Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөзі бар. Шындығында да, әйел заты баланы бесікте жатқан сәтінен бастап әлпештеп, өсіреді. Өмірдің іргетасы да солардың қолымен қаланады. Халқымыз әйел баласын батыр бабалары-мыздың ерлігі мен салт-дәстүрлерінің негізінде тәрбиелеп, жас ұрпаққа өнеге-үлгі болуға баулыған. ХХ ғасыр тудырған Әлия мен Мәншүктей батыр қыздарымыздың өр намысты, болаттай төзімді, қайраттыерлігі бізге мәңгілік үлгі болары анық. Еліміз тәуелсіздігін алып, нарыққа көшкен өтпелі кезеңде жұмыссыз қалып, шарасыздықтан уайым кешкен азаматтарға тірек болған да, отбасын қиын-қыстау кезеңдерден аман-есен алып шыққан да, балаларына ел қатарлы тәлім-тәрбие берген де – осы қазақ әйелі.
Әр кезеңнің өз батырлары болатындығы сөзсіз. Әрдайым олардың қатарына көп балалы аналарды, халық мүддесін қорғап жүрген еліне адал азаматтарды, Отаны үшін жанын пида еткен батырларымызды жатқызамыз. Жүректілік, батылдық, ер жігітке тән мінезбен қатар келіп, қажыр-қайратын танытып жатса, азаматтың азаматтығы сонда көрінеді. Ел басына күн туған сәттерде халық үшін өмірін қатерге тігіп, қолынан келген көмегін аямаған жандарды да «бүгінгі күннің батыры» деп атауға әбден лайық. Сондай ұлтжанды, қайсар мінезді жерлестеріміздің бірі - Шаттық Рахманқызы Батырханова. Ол өткен жылдың күзінде Лебяжі ауданына қарасты Жабағылы ауылына төнген апатты жағдайдан тұрғындарды құтқаруға атсалысты.
- Былтыр қыркүйек айында орын алған өрт кезінде ауылдықтар қатты шошып, қобалжыды. Олардың әрқайсысына көмек беруден аянбадым. Жабағылы ауылында 220 тұрғын бар. Барлығы балалы-шағалы, үрім-бұтақты азаматтар. Әп-сәтте орман алқабын жайпаған өрттің біздің елді мекенге де басып кіруі мүмкін еді. Сондықтан тұрғындардың барлығын Шығыс Қазақстан облысы Беген ауылына көшіруге тура келді. Қиын жағдайда менің орнымда болған әр адам дәл осындай қадамға барар еді, - дейді Шаттық апай.
Ол көптен бері Лебяжі ауданы, Жабағылы ауылындағы дәрігерлік пункттің фельдшері болып қызмет етуде. Қарапайым ауыл тұрғыны. Үш баланың анасы. Бүгінде оған жерлестері үлкен ілтипатпен қарап, ризашылықтарын білдіруде. Себебі, ол басын бәйгеге тігіп, талай адамның тағдырын сақтап қалды. Жаны нәзік болса да, үлкен ерлік көрсеткен Шаттық Батырханованың бұл ісі - баршаға үлгі.
Қоғамымызда мұндай адамдардың барына қай-қайсымыз да қуанамыз, мақтан тұтамыз, өр мінезінен сабақ аламыз.
Өз қатарластарына үлгі бола білген Шаттықтың ерлігі елеусіз қалған жоқ. 2010 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко оған Павлодар облысындағы орман өрттерін сөндіру кезінде ерлік пен батырлық танытқаны үшін арнайы награда табыстады. Ал жуырда ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, халық алдындағы абыройы асқақтады. Ерлігін елі таныған Шаттық Рахманқызы тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын оқиға – 7-ші қысқы Азиада ойындарының алау эстафетасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Қазақтың батыр қызы бейбіт өмірде де «батыр» деген атаққа лайық жомарт адамдардың барына кәміл сенеді. «Бүгінгі таңда халқымыз амандықта, жұртымыз тыныштықта өмір сүруде. Ел қамын ойлап, халқының тұрмыс-тіршілігіне алаңдайтын аға-інілеріміздің барына қуанамын», - дейді ол.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

