НАУРЫЗ – КӨКТЕМ, ТАМАША! Облыста Ұлыстың Ұлы күні аталып өтті

 

Шуақты көктемнің ұлық мерекесі - Әз Наурыз табалдырығымыздан аттап, төрге шықты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында аталып өткен Наурыз мейрамы ерекше сипатқа ие болды. Оның жоғары деңгейде өтуілуіне Павлодар қаласындағы көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар атсалысты.

 

«Көктем келді дегенше, Наурыз келді десейші»! Көгілдір көктемнің ұлық мерекесі аймағымыздың түкпір-түкпірінде тойланды. Павлодар қаласының орталық жағажайында нағыз халықтық мейрам салтанат құрды. Бұл күні алаң әсем безендіріліп, ерекше сұлу кейіпке енді. Мерекеге жиналған тұрғындар шат-шадыман көңіл-күйге бөленіп, бір-біріне құттықтау лебіздерін білдіріп жатты.

Бейбіт өмір мен берекенің, мейірбандық пен ізгіліктің бастауы болған Ұлыстың Ұлы күніне орай, облыс орталығының әр аумағында 94 киіз үй тігіліп, мейрамның сәнін келтірді. Ұлттық киім киген жас жігіттер мен қыз-келіншектерге қарап көзің сүйсінеді, көңілің өседі. Тербелген алтыбақан, күмбірлеген күй, мың бұралған бишілер өнері мерекені барынша айшықтай түсті.

Орталық алаңдағы мерекелік концертті облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев тамашалады. Мереке «Қош келдің, әз Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен ашылып, концертке ұласты. Қар еріп, көктемнің келгенін сахналаған өнерпаздар табиғаттың сұлуланып, жаңарғанын жеткізе білді. Бас сахнаның төріне қасиетті Хауа ана мен Қыдыр ата шығып, күн мен түннің теңелер шағындағы табиғаттың жаңаруы          туралы көрініс көрсетті. А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» атты шығармасын арқау еткен қойылым да көрермендер ықыласына бөленді. Биылғы мерекенің тағы бір ерекшелігіалаңға жиналған жұртшылық бір сәтте «Қара жорға» биін биледі. Кәрі-жастың барлығы бір адамдай атсалысқан би акциясы  халқымыздың мерейін асырды.

Бұдан кейін аймақ басшысы алаңдағы облыстық басқармалардың, кәсіпорындар мен компаниялардың сап түзеген киіз үйлеріне бас сұғып, облыс орталығындағы бірқатар шағын аудандарды аралады. «Достық үйі», Восточный шағын ауданындағы ардагерлер үйі, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының алаңында жайғасқан «ҚазТрансОйл» АҚ облыстық филиалының мерекелік шараларын тамашалады.

Наурыз - тегі басқа, тілегі бір көпұлтты еліміз үшін ұлт пен ұлтты жақындастыратын мереке. «Ырыс алды - ынтымақ» деген бабалар өсиетін жерге тастамай, «Достық үйі» қанатының астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан этно-мәдени бірлестік өкілдері облыс әкімін қазақы қонақжайлықпен қарсы алды. Бақытжан Әбдірұлы жиналған жамағатты жарқын мейраммен құттықтап, киіз үйлерді аралап, дәм татты.

Восточный шағын ауданының тұрғындары айтулы думанды шалқыған ән-күймен, мерекелік көңіл-күйде тойлады. Ондағы ардагерлер үйінде болған облыс басшысы ақсақалдармен жүздесіп, мерекелік лебізін жеткізді. Бұдан соң С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің той-думанын көрді. Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының алаңындағы сахна ұлттық нақышта безендірілген, көздің жауын алады. Оның маңына құрылған алтыбақандарда қыз-жігіттер Наурыз тойының сәнін келтіре ән шырқап, мерекенің ажарын аша түсті. Ертедегі нағыз қазақ ауылы іспеттес. Он бір ақ боз үйде дастарқан жайылып, есіктері айқара ашылған, қонағын құдайындай сыйлаған қазақтың бауырмалдығын тағы бір байқатты. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының маңында «ҚазТрансОйл» АҚ облыстық филиалының дүбірлі тойы салтанат құрды. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл жердегі халықты да назардан тыс қалдырмай, мерекемен құттықтады.

