
Наурыз- бүкілшығыстыңжаңажылы, жылбасы. Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурыздама» - деген.
«Наурыз тілегі» деген өлеңінде:
Жаз исі бүгін келді, жан жайланды,
Кешегі көрген бейнет артта қалды.
Өмірге жаңа жолдар ашатұғын,
Жаңа жыл - бүгінгі күн - жазды алды
- дейді.
Ақынның шығармалар жинағынан теріп алынған мысалдарға көңіл аударсақ: Наурыз деген кісі аты да болған.Наурыз қашып құтылып, он алты бала ат арқасында соңынан шұбырып жүрген соң...; Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен-деп бүкіл шығыс еліне ортақ жаңа жыл мерекесін дәріптей сөйледі; Парат саледе наурыздама той тамаша, Ғажап-жай Бұқараның рүкістаны, т.б. «Қобыланды батыр» жырынан: Қаз жайлайтын саздаймын, Наурыздан соңғы жаздаймын; Наурыз - март айы. Хорезми жырынан: Йүзүң - наурыз уа қашың - байрам айы, т.б.
Наурыз туралы айтылған пікірлерге ден қойсақ: Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп, той, тамаша қылады екен. Сол күні «ұлыстың ұлы күні» дейді екен.Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады... (А.Құнанбаев). Абайдың сөзіне қарағанда, наурыз мұсылман дініне дейін болған мейрамның бір түрі. Бұл мейрам - дін мейрамы емес, ұлт мейрамы (С. Дөнентаев). Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза (М.Жұмабаев). Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы - дейді (М.Дулат).
Жаңару айы
Наурыз сөзінің шығу этимологиясы да әртүрлі. Оның негізгі түбірі парсы тілінен алынған. «Нау» парсы тілінен аударғанда жаңа деген мағына береді.
Л.Будагов: «Парсы тілінде ноу (көне түрік. нэвъ деп айтылады), нау (ноу) түбір тұлғасынан жаңа, жаңалау, бүгінгі, балауса, алғашқы жеміс, жаңару дегенді білдіреді. Ал “наурыз” жаңа күн немесе жаңа жыл. Парсыларда 9 наурызда тойланатын жаңа жыл басы. Бұл күннің қой белгісіне түсуі, көктемгі тепе-теңдік, күзгі тепе-теңдік» – дейді.
В.Радлов: «Наурыз. - 1) жаңа жылдың бірінші күні (наурыз айы); 2) қырғыз есімі. Науруз – бай, Кені - Сары ақылдасты» - деп жазады.
Л.Рүстемов: «Жаңа күн. Наурыз: парсының күн тізбесі бойынша жаңа жыл күні, күннің торпақ белгісіне түсуі – 21 наурыз» - дейді. Л.Будагов пен Л.Рүстемовтың жазбасында алшақтық бар. Бірі - күннің қой белгісіне түсуімен, екіншісі - күннің торпақ белгісіне түсуімен түсіндіреді.
М.Ысқақов: «Наурыз атауы қазақ тіліне Соғда мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Бұл айды соғдалықтар наусарыз, хорезмдіктер наусарджи... - деген. Парсы аңызы бойынша, адам бұдан сегіз мыңдай жыл бұрын, фервердин айының бірі күні (хұрмұз күні) жаралған. Ол уақытта күн жазғытұрғы күн мен түннің теңелу нүктесінде болған. Осы аңыз бойынша, ежелгі парсылар бірінші фервердинді жыл басы деп есептеп, оны жаңа жыл күн-наурыз (нау-жаңа, руз-күн деген сөз) деп атаған. Сондықтан Иранда бірінші айдың бірінші күні наурыз - деп аталады да, қалған 11 айдың бірінші күндері хұрмұз» - деп жазған.
Үш наурыз
Л.Будагов өзінің сөздігінде: «Наурыз - түріктердің ұлттық календарлық мейрамы. Қырғыздарда үш наурыздың түрі бар: 1. көне наурыз - жалпы қырғыздық; 2. парсылық ноурузъ – тоғызыншы наурыз немесе көктас деп аталады. Бұл туралы мынандай аңыз бар. Бұхарда көктас болған екен. Ол бірер минутта өзінен өзі жұмсарады, сол уақытта пышақты қадап үлгеру керек, ал қадап үлгермеген жағдайда, ол тас қайтадан қатып қалады екен. Осы бұхарлықтардың аңызы самарқанттық түрі көк сұраудың пайда болуына әсер еткен сияқты. 3. Руы Байбақты. Сыйық сұлтан тайпасынан шыққан біреу қырғыздардың арасына, Түркістанға ескі наурызға теңестірілген 12 және 13 күндік жаңа күн санауды енгізген. Қырғыздар бұл стильді қатты қолдайды, Сыйық сұлтанның тайпасы бұны қатаң сақтайды екен» деп жазды. Жоғарыда Л.Будагов жазған үш наурыз қазақ ақын-жырауларының өлең-жырларында ұшырасады.
