...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...
Ерекше сабыр мен төзімге ие, сұлулық негізі - қазақ аналары жайында ақиық ақын Мұқағали Мақатаев осылай деп жырлаған. Расында, жер шарында әйелдердің еркектерден көп болуы - ерте заманнан белгілі жағдай. Қазіргі таңдағы әлемде нәзік жандылар өкілдерінің саны ер азаматтарға қарағанда басым екені аңғарылады. Ресми статистика бойынша Қазақстанда әйелдер еркектерден әлдеқайда көп екен. Атап айтқанда, бүгiнгi таңда республикада әрбiр мың ер азаматқа 1078 әйелден келетiн көрiнедi. Және бұл айырмашылық жас өскен сайын өсе түседi. Сөйтiп, 50–54 жаста әр мың еркекке 1185 әйелден, ал 60–64 жаста әрбiр мың еркекке 1390 әйелден келедi екен. Өйткенi, ер бала қыз балаға қарағанда көбiрек туғанымен, олар өмiрде көбiрек шығынға ұшырайды екен. Бұл ретте еркектерге ақыры өлiмге апарып соқтыратын аурулар, қылмыстар, жол апаттары көбiрек әсер ететiн көрiнедi. Нәтижесiнде, еркектер қатары 25–30 жастарда әйелдермен теңесiп, одан соң кеми түседi дейдi.
Біздің облыста бүгінде 746 мың тұрғын болса, оның 394,1 мыңы - әйел, яғни, өңір халқының 53 пайызын нәзік жандылар құрайды. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 6299 ұл бала және 6108 қыз бала дүниеге келген. Бір қызығы, оның алдындағы жылмен салыстырғанда ер балалар 3,9%-ға азайып, ал қыз балалардың саны – 2,3%-ға арта түскен.
Өңірдің әр саласында еңбек ететін қыз-келіншектердің саны 96,5 мың адамды құрайды. Оның ішінде отыз екі пайызы білім беру саласында, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуде – он бес пайызы, өңдеу өнеркәсібінде – он төрт, ал мемлекеттік басқару саласында небары тоғыз пайыздайы жұмыс істейді.
Бүгінде облыстағы әйелдердің орташа айлық жалақысы 52,5 мың теңгені құрап отыр немесе ерлердің жалақысына қарағанда 31%-ға аз. Бұның өзі де облыстағы қыз-келіншектердің қоғамдағы ролін көтеруді қажет ететінін білдірсе керек.
Әйел затының міндеті – сырттай қарағанда «от басы, ошақ қасы» секілді қарапайым көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, үй ішінің шаруасымен айналысып, бала-шағаны бағып-қағу, өсіру, ағайын-жұрттың береке-бірлігіне ұйытқы болу сияқты негізінен шаңырақтың құт-берекесін арттыратын ең бір маңызды істер әйелге жүктеліп, әр отбасының тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы да осы үйдегі ақ жаулықты аналарымыз болып келеді.
8 наурыз – ер азаматтардың назарынан тыс қалмайтын мерекелердің бірі. Осы күнді ақ шашты қариядан бастап жас жеткіншектерге дейін асыға күтеді. Бұл күн – біздің аналарымыз, жарымыз, әпкелеріміз бен қарындастарымызға, сүйіктілерімізге жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн. Ендеше, алдағы уақытта көктемнің ең бір шуақты әрі алғашқы мерекесі жалғасын тауып, өмір сыйлайтын асыл жандарымыздың саны арта берсін дейік.
Мұрат АЯҒАНОВ.