 

Шаттығымызды шетелдік қандастарымыз да бөлісті

Наурыз мейрамына Ресейдің Алтай өңірінен арнайы делегация келіп қатысты. Оның құрамында «Атамұра» қазақ мәдени орталығының өкілдері де бар. Делегацияны бастап келген қазақтардың орталық Кеңесінің төрағасы Қайыржан Досымбеков: «Ұлыстың ұлы күнін қазақ жерінде қарсы алу - біз үшін үлкен бақыт», дейді. Оның айтуынша, Алтай өңіріндегі қандастарымыз да Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтеді. Қ.Досымбеков бұл күні ұлттық салт-дәстүрлеріміз насихатталып, ұлттық ойындардың дәріптелетінін алға тартты. Павлодар қаласындағы Наурыз мейрамына Ресейдің Байғамыт ауылынан Сапарбек Маусымбаев бастап келген қандастарымыз көпшілік қауым алдында өз өнерлерін паш етті.

- Шет жерде жүрсек те, әз Наурыз мерекесін Қазақстан жерінде атап өтуді жөн санадық. Павлодар жеріндегі Наурыз тойына қатысу үшін қаншама қиындықтарды өткердік. Біз мұның бәрін қазақтығымыз, елдігіміз үшін жасадық. Бұл ретте қолдау көрсеткен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне айтар алғысымыз шексіз. Себебі, осы аталған екі ұжым байғамыттық өнерпаздарға барлық жағдайды жасады. Бүгін өнер көрсеткен Медет және Әділ есімді оқушылар, Қаранбаевтар мен Маусымбаевтар әулеті осынау ауқымды мерекені әрдайым есте сақтайтын болар,- деді С.Маусымбаев.

Қаламыздың орталығында өткен мерекелердің бір парасы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының алдында ұйымдастырылған шаралармен әрлене түсті. Қайырбаев көшесі бойында халыққа ұсынылған облыс қолөнер шеберлерінің  жасаған зергерлік бұйымдары, ұлттық нақышқа негізделген көркемөнер туындыларының көрмесі жиналған жұртшылықты ерекше қызықтырды. Көше бойына жағалай тігілген киіз үйлердің ауласында думанды әндер айтылып, қызықты ойындар ойналды. Сондай-ақ, кітапхана жүйесінің интеллектуалды ойын-сауық мерекелік бағдарламасы таныстырылды. Сонымен қоса, Ленин көшесіндегі қалалық ойын-сауық орталығының көпшілікке ұсынған мерекелік бағдарламасы мен ұлттық танымға негізделген сауықтары әсіресе жастар тарапынан қызығушылыққа ие болды. Осы орайда Ұлыстың ұлы мейрамын тамашалай келген қауымның өтіп жатқан мереке жайлы пікірі де айрықша болды.

Облыс орталығында өткен мерекенің тағы бір ерекшелігі павлодарлықтардың қуанышын бөлісуге Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Тамара Асар және Дильназ Ахмадиеваның келуі болды. Мерекелік әндерді шырқаған күміс көмей әншілердің өнеріне халық дән риза болысты. 22 наурыз күні кешкілік Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтті. Күнде келе бермейтін жұлдыздардың өнерін тамашалауға халық көп жиналды.

Осылайша, Ұлыстың ұлы күнінде ерекше шаттыққа бөленген павлодарлықтар келер жылғы Наурыз мейрамын аман-саулықта көруге тілек тілесті. Жаңа жылға жаңаша қадаммен басқан барша қазақстандықтар Наурыз мейрамын тағатсыздана күтетіні анық.

 

Ұлттық спорт ұлықталған ұлы күн

Павлодар қаласының орталық алаңына жиналған жұртшылықтың назары ұлттық ойындарға ауды. Көкпар тартып, теңге алған ер жігіттер көпшілікке нағыз қазақ халқына тән қасиеттерді паш етті.

Алдымен жағажайда ұлттық ат спорты ойындары өтті. Әсіресе, Павлодар қаласы мен Кенжекөл ауылы командаларының арасындағы көкпар ойыны қызықты өрілді. Нағыз жігіттерге тән додада  кенжекөлдіктердің мерейі үстем болды. Ағайынның жігеріне қанат бітірген көкпаршылар көрерменнің шексіз қолдау-қошеметіне ие болды. Ерекше атап өтерлігі, облысымызда ат спортына қызығушылық танытып жатқан жас өрендер қатары көбейіп келеді. Наурыз мейрамы күнгі көкпар тартысында өнер көрсеткен көкпаршылардың барлығы - қанаты қатаймаған жас өрендер. Жас болса да облыстың құрама командасында ойнап, тіпті Қазақстан ұлттық командасының намысын қорғайтын жігіттер баршылық. Солардың бірі – Досжан Баязғали. Ата-баба қанымен дарыған батырлық пен қайсарлықты бір бойына жинаған Досжан: «Ұлыстың ұлы күнінде көсілмегенде, қашан көсілеміз! Өзге ұлт өкілдеріне осындай үлкен жиындарда қазақтың ұлттық ойындарын көрсетуіміз керек. Жүрегі «қазақ» деп соққан барша азаматтар ұлттық құндылықтарымызды насихаттар болса, қазақтың қайсарлығын, батырлығын барша әлем мойындайды», - деді.

