Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
****
Е, құдайым, жаздай бер.
Жаздай берсең, жазбай бер!
Е, құдайым, күздей бер,
Күздей берсең, үзбей бер!
Е, құдайым, қыстай бер,
Қыстай берсең, қыспай бер!
Е, құдайым, көктемдей бер,
Көктемдегі көгеріп
өскендей бер!
Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын.
****
«Жаз періште» - «Әз» кепті,
Әзден үркіп қар кетті.
Ақ қар, көк мұз жұтатқан
Наурыз келіп, жаз кірді.
«Жаз періште» - «Әз» кірді,
Күнеске қосып арқасын
Жан біткенге наз кірді,
Көже істеген келіндер,
Көпке жаққан елшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол,
Кірсе байқар көзді бол,
Ағайынға тұрар сөзді бол!
Қыстан қысыраладық
Жаздағыдай жадырамадық...
Өткен күн өзімен кетіп,
Келген күн жарылқасын!
Күнікей – наурыз жарылқасын!

