Алысты жақындатып, жақынды табыстырып, төңірегіне шуақ нұрын шашып жүретін ерекше жаратылған жандар болады. Халқымыздың әлмисақтан бауырмал, ағайыншыл екені баршаға мәлім. Десе де, ел басына түскен қаншама қиын-қыстау сәттерде ұлтымыз рухани келбетін жоғалтпай, тоз-тоз болып шашырамай, бүгінгі күнге тұяғы бүтін жеткені, келешекке күмәнсіз көз тастап отырғаны осы ағайыншылықтың, туысқандық берік байланыстардың арқасы шығар деп ойлаймын. Жалпы, қазақта ел, ағайын деген ұғымдар егіз мағына береді ғой. Сол ағайын арасындағы қарым-қатынасты жылылыққа, шуаққа бөлейтін, қуаныш-қайғыда тастүйін біріктіретін де - осы бір бауырмал жандар. Тіпті, ұлттың ұйытқысы да солар деуге болар. Осы ұлттық қасиетті ұрпақтарымыздың бойына сіңіре білгеніміз абзал.
Менің айтпағым, Қарағанды қаласында тұратын жақын ағам Нұркен Мырзаханұлы жайында. Абай атамыз «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» демейтін бе еді. Данышпан ойшыл «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және хақ жолы осы деп әділетті» деуі нақ осы ел десе, ағайын десе жүрегін бөліп беруге бар бауырмал жанға арналғандай.
Ол кісі тұратын шаһарға ат басын тіреген туыстардың барлығының басы қосылып, мерекесі мен берекесі жарасып жатса, бәрінің басы-қасында Нұркен жүреді. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген, өскелең жастарға әрдайым қамқор болып, жылы лебізін, ақыл-кеңесін аямайды. Мен оның ешкімді сыртынан күстаналағанын ешқашан естімеппін. Келбеті де, ішкі жан дүниесі де нұрлы азамат.
Нұркен Мырзахановтың есімі еліміздің ғылым саласында кеңінен белгілі, атақ-беделі өз басынан жетіп-артылады. Биология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпарат академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Президенті стипендиясының иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, екі мәрте халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Былтыр Вена қаласындағы халықаралық университеттің құрметті профессоры атағы берілді. Одан соң Оксфорд университетінің қалауымен Сократ сыйлығы тапсырылды. Бұдан бөлек, Мәскеу қаласында оған «Кәсібім - өмірім» сыйлығы табысталды. Бүгінде ол Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де кафедра меңгерушісі болып қызмет істейді.
Ер-азаматтың ел алдында сыйлы болып, өркендеп-өсуі біз секілді жақын-туыстарын әрдайым қуанышқа бөлеп, мақтаныш сезімін тудырады. Нұркен Мырзаханұлының қарапайымдылығы, әр нәрсеге болса да жауаптылығы, сабырлылығы - бізге үлкен сабақ. Осындай ағамен дәм-тұзымыз жарасып жүргенге не жетсін.
Қалкеш СҰЛТАНОВ
Павлодар қаласы.

