Наурыз – Шығыс елі үшін ежелден-ақ ынтымақ пен ырыс мейрамы. Бұл күні – араздасу, харамдыққа жол беру – ауыр күнә. Ата-бабамыз ғасырлар бойы үзбей тойлап келген Наурыз мейрамы Кеңес өкіметінің кертартпа саясаты салдарынан 1926 жылы «діни мейрам» ретінде саналып, оны атап өтуге тыйым салынғанын қазіргі жас ұрпақ біле бермес. Ұлы мереке халқымызға тек 1988 жылы ғана қайтарылды. Қызыл империя тұсында халықтың Наурыз мейрамы туралы түсінігі аздау болды десек, артық айтқандық емес...
Қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт бола бастаған Наурыз мерекесін қайта жаңғырту мақсатында еліміздің бірнеше қоғам қайраткерлері атсалысты. «Лениншіл жас» газетінде С.Бердіқұлов тұсынан жыл сайынғы 22 наурызға арналған мерекелік нөмірді шығару дәстүрге айналған. 1986 жылдың 22 желтоқсанында осы газеттің бас редакторы болып белгілі журналист, қазіргі Уәлихан Қалижан бекітілді. Сейдағаңнан қалған жақсы дәстүрді одан әрі жалғастыра отырып, газет жаңа заман сұранысына орай ізденістер жасады. Соның бірі Наурыз мерекесін дінге ешқандай қатысы жоқ, жаңару, жаңғыру мейрамы ретінде Қазақстанға қайта әкеліп, халық кәдесіне жарату болды. 1988 жылы 4 ақпан күні “Тамырыңды терең жібер” деген атпен ақын М.Шахановтың сұхбаты жарияланған. Онда М.Шаханов Наурызды республиканы көгалдандыру идеясына ұштастырып, “Республика жастарына, жастарға ғана емес, аға буын өкілдеріне, ауыл ақсақалдарына, жергілікті партия, кеңес, шаруашылық басшыларына мынадай ұсынысым бар: жыл сайын март айында Наурыз мейрамын өткізіп отырайық. Сол күні бәріміз өзіміз тұратын елді мекендерде, қалаларда, ауылдарда ағаш отырғызайық. Сол күні әрбір адам көктемгі көңіл-күймен жаңару, жақсару лебін сезінсе,” деп ұсыныс жасаған. Қайта құру кезінде ұсыныс–пікірді кім айтпады. Сондықтан М.Шаханов Колбиннің өзіне кіріп, осы идеяны жеке түсіндіруге бел буған. Әңгімелері тек сөз жүзінде өтпес үшін, алдын-ала орыс тілінде хат әзірлеген. Бұл хатты қаншама жылдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан осы мекеме директоры Л.Дегитева тауып, баспасөзде жариялағаны да бар.
«Осы мәселе бойынша М.Шаханов ақпан айының соңында Г.Колбиннің қабылдауында болып, ұсынысының жақсы екенін, бірақ бюро мүшелерімен ақылдасатынын естиді. Г.Колбиннен шығып бара жатқанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Назарбаевқа жолығып, Наурызды «тірілту» туралы арнайы хат жазғанын айтқанда Н.Назарбаев қолдайтынын білдіріпті: «Басқа жазушылар да, өнер қайраткерлері қосылып, бірлесіп жұмыс істеп қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. «Наурызға» қаржы бөлу мәселесі Министрлер Кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме! Батыл кірісе бер!»,- дейді Н.Назарбаев қанаттандырып». (www.elgazeti.kz сайтынан)
1988 жылы республика басшылығы рұқсат берген соң, елдің әр түкпірінде Наурыз мерекесіне дайындық шұғыл басталып кетеді. Мереке бірнеше облыста, аудандарда, жоғары оқу орындары мен мектептерде аталып өтті. Қазақтың асыл перзенттері Т.Рысқұлов пен Т.Жүргеновтің замана қасіретін арқалаған жұбайлары Әзиза, Дәмеш апайлар мейрамға қатысып, көпшілікке көне тарих пен бүгіннің қайта жалғануындай әсер берген. Алматыда өткен Наурыз мейрамына түске таман жиналғандардың саны шамамен жүз мыңға жеткен екен деседі. Желтоқсан оқиғасынан кейін сескеніп қалған елдің бұл алғаш серпілісі еді. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы шаруашылықта еңбек ететін 28 ұлт өкілдері алуан нақыш өрнекті ұлттық киімдерін киіп, ойын-сауық ұйымдастырғанда нақ бір халықтар достығының көрмесін тамашалағандай әсер қалдырған.
Ал келесі жылғы көктемде Наурыз Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикаларында жалғасты. Еліміз ол мемлекеттерге үлгі болғаны белгілі. Ұлыстың Ұлы күні Қазақстанда 1990 жылдан бері ресми түрде тойлануда.
Осылайша қайта жаңғырып, жаңа заманға сай өз үндестігін тапқан Наурыз ешкімнің міндеттеуінсіз әр қазақтың мақтаныш етер, үкілі үміті мен арман-тілегіне ұштасқан, әркімнің жүрегінен, ішкі сарайынан орын алған шынайы мерекеге айналды. Дегенмен, мерекенің мәні мен маңызын әлі де болсын арттыра түсу қажет. Ұлыстың ұлы күнін ішкі жан-жүрегімізбен сезініп, қадыр-қасиетін түсініп, ізгі ниетпен қарсы алуға тырысайық. Ұлыс оң болсын, ағайын!
Әзірлеген М.АЯҒАНОВ.