Мысалы, М-Ж. Көпеевтің ауыз әдебиетін жинаған үлгілерінде үш наурыз тіркесі кездеседі. Үш наурызды берейін, Сол үш наурыз өткен соң, Уадаға келгеймін; Бай үйінде жатады, Үш наурызға жұбанып; Қанша аяйтын жаның бар, Үш-ақ наурыз өткенде. Осы үш наурыздың халық метрологиясына қатысы барын С.Жанпейісова да кандидаттық диссертациясында атап өткен. Демек, үш наурыз деген, наурыз мейрамының бір жылда үш рет өткенін білдірмесе керек. Ол наурыз мейрамының түрлі өтілу сипатынан хабардар етеді. Наурызмейрамы кезінде «наурыз көже»; «наурыздық» дайындалған. «Наурыз көжеге» жеті тағамның түрін қосқан. Ә.Қайдар «Наурыз көже - қазақтың мұсылманның жаңа жыл мейрамында дайындалатын дәстүрлі тағамы» - деп жазды.
Аңыздар не дейді?
Қазақ арасында тараған Наурыз атының шығуы туралы аңыз көпке белгілі. Солардың бірі қазақтың бабасының аты Наурыз екен. Оның баласы болмаған. Өлер алдында Наурыз өзінің атын қалдыратын ешкімі болмағанын өкінішпен Әбдірайымға айтады. Әбдірайым оның атын «Наурыз көжеге» береді. Наурыз сол кісінің туған және өлген күні екен. Енді бір аңызда Наурыз өзінің атын ешкімге қалдыра алмайтыны туралы айтады. Ақсақалдар ақылдаса келе, жыл сайын Наурыз көже дайындап, құран оқып, дұға қайырады. Енді бірде Наурыз жылда өлетін жаман бейне ретінде көрінеді. Оның өлгеніне қуанған жұрт наурыз көже дайындайды. Бұл ислам діні иелерінің тілділерге қарсы жасаған әрекеті болса керек. Көптеген түркі халқының, оның ішінде қазақ елі Наурызды мифологиялық кейіпкермен байланыстырады. Жалпы, осы аңыз жайында Д.Кармышеваның «Земледельческая обрядность» - деген кітабында да жақсы жазылған. Б.Уахатовтың Наурыз халық өлеңдерінде де кеңінен орын алған деген ойына біз де қосыламыз.
Мәшһүр Жүсіп «Нұх Наурыз тарихы» - деген жазбасында «Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен, Ол кеменің тақтайын тышқан тескен» - дейді. Топан судың қаптағаны айдан анық екендігін айта келіп, әуеде құстан басқаның ұшқанын, суда балықтан басқаның жүзгенін көрдіңдер ме? – деп, міне, енді бұл күнде адамзат аэроплан жасап алып, құстай ұшпай ма, су астымен жүретұғын кеме жасап алып, дариялардан балықтай жүзбей ме?! Бұл уақыт өткен сайын, адамзаттың ақыл-ойы артылып, ғылым-білімнің күшейгені деп жазады. Топан судың болғандығын, үйіліп, төбе-төбе болып қалған құмдар: Қылыл құм, Қара құм, Жеті қоңырдың құмы т.б. айтады. Су астынан ең алғаш қылтиып көрінген тау - ол Ұлытау, тау тұңғышы болғандықтан Ұлытау атанған. Одан кейін тарбайып-тарбайып, адыр-бұдыр болып көрінген мен едім дейді - Тарбағатай мен Шыңғыс таулары. Ал су астынан көп жыл көрінбей тұншығып шыққан кенже тау – Баянаула. Баянауланың ұзындығы жиырма бес шақырым, көлденеңі – он бес шақырым. Бір өзінде жеті көл бар –дейді Мәшһүр Жүсіп.
Мәні мен маңызы жоғары
Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдасымен кемеге мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кеме Қазығұрт тауына кез болып, қара жерге тоқтаған. Өздерінің аман-есен қалғандарына қызық, мереке, той жасаған. Дәл осы күнді ай есебімен санағанда «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылады екен. Нұх пайғамбардың тұңғыш баласының аты Сам екен. Ғараб (араб), Ғажам – сол Самның ұрпағы екен. Біреуі - Ғараб деген ұрпағы ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны – «Ғашура күні» - деп, мейрам қылып ұстаған. Екіншісі - Ғажам жұрты жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале» жыл басы деп, мейрам қылып ұстаған. Мұның ұстап қалған күні наурыздың (М-Ж.) тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне дәлме-дәл болып шыққан. Қазақ мұны «Бұхар есебі» - дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты Ресей империясының құрамына қосылмайынша аумай, жаңылмай ұстап келген. Сол уақытта патшалар «Жаңа жыл тойы!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша беретін дәстүр болған.
Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен. Би Едіге Баянауланың бауырында жүз кісі болып, Қызылтаудағы Сәти тасында отырған Мырзақұл баласы Сәти мырзаға барып, наурызды қылдырамын деп атқа мінген екен дейді. Сәти (Тәти - М-Ж.) мырза үйде жоқ екен. Қансонар болған соң, бүркіт алып, аң аулауға шығып кеткен екен. Баяу деген бәйбішесі: “мырзаңыз ас-суды алып кеткен жоқ” деп, ас та төк, шаш та төк наурыздама қылыпты. Баяу бәйбіше Едігеге сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі наурыздама қылдыра келдіңіз. Ұдайы сегіз күн қылмаған соң, мұны қылуға не сәндігі бар? – деп сегіз күн күтіп сыйлап, бір күннен бір күнін асыра беріпті. Сәти (Тәти - М-Ж.) мырза алдырған түлкілерінің ішінде бір қара түлкісі бар, наурыздаманың үстіне келіп қалыпты. Қара түлкіні алғанына бір қуанып, «Наурыздама қылдырамын» - деп, Едігенің келгеніне екі қуанып:
-Бұл наурыздама Баяудікі болды. Мен ұрғашының наурыздамасына ортақтаспаймын! - деп, басы Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз, онан кейінгісіне: біріне түйе, біріне ат, жүз кісіден бір кісіні құр қоймай, ең аяғы атшыларға дейін бір-бір матадан үлестіріп: Міне, - менің наурызым! - деп, сый қылыпты. Наурыз жайын ұқтыратын кітаптың аты – «Салдама» дейді екен. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Амин!» - деп отыратын болған. Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!»-деп, басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қыстың күні: «Бұл жентіңізді қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз?-деушіге: «Шырақтарым, әлі Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып, босайды. Сонда бастаймын! Осы күнде қайыршықтай қап-қатты пышақ өте ме!» дейді екен. Мәшһүр Жүсіп: «Міне, мен осы жентті жасатып, дәл наурыз деген күн бастатып көрген кісімін. Айтқаны-айтқандай!» - депті. Қазақта «Наурыз» деген де кісі аты болған. Келін-кепшіктер атай алмай: «Ұлы күн» деп, «Ұлыстың ұлы күні!» деп кеткен. «Ұлыс» Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта: «Ұлыстың ұлы күні» - Наурыз.
Тобықтай түйін
Наурызға ислам дінінің ықпалы зор болған. Оның әсерін бүгін де байқауға болады. Қазақтар наурызды ата-бабасының аруағымен байланыстырады, құран қатым түсіреді, құрбандық шалады, өлген ата-анасының, туған-туыстарының басына барып, құран оқиды, т.б. Наурыз бен алас семантикалық мағынасы жағынан тығыз байланыста болған сыңайлы. Екі мейрам да табиғаттың (экологиялық) тазалығына қызмет еткен. «Алас» мейрамы кезінде, қуарған ағаштардың, шабылған талдардың орнына жаңа шыбықтар еккен, бұлақтардың көзін ашқан, ескі шөптерді өртеген немесе жаңа шабындыққа, жайылымға жер дайындап әдейі өрт қойған, оған қарама-қарсы өрт жіберіп, бүкіл алқап өртке оранбас үшін, қатаң реттеп отырған, оны «өртең»-деп атаған. Бір сөзбен айтқанда күзеуде, көктеуде, қыстауда үнемі алас жүріп отырған. Кейіннен алас өзінің ту бастағы мағынасынан сәл де болса айрылып, отбасылық мейрамға дейін төмендеген. Наурыз бен тәңір, ұмай мифтік жағынан тығыз байланысты. Сол сияқты наурыздың ұлттық мейрам болғанына қарағанда о бастағы көне атауы басқа болған сияқты. Мысалы, «Ұлыстың ұлы күні» - деген. Түркі жұрты да күн мен түнді, аспан мен жерді (Тәңір мен Ұмай) күннің өз өсін айнала отарып жерді айналатынын ежелден білген, жұлдыздардың (жұлдызшылар) ағысын, ағуын адамның өмірге келуімен байланыстырған.
Абай:
Күн күйеу, жер қалыңдық сағынысты,
Құмары екеуінің сондай күшті, - десе,
Мәшһүр Жүсіп:
Аспан көк – байы, Жер – қатыны – дейді.
Бұл – күн мен жерді образ арқылы суреттеу болғанымен, Ұмай мен Тәңір бейнесін ашып беруде таптырмайтын көркемдегіш тілдік құрал.
Демек, наурыз - түркінің атадан балаға жалғасып келе жатқан мейрамы. Ендеше, Мәшһүр Жүсіптің: «Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!»-деушілер... осы наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні» атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысу керек» - деген сөзі әлі де өзінің құндылығын жойған жоқ.
АйтмұхамбетТҰРЫШЕВ,
филологияғылымдарыныңдокторы,
С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры.


Пікірлер
RSS лента .