Былтырдан бастап, Шығыс дәстүрі бойынша жыл басы - Наурыз мейрамын Тұран даласын мекендеп жатқан түркі әлемі ғана емес, 200-ге тарта ел ұйысқан Біріккен Ұлттар ұйымы шеңберінде тойланатын болды. Аталмыш ұйым «халықаралық Наурыз мерекесі» қарарын бірауыздан қабылдап, 21 наурыз күнін әлемдік мереке ретінде белгілеп, оның бір ұлттың немесе мәдениеттің мерекесі ретінде ғана емес, бүкіл адамзат мұрасының құрамдас бір бөлігі екенін бүкіл әлем алдында айшықтап берді.
Қазақтың ақыны Олжас Сүлейменов 2009 жылы қыркүйекте Наурыз мерекесі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес құндылықтар мұрасының тізіміне енгізілгенін, БҰҰ қарарына байланысты дайындық шараларының сол кезде басталғанын, қажетті құжаттардың қорытындысы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына жолданғанын айтқан. БҰҰ Бас Ассамблеясынан тараған ақпарат бойынша Наурыз қарары Әзірбайжанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің бастамасымен қабылданғаны белгілі болды. Резолюцияның жобасын аталған ұйымға мүше мемлекеттер: Қазақстан, Албания, Ауғанстан, Әзірбайжан, Үндістан, Иран, Македония, Тәжікстан, Түрікменстан мен Түркия сынды елдер қарап шығып, өз ұсыныстарымен толықтырды.
Әзірбайжанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Акшин Мехтиевтің айтуынша, «Наурыз мерекесі - үш мың жылдан бері салтанатты түрде Балқаннан Орта Азияға дейінгі ауқымды өңірде аталып өтуде және өз бойына гуманизм, достық пен төзімділік сынды құндылықтарды сіңірген, халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды роль атқаратын мейрам».
Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түркі халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағына береді. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстан және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурызға сәйкес келеді. Осылайша, қазақ атам айтпақшы, Самарқанның көк тасы жібіген күн ерекше мейрам ретінде әлем алдында мойындалып отыр. Бұған біздің «бәрекелді!» дегеннен басқа, алып-қосарымыз жоқ.
Әзірлеген – Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

