Әйел адам өндірісті зауыттарда, әскери салада немесе билікте қызмет атқарса – таң қаларлық жағдай емес. «Жан-жақты жарасымды жетілген әйел жан-жақты жетілген еркекке қарағанда, әлдеқайда жоғары деңгейдегі адам» деген екен атақты философ Ф.Ницше. Бұл нақылдың жаны бар дегенге ешкім шүбә келтірмес.
Әйел мен ер-азамат - отбасының ғана емес, қоғамның да қос қанаты. Сондықтан, ер-азаматпен қабаттасып, биліктің биігіне өрмелеп, заманның талабына сай әйелдер қауымы өмірдің әр саласында белсенділік танытып, машақаты мол жұмыстың ауыртпалығына мойымай, қызмет атқарып келе жатыр.
Бізді «Қаламызда таксиші мамандығын меңгерген әйел заты бар ма?» деген сұрақ мазалады. Іздеп көрсек, шаһар тұрғындарын тасымалдаумен айналысатын елуге жуық таксопарктің бірнешеуінде ғана нәзік жандылар жұмыс істейді екен.
Қыз-келіншектерге «таксиші» мамандығы да жат емес. Павлодар қаласының тұрғыны Вера Рикликене – осы мамандықтың иесі. Бүгінде А-7 таксопаркінде қызмет атқарып жүрген оның көлік тізгінін ұстағанына санаулы айлар өтіпті. Тұрақты клиент жинап та үлгерген. Оның айтуынша, өз жұмысы барысында «таксиші әйел» деп таңдай қаққан қалалықтарды көптеп кездестіреді екен. Бір қызығы, әйел затына қиынға соғатын мамандықты таңдағанына Вераның отбасы мүшелері қарсы болмапты.
«Бұған дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық тамақтану қызметі саласында жұмыс істедім. Денсаулығыма байланысты жұмыс орнын ауыстыруға тура келді. Еш өкінбеймін. Кәсібім ұнайды», - дейді Вера.
Әңгімелескен – А.ЕСІМХАНОВА.

