Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесінің дастарқанында міндетті түрде Наурыз көженің болуы дәстүрге айналған. Халық арасында ол - тоқшылықтың белгісі деген ұғым қалыптасқан. Сол үшін осы күні әр отбасында қазан толы Наурыз көже пісіріліп, ыдыстар ернеуіне дейін айран-сүтпен немесе бұлақтың мөлдір суымен толтырылатын болған.
Наурыз - жыл басы болғандықтан, оны қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің деген наным бар. Сондықтан «жаңа жыл тоқшылықта, амандықта, береке-бірлікте өтсін» деген ниеттегі әр шаңырақтың дастарқаны жайнап, самаурыны қайнап тұруы тиіс екен.
Наурыз көжені жеті түрлі тағамнан пісіретіні баршамызға белгілі. Алайда, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, соңғы кездері ел арасында мерекелік дастарқанның басты асы - Наурыз көжені дайындаудың бірнеше әдісі кеңінен қолданылуда. Мәселен, кейбір аналарымыз алдымен қазан толы сүтті қайнатып, ол піскеннен кейін бетіндегі қаймағын қалқып алып, қыс бойы сақтаған сүрін салып 15 минуттай бетін жауып қояды. Аталған уақыт өткеннен кейін жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып тағы бір қайнатып алады. Сөйтіп, Наурыз көжені лезде дайындайды. Ал енді біреулері қазанға су құйып, ет, қазы-қартасын салып, шамамен 2 сағаттай қайнатады. (Алғаш қайнағанда сорпаның көбігі алынады) Ет піскен кезде оны сүзіп алып, сорпаға жуылған бидайды салып, 5 минут қайнатады да, бұдан соң арпа мен күрішті салып, тағы да 5 минут қайнатып, оған тарыны салады. Талғамына қарай тұз қосады. Осылайша, дәндер пісіп болды-ау дегенде оны оттан түсіріп, салқын жерге қояды да ұсақталып туралған ет пен айранды қосып, араластырады. Міне, бұл - Наурыз көжені пісірудің ел арасындағы екінші әдісі.
Көпті көрген көнекөз әжелердің айтуынша, Наурыз көжеге соғым басында сойылған қойдың басын, етін салып және оған жас ет қосып пісірсе, сондай-ақ айранды қолдан ұйытып қосса, өте дәмді болады екен.
Айта кетерлігі, елімізде Наурыз көжеге қатысты ырымдар да бар көрінеді. Айталық, халық жадында «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім сақталған. Сонымен қатар, дастарқан басында отырған үлкендер: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!» - деп бата беріп, ықылас-тілегін білдірген.
Жалпы, 22 Наурыз жыл басы ғана емес, сонымен қатар, достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі саналған. Бұл күні адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Сондықтан, осы күні Наурыз көжемен қатар, ауыл адамдары өгіз сойып, қазан көтеретін дәстүр болған. Мұның тарихына тоқтала кетсек, ежелгі жыл санаушылардың есептеуінше, үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктем кезінде аспан етегінен көрініп, ал жазда батып кетеді екен. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «қырық күн шілде» немесе «үркердің жерге түсуі» деп атаған. Көктем кезінде, яғни наурызда күн жолы үркердің үстімен өтіп, үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйіздері құсап күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді деген сенім бар. Осыған орай, халқымыз ертеде өгіз сойып, оның етін арнайы нарқазанда балбыратып пісірген. Бір қызығы, нарқазанның тарихы да жақсы ырымдармен астасып жатыр. Ежелгі сақ дәуірінде халық арасын алауыздық жайлап, ел татулығын тұман басқанда көсемдер келісіп, үлкен қазан құюға бұйрық шығарады. Алайда, қазан соғарлық мыс табылмай қалады да, бүкіл сарбаз жебелерінің мыс масағын жинатып, содан нарқазан құйдырады. Осы қазанда қайнатылған астан дәм алысқан араздасушылар өкпе-назын ұмытып, елде татулық орнайды. Осындай тайқазан, нарқазандардан қалың қауымға дәм татқызу үрдіске айналып, ол «шүлен тарату» аталып кеткен.
Кейін шүлен тарату ұғымы халық арасында кең қанат жайып, жай-күйі нашар отбасыларына, кедей-кепшіктер мен жетім-жесірлерге тегін дүние тарату, қызмет көрсету, қайырымдылық іс жасау сияқты адамдық қасиеттерді қалыптастырған.
Осылайша, иен даланы жаңғыртып, табиғат ананы еміренткен Наурыз мейрамы адамзаттың да жан-дүниесін нұрландырып, мейірімділік пен қайырымдылық шуағын төккен. Сонысымен де бұл мейрам - көпшілікті қуантқан шүлен тарату ғұрпымен мәнді, қасиетті Наурыз көжесімен дәмді, көңіл көтерер ойын-сауығымен сәнді болған екен.
Әзірлеген: Н.АҚЫТЕГІ.

