АЛТЫН ҚҰРСАҚ АБЗАЛ ЖАН

 

«Әйелдің қырық жаны бар» демекші, талай тауқыметті басынан өткеруге тура келсе де, шыбын жанын шүберекке түйіп, бала-шағасын ел қатарлы өсіріп-жеткізген                 абзал ананың бірі Еркін Мұхамеджанованың ерлікке пара-пар өнегелі өмір жолы - біз үшін үлгі. Қиындыққа қасқая қарсы тұра білген қайсар жан бүгінде жетпістің жетегіне қадам басты.

 

Ақтоғай ауданы, Мүткенов ауылында (бұрынғы Чкалов кеңшары) 1941 жылы мамыражай мамырдың алғашқы күні Шәкімбай мен Мүслиманың шаңырағында іңгәлаған сәби үні естіледі. Бұл - Еркін Шәкімбайқызының туған күні. Тұла бойы тұңғыштары дүниеге келіп, отбасы шексіз қуанышқа бөленді. Алайда бір жарым айдан кейін Ұлы Отан соғысы басталып, еркек кіндіктінің бәрі іле-шала майданға аттанды. Олардың қатарында ағасы Тәтімбай да бар. Туған жерін жаудан қорғаған ол ерлікпен оралып, соғыстан кейінгі ауыр кезеңді отбасымен бірге абыроймен еңсеруге күш салды. Уақыт болса, жылжып өте берді. Көп балалы отбасы болғандықтан, Еркін Мұхамеджанова 4 сыныпты ғана бітіріп, балалардың үлкені ретінде ол да еңбекке ерте араласады...

Қыз дәуреннің қысқалығын қайтерсің, 18 жасында Ертістің бергі жағындағы Песчан ауылының тұрғыны Ермұханбет есімді жігітке айттырылып, ұзатылып кете барады. Екеуінің шаңырағында бірінен соң бірі алты сәби өмірге келеді. Бұрынғы ата-салт бойынша тұңғышы Ғалияны ата-әжесі Нұртаза мен Мақу асырап алса, Алма, Қайрат, Зәлия, Әлия, Ботагөз туған ата-анасының қолында тәрбиеленеді. Алайда, «Балалы үйдің базары» асқар тау әкенің науқасқа шалдығуы салдарынан ерте тыйылып, Еркін апайға бір емес, бірнеше жұмыс жасап, балалардың тез есеюіне тура келеді. Айықпас дерт кесірінен екі жылдан соң, 1974 жылы отағасынан айырылып, әйел - жесір, бала жетім қалады. Еркін Шәкімбайқызы бар-жоғы 33-те, ал балаларының алды – 13, соңы небары 4 жаста еді. Балаларына таршылық көрсетпеуге тырысқан ана күн-түн демей, тер төгеді. Балабақшада тәрбиеші, интернатта аспазшы болып қызмет етеді. Онымен қоса, үй шаруасы, мал-жан бар. Санасы ерте оянған балалары да анасына көмектесіп, бір-біріне қарайласады. Мектептен қолы босай сала еңбекке араласады. Бұл жерде әрине, ағайын-туғандардың, жолдас-құрбылардың жәрдемдескенін айтпасқа болмас. Әсіресе, бірге араласқан жақын жолдас Совет Әмірхановтың септігі көп тигенін айтады Еркін апай: «Ол кезде Ақтоғай аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Совет мені интернатқа аспазшы қылып орналастырса, жаңа оқу бітірген қызым Зәлияны бас бухгалтердің көмекшісі етіп қойды. Бұл жақсылығын еш ұмытпаспыз».

Сөйтіп жүріп, ер жеткен балалар білім қуып кетеді. Дегенмен, анасын жалғыз қалдырмаған, бірі болмаса, міндетті түрде екіншісі қасынан табылып отырды. Өз күштерімен талпынып, Алмасы Павлодардың педагогикалық училищесін, Қайраты Қарағанды жоғары милиция білім ошағын бітіріп, қазірде ҰҚК подполковнигі қызметін атқаруда. Әлия жеке кәсібін ашса, Шымкент фармацевтикалық жоғары оқу орнын тәмамдаған Ботагөзі білдей фармацевт маманы. Елге пайдасы зор осындай азаматтарды тәрбиелеп өсірген әз ана былтыр Елбасы жарлығымен «Күміс алқа» иегері атанып, 3 немере, 13 жиен, 7 жиеншардың қызығына бөленуде. «Немере балаңнан да тәтті» болады демекші, «жаным», «күнім», «айналайындарым» деп беттерінен сүйіп, маңдайларынан иіскеген әжелерін олар да қатты жақсы көреді. Ал жалғыз ұлына сүйікті жар болып отырған келіні Сара Асылбекқызы анасындай болып кеткен енесі үй шаруасында көп дүниеге үйреткенін, дана, мейірімді, қадірлі жан екенін айтады. Олар бір шаңырақ астында 26 жыл бойы өмір сүріп келеді. Сондай-ақ Еркін апайдың тағы бір қыры – көпшіл, қонақжай адам. «Қонақ келсе, барыңды алдына жайып сал, несібеңнен еш құр қалмайсың» - деген марқұм жұбайының сөзі әлі күнге жадынан кетер емес. Апайдың ісмерлік қабілеті, бүгінгі таңға дейін балаларын, немерелерін қою қара шайы, қаймақ пенен майымен қарсы алып отырғаны – еңбекқорлығы, көңілінің жастығы мен мейірімге толы ақ жүрегінің тағы бір айқын көрінісі.

Анасын қадір тұтып, әлемнің байлығын сыйлауды, көктегі айды әпермесе де, жердегі шаттыққа кенелтуді армандамайтын адам жоқ шығар, сірә. Жетпістің асуына шыққан Еркін Мұхамеджановаға барша туған-туысқандары денінің саулығын, бақыт пен шаттыққа толы ғұмыр тілейді.

Сандуғаш ӘЛКЕНОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31