейді Б.Асайынов.

Онжылдық мектепті ойдағыдай бітіріп шыққан мақала кейіпкері еңбек жолын Павлодар трактор жасау зауытынан бастайды. Бір жылдай уақыт сол жерде жұмыс істеген ол кейіннен әскер қатарына шақырылады. Азаматтық борышын өтеген соң, Семей қаласындағы сол кездегі Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың көркемсурет факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдағасын Семей ет комбинатының жанынан құрылған «Жастық» атты халықтық театрда қоюшы-суретші болып қызмет атқарады. Институтта алған білімін алғаш осы жерде пайдаланған ол ерекше белсенділігімен көзге түседі. «Студенттік шақты ұмыту мүмкін емес. Оқытушылардың дәрісінен қалмай, сабағымызды бар ынта-жігермен оқитынбыз. Қиын сәттерде бір-бірімізге демеу болатынбыз. Қазір сол күндерді сағынасың. Жиі-жиі еске аласың»,-дейді Болат Нұржанұлы. Өткен күнде белгі бар демекші, өмірінің жарқын сәттерін осылайша еске алатын ұстаз елден жырақ шықса, институтта бірге оқыған жора-жолдастарын іздейтінін алға тартты.

Өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деген қағиданы мықтап ұстанған Болат Нұржанұлы Павлодарға келіп, туған қаласы үшін еңбек етуді азаматтық борышым деп біледі. Міне, жиырма жылға жуық уақыт Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназия-интернатында мұғалімдік қызмет атқарған ұстаздың алдынан қаншама оқушы өтті. Ол талай таланттың дарынын шыңдап, өмірлерінің мәнді де сәнді өтуіне өз үлесін қосты. Білім ошағындағы әрбір сабақты қызықты өткізуге тырысатын ол мол тәжірибесін оқушылармен үнемі бөліседі. Өзінің гимназия-интернатына келгенін Болат аға былайша еске алады: «Ол кезде білімді ұстаздармен бірге сабақ жүргізу мен үшін қиындық туғызатын. Тәжірибелі аға-апаларыммен қоян-қолтық араласа отырып, ұжымға сіңісіп кеттім. Сол кездегі мектеп директоры Мақажан Жылқыбаев көп нәрсеге үйретті. Қолынан келген көмегін аямай, өз ісімнің нағыз маманы болуыма айрықша септігін тигізді»,- дейді. Ол білікті де білімді аға-апаларынан тек қана ұстаздық шеберлікті емес, тәлім-тәрбие, өмірге деген көзқарастың сан қилы ерекшеліктерін жете түсінгенін жеткізді. «Қазір сол уақытта менімен бірге жұмыс істеген аға-апалардың басым көпшілігі зейнеткерлікке шыққан. Қалғандары мәңгілік мекендеріне аттанды. Сол әріптес аға-апаларымның көрсеткен үлгі-өнегелеріне дән ризамын»,- дейді Болат Асайынов.

Келесі жылы Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының құрылғанына 50 жыл толады. Осы жыл ішінде толағай табыстарға жеткен білім ордасы Болат Нұржанұлы секілді ұстаздарымен мақтанады. Себебі, мектептің көркеюіне ұлағатты ұстаздың сіңірген еңбегі ерен.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30