Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз Наурыз мейрамын барша халық тойлауда. Көпшілікке ортақ Ұлыстың Ұлы күні мерекесін облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья», «Регион.kz» газеттерін бір арнаға тоғыстырған Павлодар облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Аналитикалық ақпарат орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының ұжымы да сән-салтанатымен атап өтті.

Ұйымдастырушылар халқымыздың Наурыз мейрамын әсем ән, тәтті күй, мың бұралған бимен өткізу салтын ұмыт қалдырмай, арнайы әзірленген мерекелік бағдарламаны тарту етті. Облыстың бетке ұстар басылымдары шығармашылық ұжымының басын қосқан мерекелік шара ұлттық нақышта, жоғары деңгейде өтті. Той-думанды қызықтауға жиналған көпшілік мерекенің басты тағамы – Наурыз көжеден дәм татып, «Соқыр теке», «Қол күрес», т.б. ұлттық ойындар ойнады. Сондай-ақ ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртып, оны жас буын арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Тұсаукесер» салтынан көрініс қойылды.
А.ӘДІЛБЕК.

