Погон таққан нәзік жандыны кездестіру бір кездері қайран болып келсе, осы күні оған таңырқай қою қиын. Себебі бүгінгі таңда қазақ қыздары бойындағы ерекше қасиеттерін әскери қызмет саласында да көрсетіп, дәлелдеп келеді.
Өзін әскери тәртіпке салғандардың бірі - Айгерім Қалиоллақызы Сандыбаева. Ол Павлодардағы №6679 әскери бөлімінде қызмет етеді. Павлодар индустриалды институтының инженер-технолог мамандығын бітірген ол еңбек жолын бәрібір бала шақта армандаған саласынан бастапты.
- Әскери киім кигенді бала кезімнен ұнататын едім. Кейін милицияға барғым келді. Оған балаларым кішкентай болғандықтан ала қоймады. Бірақ кейін осындағы №6679 әскери бөлімге қызметке орналастым. Бұл 2002 жылы болатын, - дейді әңгімесінде ол.
Алғашқыда сап бөлімінің аға хаттаушысы болып қабылданған А.Сандыбаева кейін жеке құрамды тіркеу жөнінде жауапты орындаушы болып тағайындалды.
- Әскери қызметке келісімшарт негізінде келушілердің құжаттарын қабылдаймыз, Сонымен бірге, бір жылға міндетті борышын өтеуге келген сарбаздармен жұмыс істейміз, - дейді сержант.
«Әйел адамға, қазақ қызына осындай әскери қызметке қызығуға не түрткі, не себеп болды?» деген сұраққа ол былай деп жауап берді: «Жұмысқа кірісіп кеткен соң қиындыққа көндігіп кетесіз. Бір жағынан, онда еңбек ету оңай болмайтынын бұл салаға барарда бірден түсіндім. Басшылық қайда жіберсе де, қандай міндет тапсырса да, екі айтқызбай атқаруға міндеттімін. Бұйрықты бұлжытпай орындау жөнінде ант берген соң оған адал болу керек. Мұнда әйелдерге ер адамдармен бірдей көзқараста қарайды. Ер адамдар сияқты ату алаңына шығамыз, плацқа барып, сап түзеп жүреміз. Ең бастысы, Отан қорғау ісіне өз үлесімді қосатынымды мақтан етемін».
Өзіне жүктелген міндетті атқаруда уақытпен де санаспайтын әскери қызметшінің еңбегін басшылық та әрдайым бағалап келеді. Осыған дейін сержант А.Сандыбаева ҚР ІІМ Ішкі әскері Солтүстік құрам командирінен және №6679 бөлімінің командирінен қызметтегі сергектігі және адал еңбегі үшін грамоталар алған.
Айгерім Қалиоллақызы өзін отбасында да бақытты жанмын деп есептейді. Бір қызығы, отбасы мүшелері барлығы әскери қызмет саласын таңдаған. Жұбайы – Қайыржан әділет жүйесінде қызмет еткен, бүгінде зейнетке шыққан запастағы майор. Ұлы Тахир Қарағанды әскери мектеп-интернатын аяқтап, міндетті борышын өтеп келіп №6679 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызмет етеді. Қызы Динара шет тілі мамандығын игеріп, қазірде әділет саласында қызмет етуді бастаған. Жас әженің әңгімесінен өзіне ұқсайтын Айгерім есімді келіні мен Дияр атты немересін де аналық мейіріммен ерекше емірене сүйетіні байқалып тұрды.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