Жиналғандар тарапынан ерекше қолдауға ие болған спорт түрлеріннің бірі – кір тасын көтеру жарысы. Білектілердің жарысына қатысушылардың саны көп болды. Аруақ шақырған қандастарымызға жиналғандар қолдау көрсетіп отырды.

Ұлыстың ұлы күні ұлықталған қазақтың жілік сындыру, қошқар көтеру сайыстарын да ерекше атап өтуге болады. Арқан тартыс шарасы да қызықты өтті. Топ-топқа бөлінген командалар өзара мықтыны анықтап, қазақтың ұлттық ойындарын жаңғыртып жатты. Сондай-ақ, мейрам күні көңілді жарыстар да ұйымдастырылды. Барлық спорттық сайыстарға белсене қатысқан павлодарлықтар осынау мерекеден айрықша ой түйіп қайтқаны даусыз.

С.ЕЛІКБАЕВ,  ПМПИ-дің тәрбие ісі жөніндегі проректоры:

- Егемендіктің жиырма жылдығы қарсаңында тойланып отырған Ұлыс мейрамының жөні бөлек. Әсіресе, жылдағымен салыстырғанда киіз үйлердің көптеп тігілуі мен жастарды тарта білетін ойын-сауықтың көптеп өткізілуі көңіл қуантады. Бұл -  тамаша үрдіс. Олай дейтінім, мұндай шаралар халықтың Наурызға деген құрметі мен қызығушылығын еселей түседі. Бүгінде көпшілік алтыбақан тебу, аударыспақ пен қазақша күрес секілді қызық думанды тек осы төл мейрамымыздан тамашалауға асығады. Наурыз мейрамының мәнінің ашыла түсуі әлбетте көңіл қуантады.

С.СЕЙСЕНБАЕВ,  қала қонағы:

-  Ұлыстың ұлы күні құт береке әкелсін! Жылдағыдан ерекше түрде тойланып жатқан мерекеге қарап көңіл тояды. Халықтың көптеп жиналуы мен Ұлыс күніне деген ықыласын атап айтпасқа болмас. Әсіресе, жастар қызығушылығының жоғарылай түскені көрінеді. Біз мұндай ұлан-асыр мейрамымызбен мақтануымызға әбден болады. Елдің берекесі мен бірлігін нығайта түсетін бірліктің, достықтың,  тұтастықтың мейрамына айналған Наурыз - бар қазақтың болмысын өзіне сіңірген ұлық күн!

Б.Сайлаубай, студент:

- Наурыз жылдағыдан ерекше өтті. Әсіресе, біз секілді жастар бос алаңды кезбей, түрлі қызықты ойын-сауықтарға қатысып, нағыз мерекелік көңіл-күйде жүр. Меніңше, Наурыз – жастықтың, гүл көктемнің, махаббаттың мерекесі!

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының «Нұр» би ансамблінің ұжымы:

- Ұлыс күнi - татулық тойы, ынтымақ,  көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман шыққан жұрт, бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Жаңа жыл халқымыз үшін тек жақсылық пен ырыс-береке әкелсін.

К.ҚАРЫМСАҚОВ,  Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының әртісі:

- Жаңару мен жаңғыруды айшықтайтын Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Достық пен ізгіліктің мерекесі баршамызға ырыс-құт, баянды бақыт әкелсін. Наурыз мерекесін               бір адамдай атап өтіп жатқанымызға қуаныштымын. Жыл басы - Наурызға              толымды табыстарымызбен жеттік деп ауыз толтырып айтуға болады. Павлодар жұртшылығы үшін өткен жыл жемісті істер мен өміршең өзгерістерге толы болды.

 

Ақмарал ЕСІМХАНОВА,

Фархат ӘМІРЕНОВ,

Жарқынбек АМАНТАЙ

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 26 27
28 29 30 31