Сұлтан Жолдасовты аймақтың аға буын ұрпағы жақсы біледі. Дүйім елге таңсық телевидение саласында табандатқан қырық жылдай тер төккен азамат абыройға ие. Облыстың сан алуан тарихи оқиғаларын қырағы камераға түсіріп, өңірден шыққан атақты академиктер мен өз ісінің шебер тұлғалары туралы көптеген деректі фильмдер дайындаған майталман маман өзі де бүгін аузы дуалы ардагерлер сапына қосылған.
- 1951 жылы сәуірдің 15-інде Павлодар қаласында тудым. Орта мектепті бітіріп, әскери борышымды өтедім. Әскерде жүрген кезімде фотоға әуестігім пайда болды. Ол кезде ел «Зенит», «Смена» деген аппараттарды ұстайды. Елге оралған соң телевидение саласында бақ сынауға бел будым. Алғашқыда үш ай сынақ мерзімі бойынша жарық қоюшы ретінде жұмысқа қабылдады. Ол кезде жергілікті телеарнаның директоры Хамза Махамбетұлы Тоқпанов болатын,- дейді әңгімесін бастаған кейіпкеріміз.
Кібіртіктеп келген жас маманға басшылықтан бастап мұндағы ұжым бірден жанашыр бола кетті. Аз уақыт өткенде ол қабілетін таныта алып, телеоператорлықта өзін сынап көруге мүмкіндік алды. Камераға түсіру өнеріне М.Зельев, В.Иклатый сынды өз ісінің білгірлері баулыды. Кейін кинохабарлар дайындау ісіне Алматыдан келген Стебут деген ұстазы, әлі күнге дейін сыйласатын В.Бутэрус жетекшілік жасап, бар білгендерін бойына құйып отырған. Осындай айрықша қамқорлықтың арқасында Сұлтан Жолдасов өз мамандығының қыр-сырына қаныға түсті. Жылдар бойы тәжірибесі шыңдала берді.
- Қазіргідей емес, мен келген бетте операторлардың жұмысы қиындау болатын. Негативке түсірілген адамның беті қара, ал көздері ақ болып шығатын, түрін содан айыратынбыз. Оны өңдеп, эфирге шығаруға дайындаймыз. Ол камералардың қабілеті аздау, сондықтан түсіретін алаңға жарық беретін құрылғы қоятынбыз. «Красногорка» деген камераны тетігін бұрап-бұрап, іске қосады. Сондағы шамасы 20 секунд кадр түсіруге ғана жетеді. Қайтадан әуреленіп, тетікті бұрай бастаймыз. Ол кезде хабардың бейнесі мен дыбысы жеке-жеке жазылады. Кейін эфирге берген сәттерде қатар жүргізіп қоямыз. Әуелде таспаға жазу мүмкін болмай, хабарды тікелей беріп отырдық. Сексенінші жылдары микрофоны, неше түрлі объективтері бар, магниттік жолаққа жазатын жапондық аппараттар келіп, техникалық мүмкіндігіміз айтарлықтай жетіле түсті. Ал қазір барлығы сандық жүйеге түсіріліп, сандық негіздегі таспаға жазылады. Өткен жылдың желтоқсанында шалғайдағы Шегірен ауылында спутниктік желі арқылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей телекөпір өткізілді. Бұл да біздің телевидениенің қазіргі ерекше мүмкіндіктерін көрсетеді, - дейді ол тарихты еске ала отырып.
Сұлтан Жолдасовтың еңбек жолын сөз еткенде, оның облыстың дамуында ерекше үлес қосқан алуан оқиғалардың бел ортасында жүріп, соларды кадрға түсіріп, тарихтың таңбасына айналдырғанын айта кету керек. Мәселен, қажырлы оператор Екібастұзда бой көтерген алып электр станцияларын, көмір кеніштерін камерасын арқалап, талай мәрте аралап шыққан. Павлодар зауытында құрастырылған 50 мыңыншы, 100 мыңыншы тракторлардың түрін көргіңіз келсе, маманның архивіне бас сұғыңыз. Сұлтан ағаның тарихи қорында ауыл шаруашылығының талай белестері бейнеленген хабарлар бар екені шүбәсіз.
- Қазіргі Ақтоғай ауданы Чкалов кеңшарын 40 жыл басқарған Жетімтай Шарапиденов туралы фильм түсіргенім есімде. Жанындағы ауыл ақсақалы екеуі ат шанамен жүріп бара жатып, кеңшардың арғы-бергі тарихын еске алғандай сюжет ойластырып, деректі хабар жасаған едік, - дейді тәжірибелі оператор.
Сұлтан аға қызметінің арқасында облыстың қиыр шетін түгел аралап шыққан. Жолай небір оқиғаларға да кездесіп отырған. Бірде көліктері қарға батып қалған түсіру тобы Өлеңті ауылынан Екібастұзға жете алмай, қараңғыда жолда қалады. Бірнеше сағат күтеді. Бір мезетте алдарынан алып «К-700» маңдайы жарқырап шыға келгенде, аман қалғандарына тәубешілік айтысқан. Олардың шығарда бір телефон қоңырауы шалып қойғандары дұрыс болыпты. Кешігіп жатқандарына қарап, жолда қалғандарын білген бастықтар құтқарушы адам жіберген екен.
