Бектұр Оспанбеков, Мұсатай Жолдасов, Руслан Белялов – Павлодар қаласындағы №5512 ішкі әскер бөлімінде азаматтық борыштарын абыроймен атқарып жүрген ұландар. Олар жуырда қалада анасынан ажырап қалған жас баланы тауып алып, әскери бөлімше басшыларының сенімінен шықты.
Оқиға былай болған-ды. Павлодар қаласының Суворов пен Павлов көшелерінің қиылысындағы тыныштық пен қоғамдық тәртіпті қадағалаушы жауынгерлер 4-5 жастағы баланы көздері шалады. «Жасыбай» сауда үйінің алдында тұрған жас бала «апа» деп еңіреп жылап, автокөліктердің астына түсуге шақ қалды. Адасып қалған бала екенін бірден аңғарып, дереу жанына жетіп бардық. Есімің кім деп сұрап едік, «Савелий» деп тіл қатты. Одан кейін ештеңе айта алмай, жылай берді»,- дейді қатардағы жауынгер Б.Оспанбеков. Олар тез арада кезекші топтың жетекшісі сержант Дмитрий Понченкоға хабарласып, болған оқиғаны баяндайды. Оқиға орнына келіп жеткен топ жетекшісі баланы №17-ші кезекшілік бөліміне жеткізеді. Ал қалған үшеуі өз қызметтерін ары қарай жалғастырып, баланың ата-анасын іздеуге кіріседі. «Жасыбай» сауда үйінің алдынан өткен-кеткен адамдардан сұрастырады. Сол маңда жарты сағаттан аса уақыт жүрген жауынгерлер сауда үйінің алдында жылап тұрған келіншекті көреді. 35-40 жас шамасындағы әйел дүкен аралап жүргенде баласын жоғалтып алғанын мәлімдейді. Жауынгерлер баланың табылғанын айтып, ананың ыстық ықыласына бөленеді.
Тараздық Б.Оспанбеков, маңғыстаулық М.Жолдасов және алматылық Р.Белялов осынау игі істерін ерлік деп санамайды. «Біз бар болғаны борышымызды адал атқаруға тырыстық»,- дейді олар. 5512 ішкі әскер бөлімінің жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Айбек Райсов: «Аталмыш іске белсене қатысқан жауынгерлерге 10 күндік демалыс жариялаймыз» деді. Осылайша қызметіне адал жас азаматтар қатардағы өзге жауынгерлерге үлгі-өнеге танытты.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