Тағы бір жолы журналист Жұмасейіт Бижан екеуі «Керегетас» кенішіне барады. Түсіріп жатса, камерасы зырқ етіп, көз алдындағы бейнесі бәрі ерекше жылдамдықпен алға қарай зымырай жөнеледі. «Мәссаған, мынаған не болған! - деп таңдай қағып қараса, аккумуляторы қайнап кетіпті. Сөйтсе, кеніштің іші 45 градус ыстық екен. Көлеңкеде камераны суытып алып, қайта іске кірістік, дейді ол. Осындай өз ісіне деген адалдықтың арқасында оның түсірген хабарлары облыстың ғана емес, бүкіл одаққа тарайтын мәскеулік «Время» жаңалықтарынан да берілетін.
Шын мәнінде, ондай абыройға екінің бірі бөлене бермейді. Әсіресе, қазақ баласының мұндай биікке шығуы таңсық болатын. Оны айтасыз, С.Жолдасов 1973 жылы алғаш телевидениеге аяқ басқанда, ондағы 12 оператордың ішінде Тоқтар Ахметов деген жалғыз қазақ азаматы болған. Ол ізін басқан інісі келгенде ерекше қуаныпты. Оның тәлімін алған Сұлтан аға кейін Мәскеудің өнер институтын фото ісі және кино саласы бойынша сырттай оқып, кейін Павлодардағы комсомол активі факультетін тәмамдаған.
- Жапондық аппараттар келгенде, ауылдарға шыға бастадық. Сонда ауыл адамдары маған келіп, камерама қарап, «мұны игеруге де бас керек қой» деп таңданыстарын білдіретін, - дейді мамандығының қыр-сырын тәптіштеуден жалықпайтын азамат. Ол кезде жергілікті телеарна күніне 6 сағат хабар тарататын.
Сұлтан ағаның қазақ халқына ерекше еңбек сіңірген алып тұлғалар, қазақ тарихында айрықша сәуле төккен ұмытылмас оқиғалар жөнінде облыстан тыс жерлерге барып әзірлеген туындылары да бар. Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына байланысты оның ұрпақтарымен кездесіп, тағы бірде Шәкен Айманов пен Кәукен Кенжетаевтың үйінде болып, жүздерін көрген. 1990 жылы Омбыда өткен, Қазақстанның халық әртістері Роза Рымбаева, Ермек Серкебаевтар өнерлерімен тамсандырған «Қазақстанның Ресейдегі мәдени күндері» деген шарадан арнайы хабар түсірді. 1992 жылы Алматыдағы әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайына дүние жүзінің 33 елінен қандастарымыз келіп қатысқанда, ұлы қуанышты тарихи таспаға түсіргендердің бірі осы Сұлтан Жолдасов болатын. 1996 жылы Жидебайда өткен ұлы Абайдың кесенесінің ашылуы да – тәжірибелі оператордың қорында сақтаулы. Сондай-ақ, Иса Байзақов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаяу Мұса Байжанұлының мерейтойларына байланысты әзірлеген тарихи дүниелері де ерекше. Тәуелсіздігімізді алып, шет елдерге тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың елге көшу сәті де «Ұлы көш» фильмінде көрініс тапқан. Айта берсек, қазақ жұртының соңғы қырық жылға тақау мерзімдегі тарихы бүгінде «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының алтын қорын толықтырып тұр. Оның авторы – облыста ғана емес, республикалық телевидение саласының арқа тұтар ардагері, «студия директоры» атанған Сұлтан Жолдасов. Тұғырынан түспеген ол осы күні де бағдарламаға қонақ бола келген кейіпкерлердің бет-бейнесі мен сөзін көпшілік көрерменнің назарына ұсынады. Білікті маманды Марат Ибраев бастаған жергілікті телеарна ұжымы ерекше сыйлайды.
Сұлтан Жолдасов өзі тәрбиелеген шәкірттерін де мақтан етеді. Олардың қатарында тәжірибелі оператор Төлеген Ахметов, «Қазақстан» ұлттық арнасының меншікті түсірушісі Виталий Галотин, «Ирбис» телеарнасында қызмет ететін Сергей Извеков, тағы басқалар бар.
Кейіпкеріміз отбасылық өмірде де өзін бақыттымын деп сезінеді. Жұбайы Алмагүл Машрапқызы – ұстаздар әулетінде тәрбиеленген өнегелі жан. Бірге өсіріп-жеткізген балалары да өмірден өз бақтарын, жолдарын тауып келеді. Кенже ұлы Диас бүгінде Семей медициналық академиясының соңғы курсында, бұйыртса, біліктілігін жетілдіріп, емдеу саласында еңбектенеді. Бәйбішесімен бірге ата болып, үш немеренің қызығына бөленіп отырған Сұлтан Жолдасов тағдырына риза. Айта кетерлігі, Сұлтан ағадан басқа жергілікті телеарнаға оның апасы - Райхан, қарындасы - Айман, кейін Ленинградтағы режиссерлік оқуды тәмамдап інісі - Нұрлан келген. Бір әулеттен шыққан олардың осы саладаға еңбек өтілін санасаңыз, ғасырға жетіп қаласыз. Ендеше, бүгінде 60 жастың асқарына шыққан Сұлтан Жолдасовтың мерейтойы – жергілікті телевидение үшін де құрметті оқиға.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

